30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыБір сәтте әлемдегі электр энергиясы өшіп, көлік қатынасы тоқтап, азық-түлік өндірісі әлсіреп, тіпті күн сәулесі жерге бұрынғыдай түспей қалса не болады? Мұндай сценарий фантастикалық фильмдерге ұқсайды. Алайда ғалымдар жаһандық апаттың түрлі нұсқаларын зерттеп, осындай төтенше жағдайда қай елдердің өмір сүруге бейімділігі жоғары екенін анықтаған. Global Challenges ғылыми журналында жарияланған зерттеуде мамандар ғылыми еңбектерді саралап, әлем елдерінің жаһандық катастрофаларға төтеп беру мүмкіндігін бағалаған. Нәтижесінде ең тұрақты мемлекет ретінде Аустралия танылды.
Зерттеушілер қандай қауіптерді қарастырды?
Ғалымдар жаһандық апаттарды үш негізгі топқа бөлген. Біріншісі – Жерге түсетін күн сәулесінің күрт азаюы. Бұған аса қуатты жанартау атқылауы, ядролық қыс немесе ірі астероидтың Жермен соқтығысуы себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда атмосфераға көп мөлшерде шаң мен күл көтеріліп, күн сәулесін бөгейді. Соның салдарынан температура төмендеп, ауыл шаруашылығы зардап шегуі ықтимал.
Екіншісі – маңызды инфрақұрылымның жаппай істен шығуы. Мысалы, электр энергиясының өшуі, көлік жүйесінің тоқтауы, азық-түлік өндірісінің бұзылуы. Мұндай жағдайға қуатты геомагниттік дауылдар, ауқымды кибершабуылдар, пандемия немесе жоғары атмосферадағы ядролық жарылыстан туындайтын электромагниттік импульс себеп болуы мүмкін.
Үшіншісі – жаһандық биологиялық қауіп. Яғни COVID-19-дан әлдеқайда жұқпалы әрі қауіпті пандемияның таралуы, зертханадан қауіпті патогеннің кездейсоқ шығуы немесе биологиялық қарудың қолданылуы.
Қай елдер мұндай жағдайда төзімді?
Зерттеушілер елдердің тұрақтылығын бірнеше көрсеткіш арқылы бағалаған. Олардың ішінде мемлекеттің географиялық орналасуы, азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етуі, басқару жүйесінің сапасы және инфрақұрылымның орталықсыздандырылуы бар.
Осы талаптардың жиынтығы бойынша бірінші орынға Аустралия шыққан.
Мұның басты себептерінің бірі – елдің географиялық оқшаулануы. Аустралияның арал-континент болуы сыртқы әлемнен қажет болған жағдайда шекараны бақылауды жеңілдетеді.
Екіншіден, елдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі жақсы дамыған. Яғни халықаралық сауда бұзылған жағдайда жергілікті ресурстарға сүйенуге мүмкіндігі жоғары.
Үшіншіден, Аустралияда ірі өнеркәсіп пен тау-кен секторы бар. Сонымен бірге зерттеушілер елдегі демократиялық институттар мен басқару жүйесінің тұрақтылығын да маңызды артықшылық ретінде бағалаған.
Зерттеу авторы, неміс экологы Флориан Ульрих Йен Аустралияның бай мемлекет болуы, ішкі өндірісінің дамуы және тұрақты демократиялық жүйесі оның жаһандық дағдарыстарға төтеп беру қабілетін арттыратынын айтқан.
Аустралиядан кейін Жаңа Зеландия, Жапония, Швейцария және Аргентина да тұрақты елдердің қатарына енгізілген.
Дегенмен олардың әрқайсысының әлсіз тұстары бар. Мәселен, Жапония мен Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттер сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Жағалау сызығының ұзындығы оларды цунами қаупіне де осал етеді. Швейцария бұл тұрғыдан қауіпсіздеу болғанымен, ол да халықаралық саудаға тәуелді.
Аустралияның өзі де мінсіз емес
Ғалымдар Аустралияны «апаттан толық қорғайтын мекен» деп атаған жоқ. Елдің де маңызды әлсіз тұстары бар. Мысалы, Аустралия жанармай, дәрі-дәрмек және тыңайтқыш секілді кейбір қажетті ресурстар бойынша халықаралық саудаға тәуелді. Егер әлемдік логистика ұзақ уақытқа тоқтаса, бұл фактор елге қиындық туғызуы мүмкін.
Сонымен қатар ешбір мемлекет табиғи апаттардың, пандемиялардың, ғарыштық қауіптердің және инфрақұрылымдық күйзелістердің барлығынан бірдей қорғана алмайды.
Сондықтан зерттеушілердің негізгі қорытындысы – Жер бетінде кез келген жаһандық апаттан толық қауіпсіз орын жоқ. Аустралия тек түрлі қауіптердің жиынтығын ескергенде төзімділігі ең жоғары мемлекет ретінде бағаланған. Яғни адамзат үшін ең қауіпсіз мекенді бір ғана географиялық нүктеден іздеу қиын. Нағыз қауіпсіздік елдің табиғи орналасуымен қатар, оның азық-түлік қоры, экономикасы, басқару жүйесі және дағдарыс кезінде қоғамның қаншалықты ұйымдаса алатынына байланысты.
Айта кетейік, осыған дейін Непал мен Қытай шекарасында алапат су тасқыны болған еді.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды