“Flamingo Fest”: Ақмолада бұрын-соңды болмаған фестиваль өтті

“Flamingo Fest”: Ақмолада бұрын-соңды болмаған фестиваль өтті

Ақмола облысында алғаш рет “Flamingo Fest” фестивалі өтті. Мәдени-туристтик және экологиялық коллаборация форматында ұйымдастырылған фестиваль экотуризмді дамыту, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталып, өнер арқылы аймақтың бірегей келбетін паш етті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қорғалжын өлкесі – табиғаттың ғажайып көріністерімен ғана емес, қазақтың әйгілі «Дударай» әнімен де танымал қасиетті өңір. Бұл өлке қазынаға толы тарихымен, әсем әнімен және қайталанбас қоқиқаздарымен халқымыздың мәдениеті мен руханиятында ерекше орын алады.

Фестиваль аясындағы мәдени бағдарламаға көптеген өнер иелері қатысты. Фестивальдің келесі бөлігі Бытығай алаңында өткен көрме-жәрмеңкемен жалғасты. Мұнда «Көкшетау сүт зауыты», «Родина» агрофирмасы және басқа да өңірлік кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынды. Қолөнер шеберлері ағаш, киіз, тері, сүйек, былғарыдан жасалған бірегей бұйымдарын көрмеге қойды.

Ұлттық ойындар алаңында жамбы ату, садақ ату, қазақша күрес, асық ату тәрізді спорттық сайыстар ұйымдастырылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Қонақтар Қорғалжын қорығы музейіндегі қоқиқаздарға арналған экспозициямен танысып, кейін Шалқар көлінде қоқиқаздарды табиғи ортада тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Фестиваль аясында шығармашылық байқаулар да ерекше тартымды өтті, «Flamingo Art» суретшілер байқауы, «Қанат қаққан әуен» ақындар мүшәйрасы, «Wings of the Steppe» фольклорлық ансамбльдер фестивалінің қатысушылары ұйымдастырушылардың ақшалай сертификаттарымен марапатталды. 

Облыс әкімдігі «Flamingo Fest – 2025» – табиғат пен мәдениетті, өнер мен дәстүрді бір арнаға тоғыстырған жарқын мереке ретінде көпшіліктің есінде қалғанын алға тартты.