Ғалым, техника ғылымдарының докторы Дәулет Шейх-Әли-Тынышпаев АҚШ-та өмірден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы баспагер Бақытжан Бұқарбай хабарлады.
Дәулет Мұхаметжанұлы 1964 жылы И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтында «Мұнай және газ кеніштерін игеру» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шығады. Сол жылы Уфа мұнай ғылыми-зерттеу институтының қойнаудағы мұнай және газ зертханасының жетекшісі болып тағайындалады. Осы жерде 18 жыл тұрақты еңбек етіп, ғылыми жұмыстарын одан әрі жалғастырады.
1983 жылы Дәулет Мұхаметжанұлының бастамасымен қойнау және қойнаудағы газ іспетті сұйық магма құрамдарының коллекторлық қасиеттерін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу бөлімі ашылып, осы бөлімге жетекшілікке жіберіледі. 2001 жылға дейін тағы да 18 жыл құрамында 6 тәжірибелік зертханасы бар бұл бөлімге де жетекшілік етеді. Бұл жерде орындалған зерттеу жұмыстарының нәтижелері іздеу және барлау геологиясы, геология кәсіпшілігі, мұнай және газ өндіру мен дайындау, кеніштерді игеруді жобалау мен сараптау сияқты ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшін тиімді пайдаланылады.
Дәулет Мұхаметжанұлы – 150-ден аса ғылыми еңбектер мен авторлық куәліктердің иесі. Сондай-ақ ҚБТУ мен ҚазҰТУ-дың докторлық қорғау бойынша бірлескен диссертациялық кеңесінің де мүшесі болып сайланған.