"Финишке таяп қалдық". Жүрсін Ерман сырқаты ауыр екенін айтты

30 Қазан 2023, 14:30 37750

70 жасты еңсерген ақын Жүрсін Ерман жақында дүниеден озған Несіпбек Айтұлының өзінің мәңгілік досы болғанын, оның қазасынан кейін есеңгіреп қалғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Таңшолпан» бағдарламасына сұхбат берген ақын өзінің жағдайы туралы айтып берді.

Мен енді 70-тің үстіне шығып кеттім. Сырқат ауыр боп тұр. Әрнәрсе ойналасың. Финишке таяп қалдық. Менің мәңгілік досым бар еді. Несіпбек Айтұлы деген. Жақында дүние салды ғой. Соның қазасы жаныма батты. Алдында ғана маған келіп, көңіл сұрап кеткен. Кеткен соң 3 күннен кейін құлап, инсульт деген бәледен оңалмады. Бұрын көп жазатын едім. Қазір жазуды да қойып кеттім. Өйткені, жазуға да көңіл-күй керек. Сау адамның көңіл-күйі керек, - дейді ақын.

Сондай-ақ ол жақында алған "Отан" ордені туралы ойын айтты.

Республика күнінде Президентіміз "Отан" орденімен марапаттады. Бұл - аса жоғары награда. Салмағы ауыр, соған лайық болу керек. Кішкене құлшынып жұмыс істеу керек. Шамам келгенше жұмысты да атқарып жатырмын, - деді Жүрсін Ерман.

Айта кетейік, 16 қазанда ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы дүниеден өткен еді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: