Франция университетінде студенттер қазақ тілін үйреніп жатыр

16 Қазан 2023, 12:55 1453

Францияның ең көне жоғарғы оқу орындарының бірі – Шығыс тілдері мен өркениеті Ұлттық институтында қазақ тілін қайта оқытып жатыр, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Қазақ тілін оқып үйренемін дегендер жетерлік. Бәрі – әртүрлі мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер. Олар Орталық Азия жайлы, соның ішінде Қазақстан туралы мейлінше көбірек мағлұмат алғысы келеді.

Менің жұмысым Орталық Азиямен байланысты. Атап айтқанда, өңір тарихына қатысты зерттеулер жүргіземін. Сол себепті де қазақ тілін таңдадым. Өйткені жұмысыма көп көмегі тиеді деп ойлаймын, - дейді магистрант Виктор Гомариз.

Қазақ тілінің мұғалімі – Құралай Қалиева. Филолог әзірге электрон материалдармен оқытып жүр, бірақ болашақта студенттер үшін кітаптар көбейетінін айтады. Бұл ретте оқытушы қазақстандық әріптестерінің көмегіне үлкен үміт артып отыр.

Келешекте Қазақстанға барғым келеді. Бұл сабақтың арқасында қазақ тілін оқуға ниет білідіріп жатқандар қатары тек арта түседі деп ойлаймын, - дейді студент Клоэ Лоре.

Кезінде институттың оқу бағдарламасына қазақ тілі кірген екен, бірақ бірнеше жыл үзіліс болды. Десе де өңірге деген қызығушылықтың артуы қазақ тілін қайта қосуға түрткі болды.

Қазақ тілі екінші семестрде де оқытылады. Сөйтіп алдағы уақытта Орталық Азия секциясын құрып, оған өзге тілдерді де қосу жоспарда бар. Иналькл – бұл 250 жылдық тарихы бар институт. Оның алғашқы жетекшілері Орталық Азия бойынша мамандар болған. Қазақ тілінің көмегімен осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп жатырмыз, - дейді Шығыс тілдері және өркениеттері Ұлттық институтының оқытушысы Катрин Пужоль.

Француздар қазақ тілін үйреніп қана қоймай, еліміздің мәдениетімен, салт-дәстүрімен жақынырақ танысуды көздейді. "Сол себепті болашақта ортақ жоабалар қолға алынып, қазақстандық университеттерде тағылымдамадан өткісі келетін студенттер үшін шәкіртақы тағайындалса, жақсы болар еді" дейді оқытушылар.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: