Ғайып болған қырық ер...

20 Қыркүйек 2017, 18:59 30026

Қазыналы оңтүстіктің таңғажайып сырлары

Ғайып болған қырық ер немесе

Ғайып Ерен Қырық Шілтен

«Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деген төрт сөзден құралған атаудың көне түрікше аудармасы «Ғайып болған қырық ер» деген мағынаны береді екен. 

Ел арасында Ғайып Ерен Қырық Шілтен туралы ауыздан ауызға тарап жүрген аңыз-әпсана өте көп. «Қазыналы оңтүстік» жинағына енген аңыздардың бірінде: «Ел арасындағы аңыз-әпсаналарға қарағанда, бағзы заманда бір сахабаның баласы жанына серіктерін ертіп, барлығы қырық кісі болып, қасиетті жерлерді аралап, түнеп, зиярат етіп кете беріпті. Ол кісілер Қазығұрт тауы баурайына барып, қазіргі Әңгірата ауылына жақын тұста орналасқан тасқа түнеп, соны мекенжай етіпті» деген дерек кездеседі. Тағы бір аңызда олардың атын «Ғайып Ерен Қырық Шілтен»  деп атаса, екінші бір әңгімеде «Қызыр Ата Қырық Шілтен» деп атаған екен.

«Қазыналы оңтүстік» жинағында: «Қазығұрт бөктеріндегі жергілікті халық әлгі қырық кісіні ғайыптан пайда болған әулиелер, олардың топтастырылып айтқандағы аты – шілтер деп түсенді. Содан ол жер «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп аталып кеткен. Расында да бұл атаудағы «Шіл» сөзі парсы тілінде «қырық» дегенді білдіреді. Қиялау беткейде көне қамалдың жұрнағындай болып қақа бөлініп тұрған тас Нұх пайғамбар заманынан бастап тарих куәсі болып мызғымаған қалпымен әлі де тұр. Талай ғасырлар бойы табиғаттың дүлей мінезіне шыдап, мүжілмей келе жатқан қасиетіне қайран қаласың. Қазығұрттың басына тоқтаған Нұх пайғамбардың кемесімен байланыстырыла айтылатын әулие Ғайып Ерен Қырық Шілтен халық ауыз әдебиеттерінде, батырлар жырында, көптеген діни кітаптарда адамдарға септігі тиген әулие, тылсым күш иесі ретінде сипатталады. Әсіресе, әулие туралы «Мұңлық-Зарлық», «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы» жырланрында көп айтылады. Аталған жырларда бұл Ислам дінімен ұштаса келген алғашқы элемент екенін бағамдау қиын емес. Қырық шілтен (яки Иран – Ғайып) ең алдымен Хорезм, Орта Азияда туады. Ертедегі Шашты Әзіз, Қорқыт культімен байланыста болған. Толстов өзінің «Древний Хорезм» еңбегінде «Қырық Шілтен» кейін сопылық культіне айналған мазһаб болған, олар Орта Азияда қырық-қырықтан ұйысып, ресми дін, саяси тәртіппен жасырын күресекн. Өздерінің құпия орындайтын салттары болған. Иран шілтендері өздерін жеті пір деп атаған» деген қызықты мәліметтер ұшырасады.

«Шілтен» – шырақшы деген сөз. Бұл туралы Толстов «Древний Хорезм» жинағында: «Шілтендер күндіз мешітке барып, түнде мазарларда болған, шөл кезіп, жол тосқан, молдаларды өлтірген, жолаушыға болысқан, шөлде оларға соқпай өтетін жан болмаған. Екінші жағынан олардан қорқуға да болады» деп жазған.  Осыған ұқсас аңызды орыс ориенталисі Андреев Түркістан ауданынан да жазып алған деген дерек бар. Шілтендер жақсы жұлдызшы, уақытты аймен санаушы балгер болған. Жұрт шілтендерге жалбарынған.

Тарихи деректерде суфизм оқуын тұтынғандар Орта Азияға дәруіш, шілтен түрінде келе бастаған. Өздері жеке-жеке топ болса да, әлденеше жүз мың диуана болып жүрген. «Ғайып – Иран шах Абаз» дейтін қиссада Үргеніш патшасы да соларға қосылып «Ғайып болған». Сол негізде Орта Азияның Қазақстанға қараған шетінде «Ғайып – Ирандар» (суфизм) поэзиясы туған деген деректер кездеседі. Оның басты өкілдері – Арыстан баб, Бақырғани, Иасауилер деп айтылады. «Түркістанда Түмен баб, Отырарда отыз баб, Сайрамда бар сансыз баб» дейтін сөздер содан қалса керек.

Тағы бір тарихи деректерге сүйенсек, «X-XII ғасырларда бүкіл суфизм оқуының орталығы – Сыр бойы (Түркістан) болған еді. Қырық Шілтендер Иран жеріндегі ассасиндер мазһабына ұқсас болған. Сөйте тұрып, өздері Орта Азияға Ислам дінін таратқан. Шыңғыс хан дінге қарсы күрес жүргізбегендіктен, шілтендер даланың талай жеріне барған. Басында шілтендер культі зороастризмнен туса керек. Өйткені, шілтендер де молаға, мазарға жиналып, түні бойы 40 жерден шырақ жағып, зікір салатын болған. Парсыша «Шахл» шырақ. Сонда бұл үрдістің дін қастасы ортасында туған исламдық салт, ұғым, мистицизм болғанын айыру қиын емес» деп жазылады.

Ал, Берікбай Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» атты кітабында: «Ислам дінінде «әруақ» деген ұғым бар. Араб тілінде «әруақ» – «рух» деген сөздің көшірмесі. Халық ұғымында «әруақ» деген сөзге «қасиетті» деген мән-мағына сіңген. Мынау тылсам дүниеде әртүрлі себеппен, әртүрлі мақсаттармен өлмей тірі қалған «әруақтар», яғни, әулие адамдар болған.«Ғайып Ерен Қырық Шілтен – арабтың, көне түркінің және парсының сөздерінен құралған ғажап тіркес. Арабтың «Ғайыбы»– «жоқ болып кету», «көзден тасалану», «құдайлық іс», «адам» деген мағынада жұмсалса, «Шілтен» парсы тілінде «қырық тән» немесе «қырық дене» ұғымын береді. Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің тікелей өмірге келуіне әл-Фарабидің тетелес замандасы, арабтың аса көрнекті ғұламасы әл-Ғазали себепші болған» деген дерек келтіреді.

Тағы бір аңызда «Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиелер құрамындағы адамдар өз ажалынан өледі, бірақ көп ұзамай оның орны лайықты мұсылмандармен толықиырылады. Ел ішінде «Бір ит соңынан қалмай жүріп, Ғайып Ереннің құрамына өтіпті» деп айтылады. «Әулиелердің ұлықтары Ғайып Ерен Қырық Шілтенмен бірігіп намаз оқиды екен» деседі.

Тағы да Шілтер һақында

Әдебиетші Құралбек Ергөбек «Тағы да Шілтер һақында» атты еңбегінде «Түпкі тегі бір мұқым түркі халықтарының тәуап қылып, зиярат ететін, сонау ескі қадім заманнан ұлық әулие болып саналатын қарт Қазығұрт тауының төңірегінде қасиетті орындар көп. Солардың бірі – Шілтер Ата әулие. Киелі таудың солтүстік тарабындағы биік жотаның бүйірінен орын тепкен нақ осы аталмыш әулиенің Ата тасы мен Ана тасы аспанмен таласқандай болып алыстан менмұндалап көз тартады. Әсілінде біз сөз етіп отырған әулие орынның аты – Шілтер Ата. Алайда бұл әулие жөнінде, оның атауы жайында басқашалау түсініктің белең алғанына біршама уақыт өтті. Ендігі жерде ол халыққа Ғайып Ерен Қырық Шілтен деп жаңсақ танылып, атауы турасында өзіндік қалыптасу кезеңін аяқтап отырғанға ұқсайды. Көнекөз қариялардың айтуынша, төрт тараптағы мұсылман жұртына әйгілі әулиелер – Ғайып Ерен Қырық Шілтен кәдімгідей тірі адамдар болып есептеледі. Ал Шілтер Ата әулиені Ғайып Ерен Қырық Шілтен деп тану – жаңсақтық болады. Шын мәнінде Шілтер әулениенің өзі жеке бір тұлға. Ғайып Ерен Қырық Шілтен дейтін атауды иеленген тірі адамдар – одан өзге бөлекше әулиелер» деп жазады. Шежіре мен ауыз екітарихи әңгімелерді көп жинақтаған төлебилік Ереген Ағыбайұлының қолында сақталған көне қолжазбада: «Ақбура Ата Қаңлы еді, Шілтер Ата Үйсін еді» деген сирек мәлімет айтылыпты.

Қамзабек Мықтыбекұлы өзінің «Қазанат» атты кітабында былай деп жазған: «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» – кәдімгі тірі адамдар. Жасы келгеннен кейін өледі. Тірі адам есебінен толықтырылады. Талап-тілектерге сай келсе, мұсылман болса, ұлтына қарамастан кез келген адам Шілтен бола алады».

Ғайып Ерен Қырық Шілтен дегенміз тірі адамдар һәм ұзын саны қырықтан не кем емес, не артық емес әулие кіслер екен. Олар Шілтер Атаны ғана емес, киелі таудағы Қазығұрт атаны да, Ақбура атаны да, Көзді атаны да, Мейрам ананы да, Кемеқалғанды да, осылар секілді төрт тараптағы өзге әулиелердің барлығын да мекен, тұрақ етіп, қасиетті орындардың киелілігін көтеруге септігін тигізіп, адамзат баласын желеп-жебеп жүр деп түсінген жөн.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен – қасиетті мекен

Ғайып Ерен Қырық Шілтен қысылған шақта, тар жол, тайғақ кешуде ғайыптан ақыл-айла, күш жіберіп сүйеуші күшке, кереметке ие деген түсінік бар халық арасында. Бұл туралы аңыз-әңгімелер көп. Халық Арыс өзенінің жарлауық қабағына немесе Төлеби ауданындағы Бұлақшы жартас қойнауына, қаражамбас Қазығұрт тауының солтүстік-батыс етегінде орналасқан тас мүсіндерге барып, «әулие» деп тәу етеді. Бұл жерлерді қасиетті мекен деп біледі. Соңғы кездерде «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп жазыла бастады. Соның бірі – қасиетті қаражамбас Қазығұрт тауының етегінде, қазіргі Төлеби ауданына қарасты Кемеқалған әкімшілігі аумағында орналасқан «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» киелі орны.

Атақ-даңқы сонау тарих қойнауынан бастау алатын бұл жерге дүниенің төрт бұрышынан жанына дауа іздеп ағылатын көпшіліктің қарасы көп. Түрлі сырқаттан мұңға оранған жандар, бала көтере алмай жүрген әйелдер, өмірде жолы болмаған пенделер сондай-ақ тілек тілеп, рухани тазаруды ниет еткен дені сау жұрт әулиеге зиярат етеді. Алладан медеу тілейді. Мұндағы топырағы қызғылтым төбедегі жақпар тастардың әрқайсысының өз атауы, қасиеті, ішіне бүккен тылысм сыры бар. Оларға ғайыптан қуат сіңген деседі. Бірі көп дәрежеде, бірі аз дәрежеде адам тағдырына араласа алатын күштерден, әулиелерден қалған қасиетті таңбалар дүниеге өріс таратады. Биологиялық өрістерге ие болу үшін мұнда келген адамдар түрлі-түрлі шарттарды орындауы керек.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен киелі орынының жолбасшылары зиярат жасаушыларға ғажайып мекенмен таныстыруды үш көзден шығатын бұлақ жанынан бастайды. Ел әңгімесіне құлақ түрсек, «үш көзден шығатын бұлақ суының біріншісі – көз, екіншісі – ентікпе, өңеш, жұтқыншақ, асқазан, үшіншісі – жүйке ауруларына емдік қасиеті бар екен» десе, екінші бір әңгімеде: «Шілтер Ата әулиеге бара қалсаң, алдыңнан қатарласа ағып жатқан үш бұлақ шығады. Біріншісі – Шұрық бастау, оның суы құлақ ауруына, екіншісі – Өңеш бастау, ол кеңірдек пен тыныс жолдарына ем. Үшіншісі – Көз бастау, бұл көзі ауырғандар үшін шипалы көрінеді» дейді. Үш бұлақ суының қасиеті бір-біріне ұқсамайды деп айтылады.

