Франция Қазақстандағы жобаларға қолдау көрсетеді

Бүгiн, 10:22 154

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы заң қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Келісімге Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында 2023 жылы 1 қарашасында Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының Үкіметтері арасында экономикалық және қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында қол қойылды.

Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, келісімнің мақсаты – Француз даму агенттігі тобының Қазақстандағы қызметінің құқықтық, салықтық және қаржылық шарттарын айқындау болып есептеледі.

Француз даму агенттігі – Франция Үкіметінің дамушы елдерге орнықты даму мақсатында ресми көмек көрсететін ұйым. Келісімде Француз даму агенттігінің Қазақстан Республикасындағы құқықтық мәртебесі және рұқсат етілген қызмет түрлері айқындалған, - деп атап өтті сенатор.

Француз даму агенттігі мемлекеттік және  жеке компанияларға 15 жылға дейінгі ұзақ мерзімді қарыздар беру арқылы қолдау көрсетеді.

Француз агенттігі Қаржы даму институты ретінде негізінен энергетика, көлік, коммуналдық шаруашылықтағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырады. Сондай-ақ, агенттік инфрақұрылымдық жобалар пулы, оның ішінде сумен жабдықтау, санитария немесе ирригация секторын қаржыландыруды қарастырады. Француз даму агенттігі әйелдер кәсіпкерлігіне арналған кредит желісін ұйымдастыру және жобаларға грант бөлу және техникалық жәрдемдесу арқылы қолдайтын болады, - деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатордың сөзінше, қазіргі уақытта Француз даму агенттігі денсаулық сақтау саласында 945 мың еуро, Балқаш көлінің жоспарына 1,3 млн еуро, Арал бассейні өңірінің мектептерінде білім беру іс-шараларына 2,4 млн еуро грант ретінде бөлуді жоспарлап отыр.

Техникалық жәрдемдесу аясында Француз даму агенттігі Ақтау портын кеңейту және Қазақстанның оңтүстігінде электр желілерін салу сияқты бірнеше жобаларды да қарастырып жатыр. Заңды қабылдау – Француз даму агенттігінің Қазақстан Республикасына қаржылық және техникалық көмек көрсетуіне мүмкіндік береді, - деді ол.

Заң жұмыс тобында, комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланды. Сенаттың тұрақты комитеттерінен оң қорытынды алынды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: