FlyArystan-ның рейстерді жиі тоқтатуы, кешігуі және бағасына қатысты шағым көп – Мәжіліс депутаты

13 Қыркүйек 2023, 12:21 1309

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев премьер-министрге FlyArystan әуе тасымалының рейстерді жиі тоқтатуы, кешігуіне қатысты және әуе компаниясының бағасына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылы осы компания құрылғанда Мәжіліске Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігі Азаматтық авиация комитетінің басшылары келіп, компанияның мақсаты аумақтық қалаларды авиакемемен қамту, қымбат рейстерге бәсекелестік жасау және билеттерді 10 мыңнан аспайтындай етіп қолжетімді бағада сататыны жөнінде уәдесін берген еді. Шындығында, бәсекелестік болмады. Керісінше, бағалары Air Astana және басқаларынан арзан емес болып шықты. Бұл жолаушылар тарапынан көптеген наразылық тудырды. Тіпті бұл екі компанияның бухгалтериясы да бөлек емес. Қос компания бір иесіне қызмет етіп жүр. Бұл – монополия, – деді депутат.

Мәжілісмен азаматтардың табысына сай бағасы қолжетімді болуын және FlyArystan компаниясын Air Astana компаниясымен нағыз бәсекелестік болу үшін бөлек шығарып, болашақта жекешелендіруін талап етті.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: