Қытай мен Жапонияның бірлескен кәсіпорны GAC Honda жартылай өткізгіштерді жеткізудегі қиындықтарға байланысты 29-31 желтоқсан аралығында автокөлік өндірісін уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы Yicai басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Аталған шешім Nexperia компаниясынан жеткізілетін микрочиптердің тапшылығымен байланысты. Дегенмен Қытайдағы тағы бір бірлескен кәсіпорын – Dongfeng Honda өз жұмысын қалыпты режимде жалғастырады.
Сонымен қатар, ақпарат көздерінің мәліметінше, Honda-ның Жапониядағы зауыттары 2026 жылғы 5-6 қаңтарда уақытша тоқтайды, ал 7-9 қаңтар аралығында өндіріс көлемі қысқартылады.
Nexperia төңірегіндегі жағдай
Honda Қытай аумағында екі бірлескен кәсіпорынның – GAC және Dongfeng компанияларының әріптесі. Ал өндірістегі іркіліске Nexperia компаниясының микрочип жеткізуіне қатысты шектеулер басты себеп болып отыр.
Қараша айының соңында ҚХР сауда министрі Ван Вэньтао Еурокомиссия өкілі Марош Шефчовичпен өткен бейнежиналыста Нидерландтың Nexperia-ға қатысты шешімдері жеткізілімдердің толық қалпына келуіне әлі де әсер етпегенін атап өткен.
Nexperia автокөліктердің электронды жүйелерінде кеңінен қолданылатын микрочиптер шығарады. Бұл компоненттер Ұлыбритания, Германия және Нидерландта өндіріліп, кейін Қытайдағы зауыттарға жөнелтіледі, одан әрі қайта экспортталады.
Геосаяси шектеулер мен келіссөздер
2025 жылғы 12 қазанда Нидерландтың Экономика министрлігі қытайлық Wingtech концерніне тиесілі Nexperia компаниясына қатысты стратегиялық активтерді қорғауға арналған «тауарлардың қолжетімділігі туралы заңды» қолданғанын хабарлады. Ал екі күннен кейін Амстердам апелляциялық соты Nexperia басшысы Чжан Сюэчжэнді қызметінен уақытша шеттетіп, тәуелсіз басқарушы тағайындады.
Жауап ретінде Қытай Nexperia-ға қарсы экспорттық шектеулер енгізіп, компанияның ҚХР-дағы бөлімшелеріне және мердігерлеріне кейбір компоненттерді елден шығаруға тыйым салды.
Алайда 7 қарашада Нидерландтың уақытша премьер-министрі Дик Схоф Қытай тарапымен микрочип жеткізуді қайта бастау жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадамға жауап ретінде Нидерланд билігі Nexperia-ға қатысты енгізілген қорғаныс шараларын жұмсартуы мүмкін.