Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында елордалық «Астана» өз алаңында «Динамо Тбилиси» (Грузия) командасымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елордадағы «Астана-арена» стадионында өткен кездесуде қос команда тартысты ойын өткізді.
Алғашқы минуттан алаң иелері басымдық танытты. Оған грузиялық футболшылар лайықты қарсылық көрсетті.
Ойынның 11-минутында «Астана» шабуылшысы Абат Айымбетов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Елордалық футболшылар есепті үстемелеуге тырысты. Дегенмен бірінші кезеңде өзге гол соғылған жоқ.
Екінші кезеңде «Динамо Тбилиси» сапынан Габриел Сигуа таразы басын теңестірді. Бұдан кейін елордалық ойыншылар тізгінді өз қолына алуға тырысқан еді.
Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
Енді екі команда арасындағы қарымта кездесу 19 шілдеге белгіленген.