Франция дәрігерлері Қазақстанға келді

21 Қаңтар 2023, 21:30 1246

Осы аптада француздық зерттеушілер командасы сүт безі обырының скринингін жетілдіру жобасы бойынша Қазақстанға келді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Француз тарапының Қазақстанға құрамында С3М президенті және Кюри институтының халықаралық даму бөлімінің басшысы - Ж.Сустье, маммографиялық скрининг бойынша маман - доктор А.Лезур, медициналық менеджмент бойынша консультант - Л. Монтевекки, алғашқы көмек бойынша маман - Л.Кислиг бар алғашқы танысу сапары өтті.

Сапар барысында француз мамандары Алматы қалалық емханаларына, Алматы және Жетісу облыстарының аудандық емханаларына, оның ішінде Алматы онкологиялық орталығына, №4, №23 қалалық емханасына, Алматы өңірлік көпбейінді клиникасына, Қарасай ауданының АКА-на, Жетісу облысының облыстық көпбейінді клиникасына, Ескелді ауданының АОА-на, Қаратал АОА-на және Қазақ онкология және радиология ҒЗИ сүт безі ісіктері орталығына барды.

Жоба Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-дың Кюри институтымен (Франция) ынтымақтастығы жөніндегі меморандумның шеңберінде жүзеге асырылады.

Қазақстан мен Францияның онкология, медициналық мекемелерді басқару және медициналық қызметтер көрсету саласындағы жетекші зерттеу және медициналық орталықтардың арасындағы әріптестіктің маңыздылығы ҚР Президентінің 2022 жылғы қарашадағы Францияға сапары кезінде Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макронның бірлескен мәлімдемесінің мәтініне енгізілгенін атап өткен жөн.

EL.KZ
Бөлісу: