Финляндияда дрондар арқылы тамақ жеткізу іске қосылды

Финляндияда дрондар арқылы тамақ жеткізу іске қосылды

Финляндияда қала маңындағы аудандардың бірінде тамақты дрондар арқылы жеткізу қызметі іске қосылды. Wolt, Manna және Huuva компаниялары бірлесіп жүзеге асырған жоба аясында ұшқышсыз аппараттар күн сайын жұмыс істеп, тапсырыстарды курьерлерге қарағанда жылдамырақ жеткізуде. Дрондар кептелісті айналып өтіп, жаңбырлы ауа райында да тоқтаусыз қызмет көрсетеді.

Қашан басталды?

2025 жылдың қыркүйегінде Финляндияның Эспоо қаласында дронмен тамақ жеткізу сервисі ресми түрде іске қосылды. Жобаны ирландиялық Manna, Wolt және фин стартапы Huuva жүзеге асырды.

Пилоттық кезең 2025 жылдың ақпанында басталып, барлық қажетті рұқсаттар алынғаннан кейін коммерциялық форматқа өтті. Соңғы екі айда дрондар тұрақты түрде тапсырыс жеткізіп келеді.

Ұшулар Wolt Market маңындағы ортақ старт алаңынан жүзеге асады. Дрондар Эспоодағы Нииттари ауданы шегінде қызмет көрсетеді.

Жеткізу қалай жүзеге асады?

Процесс бірнеше кезеңнен тұрады:

  • Huuva асханаларында серіктес мейрамханалардың тағамдары дайындалады;
  • Курьерлер оларды термосөмкелермен старт алаңына жеткізеді;
  • Операторлар тапсырысты өлшеп, жүктің параметрлерін тексереді және оны герметикалық қаптамаға салады;
  • Ирландияда орналасқан басқару орталығы маршрутты бекітіп, дронды ұшырады;
  • Қону алдында дрон жеткізу аймағын фотоға түсіріп, оны адам тексереді;
  • Содан кейін тапсырыс био арқан арқылы жерге түсіріледі.

Дрондар шамамен 2 кг жүк көтере алады, бір рейсте екі жеткізу жасай алады және жаңбыр мен желде де жұмыс істеуге бейімделген.

Нәтижелері қандай?

Жобаға қатысушы Manna компаниясының дрон жеткізу саласында тәжірибесі бар. Ирландияның Дублин қаласында соңғы 1,5 жылда 50 мыңнан астам рейс орындалған. Бұл жеткізулер қатты жел мен жаңбыр сияқты күрделі ауа райында да жүзеге асқан.

Осы тәжірибе компания үшін Финляндия нарығына шығуда шешуші фактор болды. Солтүстік елдерде технологияның климатқа төзімділігі аса маңызды.

Тағы қай елдер қолданады?

АҚШ-та Alphabet компаниясына тиесілі Wing сервисті Walmart-пен бірлесіп дамытып, Техас пен Вирджиния сияқты штаттарда тұрақты жеткізу рейстерін орындайды.

Африкада Zipline компаниясы Гана мен Руандада вакциналар мен дәрі-дәрмектерді дрондар арқылы жеткізіп келеді. Кей өңірлерде бірнеше сағаттық жол 10-20 минутқа қысқарған.

Жеткізу құны қанша?

Huuva бағалауынша, дрон арқылы жеткізу құны бір еуро ғана (шамамен 610 теңге), ал дәстүрлі курьерлік жеткізу €5–6 тұрады (шамамен 3600 теңге).  Бұл айырмашылық болашақта жеткізу бағасының төмендеуіне, дрондардың курьерлердің бір бөлігін алмастыруына және қызметтің қолжетімділігінің артуына әкелуі мүмкін.

Дрондар жол жағдайына тәуелді емес, кептелісте тұрмайды және айналма жол іздемейді. Бұл әсіресе қала маңындағы аудандарда жеткізудің кешігуін азайтып, қарбалас кезінде де сервистің сенімділігін арттыруы ықтимал.