Келесі бір аңызға назар салсақ, «Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің құрамына енген әулиелер су ішкен бұлақты – Қошқар ата, Ықылас бұлақ, Ниетті бұлақ деп атаған. Үш түрлі бұлақ суы шығыстан – құлақ, оңтүстіктен – өңеш, солтүстіктен – көз болып ағып жатады. Ағып жатқан бұлақ суының үш түрлі дәмі бар. Ал әулиелердің түнеген үңгірлері Мүшірәб ата, Сайрам, Үшбұлақ» деп бірін-бірі толықтыра түседі. Сондай-ақ «Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған жерге ілгерідегі көне жол Сайрам –Қарақуыс бел асуы арқылы барып, жоғарыда аталған бұлақтардан су ішіп, үңгірлерге үш рет түнесеңіз қажылыққа бір рет барғанмен тең» деп әулиенің қадір-қасиеті мен киелілігі жайлы айтылған әңгімелер ел арасында көп айтылады.

Солардың бірінде, Ғайып Ерен Қырық Шілтен бұл күндері жылан кейпіне кірген. Ол тек жүрегі таза, ниеті ақ адамдарға ғана көрінеді. Оны көрген кісінің көп ұзамай бақыты ашылып, керемет әулиенің дәреметіне жолығады. Бұлақ басындағы диірмен тасына ұқсас белгілерді «Әулилер қолдап, аянмен теріліп әкелінген» деген түсінік бар. Басты белгілердің бірі – босаға белгісі. Одан өткен әр адам: «Бисмил-лаһир-рахманир-рахим. Ниет еттім.Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің оң ізділігіне (ұлына), сол ізділігне (қызына)» деп, оң аяқпен аттап сәлем беру шарт. Бұл белгі қыз балаға қарағанда, ұлдардың жолының үлкендігін аңғартады. «Атадан ұл туса, өзінің қалғаны, атадан қыз туса, ізінің қалғаны» деген мақал осыдан қалса керек. «Ғайып Ерен – күш-құдірет, Қырық шілтен – көзге көрінбейтін қырық бір ата, – дейді көнекөз қариялар, – Қырық бір атаның біріншісі осы босаға. Осы арадан босағаның берік, шаңырақта ынтымақ-берекенің болуын сұрайды. Өйткені, ұл бала үйленіп, қыз бала тұрмыс құрады. Солардың ынтмағы мен бақытын сұрайды. «Өлі риза болмай, тірі байымас» дегендей, «Бисмил-лаһир-рахманир-рахим» деп босаға тасынан оң аяқпен аттап, осы босағадан қайта шыққанша әркім бала-шағаның аман-саулығын, жалпы келешегін, арман-мақсатын сұрайды екен.

Босағадан ішкен енгеннен бастап, бойыңызға ерекше жылу кіреді. Әр адам өзіне қажетті тілегін іштей ойлап, тілейді. Одан әріректе тастардың арасынан өсіп шыққан жалғыз түп тұт ағашы бар. Оны «Ұлдар апаның қасиетті тұт ағашы» деп атап, киелі санайды.

Зиярат етушілер босағадан атағаннан кейін қасиетті тұт ағашына тоқтайды. Бұл жерден тамырланып өсетін жеміс-жидек, дән-дақылсыз адамзатқа күн жоқтығын білдіреді екен. Келушілер ағашқа құран оқып, дұға жасайды. Содан кейін жоғары өрлеп, биіктігі он метрге жуық, ұзындығы жиырма метрдей, бастары шығысқа қарай ұйысып жатқан Ата мен Ана деген екі алып тасқа келеді. Бұл жерде еркек – жел, дауыл, от, суға шыдамды, әйел затының пірі, қорғанышы. Ата Ананы қорғап тұр. Тастағы мың сан тесіктер Ананы оттан, судан қорғаған Атаның қырық тесік шапанын білдіреді. Ал Ана – үй үшін жаралған, ана – от басы, ошақ қасына байланған. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазаннан аумайтын белгі бар. Бұл – «Төрт құбыла түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын!» деп тілек тілейтін жер.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулие жайлы халық арасында «Жапсарлас тұрған екі алып тастың арасынан адамдар өтеді екен, күнәсі қыруар пенде тас арасында қысылып қалып, күнәсі аздар өтіп кетеді, тас арасынан жылан, арыстан секілді қорқынышты елестер көрінуі мүмкін, қысылып қалғандар құрбандыққа мал атап, әрең босайды екен» деген әңгіме бар. Бұл киелі жердегі ең негізгі зиярат рәсімінің бірі Ата және Ана аталатын бір-біріне сүйеніп тұрған екі алып жартастың арасынан тілді кәлимаға келтіріп, оң жақ иықты алға салып бір қырымен өту болып саналмақ. Көпшілік негізінен осы тастың алдына зиярат жасап түнейді. «Ата мен Ана тасы арасынан өтейін, бойымдағы ауыртпалығымнан сейілейін!» деп, ниет етіп шыққан кісілер ғана тастар арасындағы ғажайып жайдан еркін өтеді. Мұнда келушілер көңілінде жүрген тілектерін іштей айтып, тілін кәлимаға келтіріп, оң жағымен бір қырындай өтеді. Бойында кешірілмейтін күнәсі бар күнәһар адамдар адамды тастар қыспаққа алып, ол адамның жолын әруақ байлайды. Не болмаса алдынан қорқынышты үрей шығып немесе жылан болып әлгі күнаһар жанды кері кетіруге ықпал жасайды.

Ондай жағдайда ол адам тәубаға келіп, құран оқытып, қайыр-садақасын атағаны дұрыс. Бұл туралы шырақшылар: «Ата мен Ана арасынан өте алмай қалатын екі жағдай бар, бірі – алдарынан Қыдыр ата жылан кейпінде кездесіп қалуы мүмкін. Ондайда «Менен алыста ғой, әншейін құйрығы не болмаса арқасы ғой» деп өтіп кетпей, тілді кәлимаға келтіріп, кейін қайтуы керек. екінші жағдайда, Ата мен Ана басыңнан, кеудеңнен, не аяғыңнан қысып қалады.

Ата мен Ана арасынан өте алмағандар немесе өтуге жүрексінгендер Атадан «Желеп-жебей көріңіз!» деп, тілек айтып Ата бауырынан өтеді. Атаның бас жағына келгенде ер адам: «Ата, оң іздігің сәлем беріп тұр» деп, бес саусақтың орны қалған таңбаға саусақтарын тигізіп, ишарат етеді. Әйел баласы тек қана иіліп сәлем жасайды. Зиярат етушілер осы тілектен соң, ана бетіне өтеді. Ана бетінде ана шарасы, ана нәрестесі, ана сүті, ана қамырының белгілері бар.

Келгендер оларға тәу етіп, қалғандары Ананың анар сүтінен сипалап, құмын шүберекке түйіп алады. Оны қасиетті деп санап, көбінесе балаларға тұмар етіп тағады немесе үйде жоғарыға іліп қояды. Бұл белгілер әйел баласының не нәрсеге ие болуы керектігін аңғартады. Ата мен ананың орта шенінде ошағы бар, сол «Ошақта космостық белгі бар» деседі. Және Ана тастың бетінде жас нәресте қолының, аяғының іздері бар.

Осыдан кейін тәу етіп келушілер Ғайып Ерен Қырық Шілтендегі Құран оқитын жайға барады. Бұл жерге келген адамдар барлық ата-бабаларына, өлі аруақтарға құран бағыштайды. Одан кейін Қуаттылық жылу белгісі, «ол адам бойына ізігілік, шапағат нұрын құяды» деседі.

Әулиеге деген құрмет

Осы қасиетті орынды Балақыз ана Балқыбекқызы жастайынан құметтеп, Ғайып Ерен Қырық Шілтен қауымдастығын ашады. Әулие төңірегіне ағаш егіп, Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған жайға бара жатқан жолдағы су шайып кеткен босаң жерлерге тас төсетеді. Жас кезінен Қазығұрттың бауырында Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің жылуын, шапағатын сезінген Нақыпбайұлы Нқрмахан да Балақыз ананың ісін жалғастырып, әулиенің жан-жағын мал кірмейтіндей қоршапты. Ағаш отырғызып, тал егіп, аяқасты қылмау жолын қарастырыпты. Алдына 1993 жылы жарық әкеленіп, 1993 жылы 5 шілдеде әулие орынға барар жол салынады, жанына ағаш егіледі. Және қасиетті орынды күтіп, баптаушылар Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулие орнын құрметтей отырып, жылына екі рет: ұлыстың ұлы күні мен шілденің 5 күні ұлтына, дініне қарамай, құдайы тағам береді.

Үлкендердің айтуынша, әулиелі орынға келгендерге жылан бейнесі бір ғасырда бір-ақ рет көрінеді екен. Шілтер әулие болғалы үш адамға ғана көрінген, - дейді зияратқа келген қарияның бірі.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен – он сегіз мың ғалам құбылысының шоғырланған мекені. Жалпы ел арасында әулиелік қасиетке жетудің жеті сатысы бар. Оның ең жоғарғысы – құтып, екінші сатысы – әруақуль муқаддас, үшінші сатысы  – Ғайып Ерен Қырық Шілтен болып саналады. Қырық Шілтеннің құрамында қырық әулие болады. Халық танымында әулиелердің ұлықтары Ғайып Ерен Қырық Шілтенмен бірігіп, Жаратқанды ұлықтап намаз оқиды екен. Кез келген қазақтың ұғымында бұл әулие бейнесі – зарыққанға медет, тарыққанға күш-қуат беретін ғаламат иесі болып танылады. Халық аузында Адам ата - Хауа анаға дейін табиғаттың заңын, тіршіліктің көзін көрсеткен осы Ғайып Ерен Қырық Шілтен  деп айтылып, Қобыланды, Алпамыс батыр жырларында, қисса-дастандарда көп айтылады.  

Қырық Шілтеннің пайда болуы туралы әпсана

Ғайып Ерен  Қырық Шілтеннің  тікелей өмірге келуіне әл-Фарабидің тетелес замандасы, арабтың көрнекті ғұламасы  әл- Ғазали себепші болатын деген сөз бар.

Бірде он үш-он төрт жасында Үндістаннан араб елдеріне білім іздеп шығады. Әкесі соғыс кезінде  Үндістанға қашып барған араб екен. Арабияны өз отаным деп есептейді. Жолда керуенге қарақшылар кездесіп, тонай бастайды Керуендегілер ақшасын жасырады. Әл-Ғазали бір тиынын жасырмай, қалтасынан шығарып береді. Қарақшылар таңырқап:

 – Сен ақшаңды өзгелер сияқты жасырмай, барлығын түгел неге бере салдың? - деп себебін сұрайды. Сонда әл–Ғазал:

– Анамның "Құдайдан қорық, адам баласына қиянат жасама, өтірік айтпа, адалдан мал тап" деген өсиетін  орындап тұрмын, - дейді. Бұл сөз қарақшыларға қатты әсер етеді.

– Мына қаршадай бала тегін бала емес. Біз Құдайдан қорықпаймыз, адамдарға қиянат жасаймыз, өтірік айтып арамнан мал тауып жүрміз. Кішкентай бала құрлы бола алмадық -ау!- дейді. бір-біріне күңкілдесіп.

Бәрі ақылдаса келіп:

– Қаршадай бала болсаң да, көргенің мен көңілге түйгенің бізден асып тұр. Мына заттарыңды алдасен бізге бәрімізге бата бер, мүмкін адалдықпен нан табуымызға себепші боларсың, жолымыз ашылар,- деп әл-Ғазалиден бата сұрайды. Әл-Ғазали алақанын жайып, іштей бір тілек айтып бата береді. Батасы қолма-қол қабыл болады. Керуендегілердің көз алдында әлгі қарақшылар құс сияқты «пыр» етіп ұшып кетеді. Сонда керуеншілер таңырқап, қаршадай баладан:

– Бұларға не істедің, олар қайда кетті,- деп сұрап, барлығы баланың алдына отыра қалыпты. Сонда әл-Ғазали:

– Бұлар бүгіннен бастап Ғайып Ерен Қырық Шілтен болады, – дейді.

Шілтер әулие мен қырық серігі туралы әпсана

Баяғы өткен заманда Шілтер деген әулие кісі болыпты. Құдайға құлшылықтан жазбаған, істеген ісі ақ, көңілі сүттей пәк. Ниеті адал, сөзі түзу адам екен. Бір күні жолаушылап келе жатып, қасындағы қырық кісісмен бірге Қазығұрт тауының етегіне келіп түседі. Дәм ішіп, дамылдағаннан кейін бесін намазын оқуға кіріседі. Намаз оқылып жатқан кезде таудан түскен қарақшы дұшпандар әулиені серіктерімен қоса өлтірмекке бекініп, тап береді. Шілтер мен қырық жолдасы намаздарын бұзбай оқи береді. Намаз үстінде әулие Алладан:

– Иә, Құдайым, бізді жау қолына түсіре көрме, жау қолына түскенше тас мүсінге айналдырып, қатыра гөр, – деп тілейді.

– Қасиетті Шілтер әулиенің тілегі қабыл болып серіктерімен бірге тасқа айналып, қатып қалады. Сонан көпшілік бұл жерді «Қырық Шілтер әулиенің жері» деп кетеді. Осы жерде біріне-бірі қарама-қарсы үш бұлақ ағып жатыр, үшеуінің дәмі де үш түрлі, емі де үш түрлі. Біреуі – іш ауруларына, екіншісі – көз ауруларына, үшіншісі – құлақ ауруларына дәру. Ол бұлақ суы тасқа айналып, рухы көкке ұшқан Шілтер мен қырық жолдасының көз жасы екен дейді.

Шілтер ата мен Қазығұрттың бәсекесі туралы аңыз

Бірде Шілтер ата мен Қазығұрт ата жолығып, араларында әулиелік туралы талас туыпты.

– Мен әулиемін! – дейді тәкаппарланған Қазығұрт ата.

– Жоқ, сен емес, мен әулиемін! – депті намысын бермеген Шілтер ата.

– Ендеше, күш сынасайық, – депті Қазығұрт ата. Шілтер ата келісімін беріп:

– Немен, қалай күш сынасамыз? – деп сұрайды. Араларында арашасы болмаған соң, дауды шешу үшін бір-біріне оқ атып, күш сынасуға тоқталыпты. Сонда қарт Қазығұрт ата:

– Ит көйлекті бұрын тоздырсам да, ағалық жолымды саған бердім. Бірінші боп сен ат, – деп мәрттік танытады. Сонда Шілтер атаның атқан оғы Қазығұрттың бел ортасын қопарып, тауды қос өркештендіріп жіберген екен. Ал Қазығұрттың атқан оғынан Шілтердің беті шұрқ тесік болып кетіпті.

«Қаражамбас Қазығұрттың қос өркештеніп, ал Шілтердің бетінің қырық тесік болғаны осы даудың әсері екен» деседі ел аңызы. Алыстан қарағанда Қазығұрт шөгіп жатқан қос өркешті түйеге ұқсаса, Шілтер ата бетінен Қазығұртқа қараған тұсынан қарса ойдым-ойдым шұрқ тесікті көресің. Екеуінің бәсекесінен соң, көп ұзамай Шілтер атаның алдынан қатарласа аққан үш бұлақ пайда болыпты. «Шілтер ата құлағы, мойыны мен шүйдесіндегі жарақатын бірінші, кеңірдек, көкірек пен тыныс жолдарына түскен жарақатын екінші, көзі мен аузына түскен жарақатын үшінші бастаудың суымен шайып, қалған денесіндегі жарақаттарын үш бұлақтың суын араластырып емдепті» деседі. Сондықтан сол үш бұлақтың біріншісі – «Шұрық бастау», екіншісі – «Өңеш бастау», үшіншісі – «Көз бастау» аталыпты.

Қырық шілтен туралы әпсана

Бұрынғы өткен заманда Бай деген адамның келіні туа алмай жүреді. Ақыры доп-домалақ бірдеңе туыпты, ол кішкене доптай екен. Оны жарып көрсе ішінен қырық бала шығыпты. Балалар өте кішкентай екен. Балалар күннен күнге үлкейіп, сағат сайын өсіп, бойлары ұзын, ерекше күшті, алып батырлар болыпты. Балалар үлкейіп, оларды қырық қызға үйлендіріпті. Олар үйлі-жайлы, балалы-шағалы болыпты. Балалардың атын «Қырық шілтен» қойыпты.

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: