24.01.2026
10:12
539
Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына дейін қандай кезеңнен өтті

Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына дейін қандай кезеңнен өтті

Италияда өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында фристайл-акробатикадан ел намысын бес спортшы қорғайды. Ұлттық құраманың бас бапкері Бағлан Іңкәрбек сұхбатында алдын ала құрамды жасақтау қағидаттары, болашақ олимпиадашылардың дайындығы және дүбірлі дода алдындағы оқу-жаттығу жиындары туралы айтып берді.

Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтының жазуынша, Қазақстандық спортшылар бұл спорт түрінен Олимпиада басталмай жатып-ақ тарихи жетістікке қол жеткізді. Қазақстан тарихында алғаш рет ерлер құрамасы Олимпиадаға бірден төрт жолдама алып отыр. Дегенмен қатысушылардың нақты саны әлі де өзгеруі мүмкін. 23 қаңтарда Олимпиадаға баратын спортшылардың түпкілікті тізімі белгілі болады. Сондай-ақ құрама қосымша жолдамаларға ие болуы ықтимал.

Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан Дінмұхамед Райымқұлов, Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Асан Асылхан және Аяна Жолдасты апаруды жоспарлап отырмыз. Бұл спортшылар Әлем кубогының кезеңдерінде өнер көрсетіп, үздік 25-тің қатарына енді. Айта кету керек, бұл - тарихи жетістік. Төрт жігіт жолдаманы өз еңбектерімен жеңіп алды. Алдыңғы Олимпиадада квоталар бізге бөлінген еді. Қазір ерлер арасында төрт, әйелдер арасында бір жолдама бар. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. 2022 жылы Бейжіңдегі Олимпиадада тек бір ғана тікелей жолдама болған еді. Сонымен қатар тағы бір орынға үміткерміз. Оны аламыз ба, жоқ па - 23 қаңтарда белгілі болады, - деді бас бапкер.

Бағлан Іңкәрбек құраманың жалпы жағдайына тоқталып, Олимпиада қарсаңындағы қалпына келтіру кезеңінің қалай ұйымдастырылғанын да баяндады.

Қазіргі таңда дайындық жақсы деңгейде өтіп жатыр. Спортшылар бабында, барлығы дәрігердің тұрақты бақылауында. Әр спортшыға еліміздегі ең үздік оңалту орталықтарының бірінен жеке реабилитолог бекітілген. Кішігірім жарақатқа немесе жайсыздыққа күдік болса, бірден алдын алып, емдеу шараларын жүргіземіз. Мақсат - спортшыларды Олимпиадаға барынша сау әрі дайын күйде жеткізу. Маусым барысындағы дайындық жаман болған жоқ. Әрине, жиын саны сәл көбірек болса жақсы болар еді. Бірақ жалпы алғанда ешқандай шағым жоқ, - деді ол.

Бас бапкер қазіргі дайындық кезеңі, алдағы жиындар және Олимпиада өтетін жерге көшу кестесі туралы да егжей-тегжейлі айтып өтті.

Қазір Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Спортшылар қалпына келу кезеңінен өтуде, күн сайын медициналық тексеріс жасалады. Сонымен қатар жаттығу залында физикалық тұрғыда дайындалып, шаңғы жаттығуларын орындап жатырмыз. 24 қаңтарда Швейцарияға ұшамыз. Ол жаққа Олимпиада құрамына ресми түрде енген спортшылар ғана барады. Айроло қаласында бізбен бірге Аустралия, Швейцария және өзге де елдердің құрамалары дайындалады. Екі апталық жиын барысында толыққанды секірулер орындаймыз. Олимпиадаға біртіндеп бейімделіп, 13 ақпанда Италияға жол тартамыз. Ол жерге дейін шамаман 5 сағаттық жол жүреміз, - деді маман.

Бас бапкер құраманың жүлде алудағы мүмкіндіктерін бағалап, тіпті, бұл спорт түрінде фаворит саналудың өзі финалға шығуға кепіл бола алмайтынын айтты.

Ерлер арасында Қазақстан тарихындағы ең жоғары нәтиже - 17-орын. Ал әйелдер арасында үздік көрсеткіш - Сочиде өткен Олимпиададағы алтыншы орын. Мен 17-орынға байланып қалғым келмейді, өйткені мақсатым одан да жоғары. Нәтижені жақсарту керек. Бапкер ретінде сәтсіздікке жол бергім келмейді. Дегенмен дінге сенетін адам ретінде бәрі жаратқанның қалауымен болатынын да түсінемін. Біз өз тарапымыздан барымызды саламыз. Біз бұл үшін ұзақ дайындалдық. Фристайл-акробатика - күтпеген нәтижеге толы спорт түрі. Мысалы, АҚШ-та өткен Әлем кубогының соңғы кезеңінде америкалықтар әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлерін қоса алғанда, ең мықты спортшыларын шығарды. Соған қарамастан, олардың ешқайсысы финалға өте алмады. Егер Олимпиада кезінде бәрі жоспарлағанымыздай болса, өте жақсы нәтиже көрсетуге болады. Қазір нақты уәде бергім келмейді. Бірақ басты мақсатымыз - суперфиналға дейін жету, - деді ол.

Бапкердің айтуынша, бұл спорт түрінде жүлде алуға жүз пайыздық кепілдік жоқ. Соған қарамастан, қазақстандық спортшылар әлемдік көшбасшылармен бәсекелесе алады. Құрамадағы спортшылар орындайтын секірулердің күрделілік деңгейі мен коэффициенттері бойынша алдыңғы қатарлы атлеттерден кем түспейді.

Қазақстан құрамасында Асан Асылхан есімді ерекше дарын иесі бар. Ол небәрі 16 жасында командаға жолдама алуға үлес қосты және 2026 жылғы Олимпиаданың әлеуетті қатысушысы ретінде қарастырылып отыр. Бұл спорт түрінде әлемдік деңгейдегі жоғары коэффициенті бар секірулерді орындайтын ең жас спортшылардың бірі саналады. Асан 15 жасында 2025 жылғы Азия ойындарының жүлдегері атанса, осы маусымда Әлем кубогы кезеңінде үздік ондыққа енді.

Бапкер ретінде тек қуаныш сезінемін. Қазақстанда осындай дарынды спортшының барына өте ризамын. Менің басты міндетім - оны үлкен жарыстарға асықпай дайындап, эмоцияға берілмей, өз уақытынан ерте ауыр сынақтарға салмау. Қалған жігіттердің де барлығы дарынды әрі болашағынан үміт күттіреді. Тек Асан өте жас болғандықтан, оған ерекше назар аударылып отыр. Жалпы, біздің құрам түгелдей дарынды әрі әлеуеті жоғары спортшылардан құралған, - деді Бағлан Іңкәрбек.

Айта кетейік, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Фристайл-акробатика бойынша жарыстар 17 ақпанда басталады.