Фольклорға бай халық

19 Наурыз 2021, 12:15 5179

Қазақстандағы алтайлықтар туралы не білеміз?

 

 

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың татулығы, ынтымақтастығы мен бейбітшілігі біздің ең басты байлығымыз. Осы орайда еl.kz ақпараттық-танымдық порталы алтай халықтарының Қазақстанда пайда болуы, қоныстануы, саны мен тұрмыс ерекшеліктері туралы мәлімет беретін болады.

 

Қазақстанда алтайлықтардың пайда болуы

Алтайлықтар түркі тектес Алтай Республикасының тұрғылықты халқы. Олар ойраттар, теленгиттер, телеуттер, кумадиндықтар, тубалар сынды топтарға бөлінеді. Түр-келбеті жағынан бурят, қырғыз, қазақ сияқты түрік халықтарына өте ұқсас болып келеді.

 

1922 жылы Кеңестер Республикасы құрамында Таулы-Алтай автономиялық облысы құрылды. Одан кейін 1948 жылға дейін Ойрат автономиялы облысы деп аталды. 1992 жылы Алтай Республикасы деген жаңа атау алды.

 

Революцияға дейінгі әдебиетте Солтүстік алтайлықтардың этнографиялық тобы қара татарлар, ал оңтүстік алтайлықтар ақ қалмақтар, таулы алтайлықтар, аралықтар деп аталған. Солтүстік алтайлықтар тубалар, аққулықтар және кумадиндіктер деген этникалық топтарға бөлінеді. Оңтүстік алтайлықтар алтай-кижи, теленгиттер, телестер және телеуіттер деген топтардан тұрады. Солтүстік алтайлықтардың этникалық негізін көнетүркі тайпалары ұйғырлар, қимақ-қыпшақтар, енесей қырғыздары және оғыздар құрайды.

 

Алтайлықтар – түркітілдес халық

 

Алтайлықтардың жалпы саны 70,8 мыңдай адам. Олардың Отаны Ресей Федерациясының Алтай өлкесі болып табылады. Аталған өлкеде 59,1 мың алтайлықтар өмір сүруде. Ал аймақ халқының жалпы саны 2,3 млн адамды құрайды.

 

Алтайлықтарда патриархалды рулық қатынастар қалыптасқан. Барлық тайпалар мен территориялық топтар руларға бөлінеді. Әсіресе солтүстік алтайлықтарда рулық қатынастар жақсы сақталды. Себебі, аңшылық аумақтар рулардың меншігі болып есептелді. Ру ішіндегі туыстық қатынастар әкелік ізбен жүрді. Алтайлықтардың барлық топтарына рулық ынтымақ пен жақындасу тән. Оларда тау, от культтері де сақталған. Қалыңдықты алып қашып келгеннен кейін қалым төлеу дәстүрі де бар. Еркек өлген жағдайда әйел руда қалып, оның бір туысына өтеді. Алтайлықтарда негізінен моногамды неке қалыптасқан. Бірнеше әйел алу жағдайлары сирек кездеседі.

 

   Қазақстанға қоныстану және саны

 

Алтайлықтар Қазақстанға мақсатты түрде қоныс аудармаған. Кеңес заманындағы түрлі шаруашылық шараларына байланысты тағдырдың айдауымен қазақ жеріне келген. Сондықтан олар Қазақстанда жерінде дисперсті түрде шашырап орналасқан. Қазақстандағы алтайлықтар саны 2009 жылғы халық санағы деректері бойынша 221 адамды құраған. 1989 жылы елімізде 675 алтайлық тұрыпты. Демек 20 жылда қазақстандық алтайлықтар 3 есеге жуық азайып кеткен. Оған еліміздегі алтайлықтардың табиғи өсімінің нашар болуы, миграциялық үрдістер және өлім-жітім себеп болған.

 

Қазақстанда жүргізілген халық санағы деректеріне сүйенсек алтайлықтар санының хронологиясы жыл сайын өзгеріске ұшырап отырған. Алтайлықтардың санының аз болуына байланысты Қазақстандағы алтайлықтар белгілі бір этникалық-мәдени ұйымдарға бірікпеген. Өздерінің ана тілдерін оқуға, дамытуға бағытталған ешқандай харекет жасап отырған жоқ. Сонымен қатар жекелеген алтайлықтар Қазақстан халқы Ассамблеясы жүргізген мәдени бұқаралық шараларға араласып отырғандығы белгілі.

 

Алтайлықтар Қазақстанда жергілікті тұрғындары ұстанатын өмір салтын, мәдениеті мен шаруашылық формаларын қабылдап отыр. Олардың елдегі орыстар, өзбектер, ұйғырлар сияқты этникалық өмірлерін жандандыру мақсатындағы талап-тілектері жоқ. Өз балаларын ыңғайына қарай қазақ, немесе орыс тіліндегі мектептерде оқыта береді. Қазақстанда қазір шамамен 221 алтай халқы өмір сүруде. 1989 жылғы санақта 675 алтайлық болған. Олар елдің бір облысында шоғырланбаған. Аз-аздап Қазақстанның барлық облыстарында қоныстанған. Сондықтан алтайлықтардың елдегі орналасу картасын облыстар бойынша жасау мүмкін болмаған. Алтайлықтар негізінен ТМД елдерінде: 1989 жылы Өзбекстанда 191– алтайлық, Қырғызстанда – 116, Тәжікстанда – 60, Украинада – 38, Беллоруссияда – 27, Молдавияда – 20, Литвада-19, Әзірбайжанда -14, Латвияда - 4, Эстонияда -3, Арменияда-1 алтайлық өмір сүрген. Олардың жалпы саны 2002-2010 жылдар аралығында 67239 адамнан 74238 адамға дейін өскен. Сегіз жылдағы демографиялық өсім 6999 адам болған. Соңғы 10 жылдағы алтай халқының өсімі жайындағы статистикалық материалдар жоқтығынан олардың өсу динамикасын нақты көрсету мүмкін болмаған. Бұл Қазақстанда алтайлықтар санының азайып бара жатқандығының көрсеткіші.

 

  Тұрмыс ерекшеліктері

 

Алтайлықтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Солтүстік алтайлықтар дәстүрлі отырықшы өмір салтын ұстанды. Олар жер шаруашылығымен, аңшылықпен, балықшылықпен және жидек терумен айналысты. Негізінен көшпелі өмір салтын ұстанды. Ал, Алтайдың орманды бөліктерінде жаяу аңшылық дамыған. Оңтүстік алтайлықтар мал өсірумен (жылқы, сиыр, түйе) бағумен айналысқан. Мал жыл бойы жайылымда жүреді. Қыста мал төлдерін сақтауға арнаулы шұңқырлар (күркелер) қолданылады. Катун өзенінің оң жағалауында малды орыстарға ұқсап қолда ұстау кең таралды.

 

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында алтайлықтардың әлеуметтік қауымдастығында таптық бөліну болды. Жер, жайылым, шабындық қауымдық меншікте болып, ауылға, ұлысқа қарады. Ал, шын мәнінде малы аз алтайлық құнары шамалы, көлемі шағын жерді иеленді. Ауылға қарасты жердің ірі және шұрайлы бөлігін ірі мал иемденді. Қауымның кедей мүшелері бағынышты күй кешті. Оларың кейбірінде мал мүлдем болмады. Олар айбачылар деп аталып, бай отбасылардың құлдары ретінде күн көрді. Малы мен шаруашылығы жоқ айбачылар мүлдем құқықсыз болды.

 

ХІХ ғасырдың аяқ кезінде ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар пайда болып, оларда жалдамалы жұмысшылар еңбек ете бастады. Осы кезде жалдамалы малшылар, батрактар, бақташылар әлеуметтік тобы көбея түсті. Жалдамалы еңбекшілер категориясының өсуі ірі шаруашылықтардағы тауар өндірісінің артуына әкелді. Мал шаруашылығының дамуына алтайлықтар арасында қалыптасқан еңбекті қанаудың жасырын формасы да өз әсерін тигізді. Мысалы, малы жоқ жалшыға бай ірі қара малын сүтін пайдалануға береді. Жалшы келер жылы байға малды төлімен бірге қайтаруға тиісті болды. Сонымен қатар, қожайынның шақырумен ол шөп жинау науқанында, басқа жұмыстарда тегін көмектесуге тиісті болды. Алтайлықтардағы еңбек қатынастарының бұл формасын «полыш» яғни көмектесу деп атады.

 

Көліктің дәстүрлі түрі – жылқы. Жалпы алтайлық этностың өмір-салтында, тұрмыс-тіршілігінде, шаруашылығында көшпелі қазақ қоғамына тән белгілер көп. Әсіресе, жылқы мәдениетіне, киім үлгілеріне, тұрғын үйге қатысты ұқастықтары көп.

 

   Діні

 

Алтайлықтардың дәстүрлі діні – шаманизм. Қазіргі кезеңде діншіл алтайлықтардың басым көпшілігі православие дінін ұстанады. Алтайлықтарды шоқындыру ХVІІІ ғасырдың 50-70 жылдарында басталды. ХХ ғасырдың басында алтайлықтар арасында бурханизм тарай бастады. Бурханизм – шаманизм элементтері араласқан ламаизмнің бір түрі. Алтайды зерттеуші, белгілі кеңестік ғалым Л.П. Потаповтың пікірінше бурханизм 1904-1905 жылдарда Алтайдың мал өсіруші аудандарында пайда болған.

