Футбол: «Астана» UEFA лигасында қарсыласынан жеңіліп қалды

18 Тамыз 2023, 04:25 525

Футболдан UEFA Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында «Астана» сырт алаңда «Лудогорец» (Болгария) командасымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ойынды болгариялық команда белсенді бастады. Ойынның 25-минутында олардың қатарынан Бернард Текпетей есеп ашып кетсе, оған 29-минутта Дембо Дарбо бір голмен жауап қайырды.

Екінші кезеңде «Лудогорец» сапынан Якуб Пётровский 47, 58-минутта екі гол соқса, 50-минутта Бернард Текпетей тағы бір голдың авторы атанды.

Ал Кирилл Десподов 67-минутта болгариялық клубтың басымдығын арттырды.

Осылайша «Астана» қарсыласына 1:5 есебімен жеңілді.

Алғашқы ойында қазақстандық команда қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.

«Астана» бұдан бұрын Чемпиондар лигасында Грузияның «Динамо Тбилиси» клубынан (1:2, 1:1) айласын асырса, одан кейін Хорватияның «Динамо Загреб» командасына (0:4, 0:2) есе жіберді.

Енді «Астана» Конференция лигасы плей-офф сатысында Албанияның «Партизани» командасымен кездеседі. Аталған команда үшінші іріктеу сатысында Латвияның «Валмиера» клубын (2:1, 1:0) орта жолда қалдырды.

Перизат Саденова
Бөлісу: