Өкпе қатерлі ісігі - әлемдегі ең көп адам өліміне әкелетін онкологиялық аурулардың бірі. Жыл сайын шамамен 1,8 миллион адам осы дерттен көз жұмады. Аурудың негізгі себебі - темекі шегу: жағдайлардың 85 пайызына дәл осы әдет себеп болады. Сондықтан темекіден бас тартуды ынталандыру - қоғамдық денсаулық сақтаудың ең өзекті міндеттерінің бірі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Осы мәселеге жауап іздеген Испанияның Сантьяго-де-Компостела университетінің және IARC Халықаралық агенттігінің ғалымдары батыл ұсыныс жасады: 2006–2010 жылдары туған азаматтарға темекі сатуды заң жүзінде шектеу. Олар мұндай шешімнің ұзақмерзімді нәтижесін модельдік зерттеу арқылы бағалады.
Зерттеу барысында мамандар алдымен 82 елдің көпжылдық статистикасын талдады. Кейін Global Cancer Observatory-дің 2022 жылғы деректерін пайдаланып, болжамды 185 елге кеңейтті.
Есептеу нәтижесі мынадай:
егер 2006–2010 жылы туғандар өмір бойы темекі шекпесе,
2095 жылға қарай өкпе қатерлі ісігінен болатын 1,2 миллион өлімнің алдын алуға болады;
бұл — аталған буында күтілетін өлім-жітімнің 40 пайызы.
Зерттеудің жетекші авторы доктор Джулия Рей Брандаристің айтуынша, темекіден бас тарту тек адам өмірін ұзартпайды, сонымен бірге денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық жүктемесін де жеңілдетеді. Өкпе қатерлі ісігін емдеу — ұзақ әрі аса қымбат емшара, әсіресе табысы төмен елдер үшін ауыр салмақ.
Ғалымдар өзінің еңбегі мінсіз емес екенін мойындайды:
талдау толық жаһандық деректерді қамтымайды — база 82 елмен шектелген;
электронды темекілер мен вейпингтің жылдам таралуы есепке алынбаған;
шектеу енгізілсе, нелегалды нарықтың өсу қаупі бар;
вейпингтің ұзақмерзімді салдары толық зерттелмеген.
Соған қарамастан, мамандардың пікірінше, тыйым толық нәтиже бермесе де, оның қоғамдық денсаулыққа әкелетін пайдасы айтарлықтай болады.
Темекісіз ұрпақ қалыптастыру идеясы алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Мәселен, 2022 жылы Жаңа Зеландия 2009 жылдан кейін туғандарға темекі сатуды заңмен шектеген еді. Бірақ бизнес пен темекі индустриясының қысымынан кейін бастама кейінге қалдырылды.
Испания ғалымдарының зерттеуі көрсеткендей, темекіге қатысты батыл шешімдер болашақта өкпе қатерлі ісігінен болатын өлім-жітімді айтарлықтай төмендетуі мүмкін. Бүгін қабылданған саясат онжылдықтардан кейін миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуы ықтимал. Денсаулық сақтау жүйелері үшін бұл — шығынды азайтып, адамдардың өмір сапасын жақсарту мүмкіндігі.