01.11.2023
14:00
1216
Франция Қазақстанға 18,7 млрд долларға жуық инвестиция салды

Франция Қазақстанға 18,7 млрд долларға жуық инвестиция салды

Қазақстан мен Франция президенттері Ақордада екіжақты келіссөз өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 8 ай ішінде екіжақты сауда-саттық көлемі былтырғымен салыстырғанда 21 пайызға артқанын, яғни 2,7 миллиард долларға жеткенін мәлім етті.

Франция осыған дейін Қазақстанға 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Бірлескен жобалар энергетика, бейбіт атом, тау-кен, химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс заттарын өндіру, аэроғарыш, фармацевтика және басқа да салаларды қамтиды. Бұдан бөлек тағы бірқатар маңызды жоба қолға алынбақ. Бұл жобалар бүгін өтетін қазақ-француз бизнес форумында жан-жақты талқыланады, - дейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президенті Эмманюэль Макронға алғысын білдірді.

Сонымен бірге екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түсті. Макрон мырза, осының бәрі сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында жүзеге асырылып жатыр. Мен сіздің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосып отырған өлшеусіз үлесіңізді жоғары бағалаймын. Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерімді салып, өзіңізбен бірге жұмыс істеуге дайын екенімді тағы да атап өткім келеді, - деді мемлекет басшысы.