Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептердегі жаратылыстану пәндерін біріктіру жөніндегі пікірталастарға нүкте қойды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алматыда 11 желтоқсанда өткен жас ғалымдардың II халықаралық конгресінде көп талқыланған бастама - физика, химия және биологияны бір пәнге топтастыру күн тәртібіне шықты. Министр бұл ұсынысқа министрліктің нақты ұстанымын жариялады.
Қазір жаратылыстану бағытындағы пәндерді біріктіру туралы қоғамда әртүрлі пікір айтылып жүр. Бірақ біздің шешім біреу: бұл пәндер өз алдына жеке қалып, бұрынғыдай жеке-жеке оқытылады, - деді Сүлейменова.
Ол әр пәннің өзіндік маңызы бар екенін атап өтіп, «физика - физика болып, химия - химия, биология - биология күйінде қалады» деп нақтылады. Сонымен қатар, пәндерді біріктіру жөніндегі бастама ресми түрде тоқтатылғанын айтты.
Бұған дейін елімізде алгебра мен геометрияны «математика» атауымен бір пәнге қосу туралы ұсыныс жарияланып, жаңа мемлекеттік стандарт 2026 жылы енгізілуі мүмкін екені айтылған еді. Ұлттық білім академиясы тарих пен құқық негіздерін «қоғамтану» пәніне топтастыру, ал жаратылыстану ғылымдарын бір пәнге біріктіру жөнінде де пікір білдірген.
Алайда бұл идея қоғамда қызу пікірталас туғызды. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев мұндай өзгерістер білім сапасына зиян тигізуі мүмкін екенін ескертіп, алгебра мен геометрияны бөлектеп оқытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, алгебра абстрактілі ойлауды дамытса, геометрия нақты кеңістіктік түсініктерді қалыптастырады. Сондықтан оларды біріктіру оқу процесіне кері әсер етуі ықтимал.
Әбішев жаратылыстану мен математика пәндеріне бөлінетін оқу уақытын да қысқартуға болмайтынын мәлімдеді.