Flynas әуекомпаниясы Қазақстанға тікелей рейс ашады

6 Сәуір 2023, 20:52 829

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын саудтық FlyNas әуекомпаниясының бас директоры Бандер Әл-Моханнамен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасын Қазақстанда соңғы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен, атап айтқанда, Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен реформаларын іске асыру аясындағы негізгі мемлекеттік институттарды қайта жаңартудың соңғы кезеңіне айналған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлаудың қорытындыларымен және жаңа Үкіметтің құрамымен таныстырып өтті.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында тікелей тұрақты әуеқатынасын іске қосу мәселелерін талқылады.

Б. Арын ҚР Үкіметінің екі ел азаматтарының іскерлік және туристік сапарларын жеңілдету жөніндегі шаралары, оның ішінде Корольдік азаматтары үшін визасыз режимді енгізу және Қазақстан әуежайларында «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалану мүмкіндігі туралы хабардар етті.

Өз кезегінде Б. Әл-Моханна компанияның қазақстандық тараппен іскерлік және туристік байланыстарды нығайтуға қызығушылығын қуаттап, бұл мақсатта биыл Қазақстан мен Сауд Арабиясы қалалары арасында тікелей тұрақты әуе рейстердің іске қосылатынын мәлімдеді. Бұл рейстерді «Airbus A330» жаңа ұшақтары жүзеге асыратын болады.

EL.KZ
Бөлісу: