Футболымыз дамысын десек, жастарға жағдай жасайық – балалар бапкері

17 Тамыз 2023, 10:30 2064

Футбол – әлемдегі ең көп қаралатын және табыс көзі жағынан да ең көп ақша әкелетін спорт түрі. Статистикаға сүйенсек, жер шарындағы 7 миллиардтан астам адамның 4 миллиарды футбол жанкүйері. Спорттан хабары жоқ жанның өзі Месси мен Роналдудың аты айтылса, сізге бұл екі ойыншы туралы аз-кем ақпаратпен бөлісе алады.

Кейде бұл спортта барлық атақ пен абырой ойыншыларға ғана тиесілі секілді көрінеді. Алайда алаң сыртында ақылымен бөлісіп, біліктілігін көрсететін бапкерлердің еңбегін елемеу қиын.

«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деп бекер айтылмаса керек. Бүгінде Атырау қаласы Қызылбалық ауылында жас дарындарды жаттықтырып, болашаққа жақсы спортшыларды дайындап жүрген білікті бапкер бар. Ол Дәурен Қайраллиев. Футбол мектебінің негізін қалаушы әрі жаттықтырушысы. Болашаққа жаңа футбол жұлдыздарын даярлап жатқан Дәурен Табысбекұлымен  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі аз-кем сұхбат құрды.

- Дәурен мырза, сұхбатымыздың алғашқы сұрағын сіздің бүгінгі күнгі кәсібіңізден емес, өткен күннің естеліктерін байланысты болғаны дұрыс шығар. Сіз кәсіби футболшы болдыңыз. ҚПЛ-де «Атырау» және «Каспий» секілді клубтарда өнер көрсеттіңіз. Мансабыңызды аяқтап, балаларды жаттықтыруға көшуге не себеп болды?

- Иә, біреуі білсе, біреуі білмес, мен кәсіби деңгейде футболдан Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсеттім. Өзіңізде айтып өттіңіз, «Атырау» және «Каспий» клубтарында доп тептім. Бірақ, қазір мансабымды аяқтап, балаларды жаттықтыруды қолға алдым. Таяқтың екі ұшы бар дейді ғой. Спорт ол әрине жақсы. Бірақ, бұл саланың да қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Жаттықтырушы атануымның басты себебі ол – жасыл алаңда алған жарақаттарым. Салдарынан үнемі жоғары деңгейде өнер көрсету қиындай түсті. Сондықтан, бар білгенімді өскелең ұрпаққа үйретіп, жастармен тәжірбемді бөлісу мақсатында бапкер болуды шештім.


©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ

- Ал, жалпы бапкер болу деген идея қайдан келді? Әлде, бұл бұрыннан алдыңызға қоған мақсат па?

- Мен, Атырау қаласы Қызыл-балық ауылының тумасымын. Алғаш футболдың әліппесін осы ауылдан таныдым, осы өлкеде ер жеттім. Бұнымен не айтқым келді десеңіз, әрбір адам өзі туып өскен жерінің дамуына үлес қосуды, көркейтуді ойлайды деп есептеймін. Қолымнан келетін іс футбол ойнау болғандықтан, ауыл жастары мен спортының алға басқанын қаладым. Сол себепті, бапкерлікті таңдадым. Әрине, барлық адамның маңдайына кәсіби спортшы болу жазылмайды. Бірақ, ең болмағанда жастардың салауатты өмір салтын ұстанғанын да қаладым. Оған қоса, балаларды жаттықтырмас бұрын, қазір қарқынды дамып жатқан медиа футболда «Жайдарман» құрамасының бапкері ретінде өзімнің бағымды сынап көрдім. Қолымнан келетін іс екеніне көзім жетіп, балаларды жаттықтыруға кірістім.

- Кәсіп ашу оңай дүние емес екенін білеміз. Ол жолдың да өз қиындықтары бар. Ал, сіз спорт мектебінің қалай аштыңыз?