 

Алтайды белгілі шетелдік зерттеуші А.Халемба Алтай Республикасындағы қазіргі діни ахуалды буддизм мен шаманизмнің қосындысы деп есептеген. Зерттеушілер белгілі ережелер мен ритуалдық нормаларды қатал орындауды талап ететін киелі жерлердің: өткелдердің, бұлақтардың, өндіретін жерлердің бар екендігін айтады. Алтайлықтардың шамандық наным-сеніміндегі ерекшеліктері негізгі шамандық қызметшілермен қоса шамандық үшкіру, зікір салу, көріпкелдік мамандары топтарының болуына қатысты айтылған. Батыс Сібірді мекендейтін басқа түркі халқындағы шамандарға қарағанда ең беделді шамандар ғаламның барлық салаларындағы рухтармен үн қатысатындары арнайы бешпет киді. Алтайлықтар арасында олардың шамандық рухы мұрагерлікпен беріледі деген көзқарас болды.

 

Тілі мен жазуы

 

Алтайықтар фольклоры өте бай. Халық ауыз әдебиетінің барлық жанрлары дамыған. Топшураға (ішекті музыкалық құрал) қосылып жыршылар көмеймен айтатын батырлық эпостары бар. Фольклор жанрының бұл түрі тарихи ақпараттарға да бай. Зерттеушілер жыр-әпсаналарды үш топқа бөледі. Сондықтан олар Алтай тайпаларының дамуының үш кезеңіне сәйкес келеді. Алтай халықтарының батырлық эпостарына «Алтай-Буучай», «Алып-Манаш», «Тектебай-Мерген», «Қан-Кюлер», «Эн-самыр», «Қан-Қыпшақай», «Қозын-Еркеш» және «Темір-Сана» тағы да басқа жырлары жатады.

 

Алтай тілі – түркі тілдер тобындағы қыпшақ тармағына жатады. Алтай тілдер тобы қырғыз тіліне де жақын. Тілдері алтай диалектісіне, теленгиттер говорларына, телеуиттер тіліне, тубалар, кумадин тіліне бөлінеді. 1989 жылғы деректер бойынша алтай тілін алтайлықтардың 85,5 % ана тілім деп таниды. Алтай тіліндегі жазу ХІХ ғасырдың 30 жылдарында орыс әліпбиі негізінде жасалынды. Алтай Республикасында алтай тіліне орыс тілімен қатар мемлекеттік статаус берілген. Әдеби алтай тілі 1922 жылдан бері қарай өмірге келді деп есептеледі. Алтай тілінің оңтүстік диалектісі – алтай-кижи, теленгит, солтүстік диалектісі – туба, кумадин, челкан болып бөлінген. Қазіргі таңда 2% ғана алтайлықтар өз ана тілдерінде сөйлейді. Жазуда олар орыс алфавитін төл төрт әріптерін қосып қолданады. Алтайлықтардың оңтүстік диалектісі қазақ тіліне ұқсас. Мектептерде алтай тілі оқушының қалауымен оқытылады.

 

  Салт-дәстүрлері

 

Негізгі мейрамы – түрік мейрамы. Ол кедр жаңғағын жинау науқанының басталуына байланысты тойланатын мейрам. Аталған мереке тамыздың соңында, қыркүйектің басында өткізіледі. Екіншісі – чага-мейрам. Оны «ақ мейрам» деп атайды. Және чага мерекесі ақпан айында тойланады. Сонымен бірге пұттық, теңесу мейрамы бар. Ол дылгаяқ деп аталады. Орыс халқының масленницасына ұқсас. Осы мейрамда алтайлықтар өткен жылдың символы ретінде қорқынышты бейнелерді жағады. Көңілді шаралар, жәрмеңкелер, жарыстар ұйымдастырады.

 

  Дәстүрлі тағамдары

 

Алтайлықтардың ұлттық тағамдарына ет пен сүттен жасалынған тағамдар жатады. Сонымен қатар ет, май, жылқы етіне арпа дәндерінен қосылып жасалынған көже, талқан, ірімшік, кептірілген құрт пен тұздалмаған ірімшікті пайдаланған. Және жеуге жарамды өсімдік сабақтары мен тамырларын қосып, ашыған сүт көжеге түйілген бидай қосып тағамдар дайындаған. Ашыған сүт өнімдерін жақсы сақтай білген.

 

  Киімдері

 

Киім түрлерінен ұзын көйлек, шалбар, сырқы киімнен сукналық халат (шекпен), қой терісінен ұзын тон және жүннен тігілген малақай және етік жатады. Тұрмыстағы әйелдер киім сыртынан жеңсіз, ұзын кеудебай (шегедек) киген. Алтайлықтардың ұлттық киімі – қой терісінен тігілген тон. Ол мал шаруашылығының жоғарғы деңгейде дамуының нәтижесі.

 

Алтайлықтардың киім киюінде аймақтық ерекшеліктер де бар. Оңтүстік алтайлықтар ұзын көйлек, жеңі кең, жағасы ашық және кең шалбар киген. Оларды матадан немесе теріден тіккен. Сыртынан қой терісінің жүнін ішке қаратып қапсырған тон киген. Тонның оң жақ бөлшегі молырақ пішіліп, кеудені жылы жабады. Тонды кең матамен буынып, қысы-жазы кие беретін болған. Әйелдер тонның сыртынан кеудебай-шегедек киген. Жазда тонның орнына матадан, кездемеден тігілген халат киетін болған. Кеудебай-шегедек ашық түсті матадан тігіліп, әсемделген. Аяқтарына өкшесі жоқ жұмсақ тері етік киген. Бастарына түрлі-түсті маталардан оюланып тігілген дөңгелек бас қиім киген. Бас киім негізі қара қойдың терісіне тігілген бұлғын терісінен әшекейлері болған.

 

Солтүстік алтайлықтардың киімдерінің пішілуі мен материалдары өзгеше. Олар зығыр мен шырмауықтан жасалған жіптерден мата тоқыған. Олардан ұзын көйлек пен шалбар тіккен. Сыртынан халат тәріздес көйлек киген. Оның жеңі, жағасы, етегінің жиектері түрлі-түсті жіптермен өрнектелген. Әйелдер бастарына орамал тартқан. Аңшылардың киімдерінде ерекшеліктер болған. Олар киізден күртеше, жүннен шалбар киген.

 

ХХ ғасырдың басынан алтайлықтардың ата қоныстарына орыстардың көптеп қоныстануына байланысты киімдерінде орыс шаруалары мен қала халқының киімдерінің элементтері кіре бастайды. Ірі елді мекендерге қоныстанған алтайлықтар орыс шаруаларының киім үлгісіне көшеді.

 

Дәстүрлі үйлері

 

Алтайлықтардың дәстүрлі тұрғын үйі – сопақша киіз үй. Ол көпбұрышты ағаштан жасалған, ағаш қабықтарымен жабылған күрке тәріздес, қазақ үй сияқты үйлер. Оңтүстік алтайлықтардың өмір салтына сәйкес тұратын үйлері болды. Көшпелі киіз үйді және аиыл деп аталатын бақандардан жасалатын алтыбұрышты құрылысты пайдаланды. Алтайлықтардың қоныстары бірінен-бірі алшақ орналасқан. Әдетте, қоныстарда бірнеше үйлер болады. Қоныстар өзен бойларында салынады. Тұрғын үйлері ауа райына байланысты таңдалған. Оңтүстік алтайлықтарда шошақ формадағы киізбен қапталған, ағаштардан негізі бар киіз үй тәріздес болған. Осындай үйлерді олар жапырақты ағаштармен жапқан. Челкандықтар мен тубалар бөрене, тақтай, кесек ағаштардан құрастырылған төрт бұрышты айлу, (чайлу) деп аталатын үйлерде тұрған. Отты үйдің ортасында жаққан. Түтін төбедегі тесіктен сыртқа шыққан. Үйдің төбесін ағаш қабықтарымен жапқан. Сонымен қатар көпбұрышты киіз үйлерді, төбесін бақандармен, жапырақты талдармен жауып көп пайдаланған. ХХ ғасырда отырықшы орыс халқымен кең араласу нәтижесінде бөренелерден тұрғызылған, едені, терезесі, пеші бар орыс үйшіктеріне ұқсас үйлер салына бастады. Байлар тіптен екі қабатты, жонылған ағаштардан құралған, темірмен шатырланған кең үйлер салды. Ірі мал иеленушілер жылуы жақсы материалдардан тұрақты мал қоралар салды. Кейде осы құрылыстардың барлығы бір жерге шоғырландырылып бұрын алтайлықтарда болмаған үй-жайлар салынды. Кеңес билігі кезеңінде алтай халқы ұжымдастырылып, кеңестік тұрмысқа көшірілді. Әрине, бұл процесс бірден етек алып кете қойған жоқ. Алтай халқы өзіне тән өмір сүру мәдениетін біршама өзгерістер енгізе отыра сақтай алды.

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: