31.10.2025
00:31
461
Францияда Луврды тонауға қатысы бар тағы бес күдікті ұсталды

Францияда Луврды тонауға қатысы бар тағы бес күдікті ұсталды

Франция полициясы Лувр музейін тонауға қатысы бар деген күдікпен тағы бес адамды ұстады. Осылайша іс бойынша ұсталғандар саны жетіге жетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Париж прокуратурасының мәліметінше, ұрланған тарихи құндылықтар мен зергерлік бұйымдар әлі табылған жоқ.

Прокурор Лор Бекконың айтуынша, басты күдіктілердің бірі оқиға орнында қалған ДНҚ іздері арқылы анықталған. «Біз оны бақылауда ұстадық. Ал басқа ұсталғандар тергеуге қажетті маңызды ақпарат беруі мүмкін», – деді ол. Қазір тергеу жүріп жатқандықтан, күдіктілер туралы қосымша мәліметтер жария етілмей отыр.

Бұл қамаулар бұған дейін екі адамға ресми айып тағылғаннан кейін жүзеге асқан. Олардың бірі Алжирге ұшып кетуге әрекеттенген сәтте әуежайда ұсталған. Екеуі де кінәсін ішінара мойындаған. Тергеу барысында 150-ге жуық ДНҚ ізі мен саусақ таңбалары зерттеліп жатыр.

Оқиға 19 қазанда болған. Дүниежүзіндегі ең танымал музейлердің бірі саналатын Луврдан шамамен 88 миллион еуро тұратын тарихи жәдігерлер ұрланған. Ұрлыққа төрт адам тікелей қатысқан деп саналады. Полиция Париж және оның маңындағы аймақтарда жүргізген тінту барысында ұрланған бұйымдарды таба алмаған.

Прокурордың айтуынша, тергеу қарқын алып келеді және күдіктілер шеңбері тарылып жатыр. Ол ұрланған құндылықтарды өз еркімен қайтарған жағдайда, сот жеңілдік қарастыруы мүмкін екенін де атап өтті. «Бұл әшекейлерді сату мүмкін емес. Оларды елге және Луврге қайтару – нағыз азаматтық шешім болар еді», – деді Лор Бекко.

Тергеу кезінде полиция қоғамдық және жеке бейнебақылау камералары арқылы ұрылардың қозғалысын анықтаған. Сонымен қатар, прокурор музей қызметкерлерінің қылмысқа қатысы бар деген болжамның расталмағанын мәлімдеді.