- Мансабымды аяқтауға шешімді 2021 жылы қабылдадым. Содан бері балаларды даярлап жүргеніме 2 жыл уақыт толыпты. Сол уақытта «artsport» деген мемлекеттің бағдарламасы бар екенін естіп, үкімттен қолдау көріп, бірден іске кірістік. Ең өкініштісі, екі жыл бұрын ауылымызда жасыл алаң болмады. Алғашында, қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, мектептің спорт залында жаттығып бастадық. Кейін, спорт мектебімізге келуші жастар көбейіп, келісімді түрде спорт алаңдарын жалға алдық. Қазіргі таңда, қуанышымыға қарай, ауыл азаматтарының бастамасымен жергілікті әкімшіліктің қолдауымен жасыл алаң құрылысын бастап кетті. Жақында, пайдалануға беріледі.


©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ

- Мектебіңізде қанша бала жаттығады?Қандай жетістіктерге жеттіңіз?

- Мектебімізде жас айырмашылықтарына байланысты 300-ден астам бала жаттығады. Жетістіктерге келетін болсақ, 2022 жылы 2005-2006 жылғы жасөспірімдерден құралған команда Атырау облысының чемпионы атанды. Осы жылы Түркістан қаласында 2010-2011 жылғы ойыншылар арасында өткен республикалық турнирде 3 орын иелендік. Одан бөлек, жалпы қала бойынша өтетін сайыстарға тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрміз.

- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

- Алдыға қойған мақсат көп және оны орындауға кірісіп те кеттік. Қазір біз Youtube, Instagram, Tik tok секілді әлеуметтік желілерде парақшаларымызды ашып, дамытуды бастап кеттік. Одан бөлек, ауылымызда футбол мектебінің жеке алаңының құрылысын бастауды жоспарлап жатырмыз. Құжаттама бойынша барлығы дайын. Енді, 2023 жылдың наурыз айында құрылысын бастаймыз. Жалпы, түптің түбінде мектептің инфрақұрылмын дамытып, болашақ футбол жұлдыздарын даярлайтын академияға айналғымыз келеді.


©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ

- Кәсіби ойыншы болу мен бапкер болудың айырмашылығы мен жауапкершілігі қандай?

- Екі саланың да өзіне тән жауапкершілігі бар. Бірақ, жауапкершілік бапкерлерде көп деп ойлаймын. Өйткені, кәсіби футболшы болған уақытта барлық фокусты өз жаттығуың мен ойыныңа қоясың. Ал, жаттықтырушы болсаң, әр баланың физикалық және эмоциналды дайындығына мән бересің. Олардың жасыл алаңдағы жаттығуы бар. Әр қайсысына жеке көңіл бөлу керек. Жалпы айтқанда, әр саланың өз қызығы мен шыжығы болады.


©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ

- Қазақ футболы дамуы үшін не істеу керек? Жасыл алаңда мықты ойыншыларды баулуда бізге не жетіспейді?

- Менің ойымша футболға деген көзқарасты өзгерту керек шығар. Жастарды даярлауға көп көңіл бөлу керек. Білікті бапкерлерді тарту керек. Көптеп академиялар, стадиондар мен жасыл алаңдар салу керек. Мысалы, әріге бармай өзімізден айтатын болсақ, қысқы уақытта балалар жаттығатын жабық алаңдар табу қиын. Өйткені, қала бойынша тек екі-үші жерде ғана бар. Олармен келісу қиын. Себебі, бос уақыттар аз. Соның салдарынан балалардың жаттығуы кейінге қалдыратын, тіпті, тоқтатуға мәжбүр болатын кездеріміз болады. Меніңше, біздің ақсап тұрған тұсымыз осы.

- Сөз соңында, қазақ футболы туралы айтып кетсеңіз. Қазақ футболының аяқ алысына қандай баға бересіз?

 - Cоңғы уақытта қазақ футболының деңгейі көтерілгенін жасырмаймын. Ойыншыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп жүргенін жанкүйерлер көріп жүр. Бізден де талантты ойыншылар шығатынын дәлелдеп келеміз. Енді, осы бір қарқынды жоғалтпасақ болғаны. Қаржыны Еуропадағыдай жастар спортына құйып, жемісін жейтін сәт келді деп ойлаймын!


©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ


©El.kz/Равиль АШЫҒАЛИ

Равиль Ашығали
Бөлісу: