Фильмдерді қазақша дубляждаумен "Болашақтың" ісі бітер ме?

28 Мамыр 2018, 14:21 8312

Қазақша дубляждалған тағы 4 фильмнің премьерасы дайындалуда

Кино адамзаттың озық идеяларын, өркениет жетістіктері мен саналы ойды жеткізетін ең пәрменді көркем құралдардың бірі. Соңғы жылдары отандық киноөндірісі бізге не ұсынды? Біздің балаларымыз экраннан не көруде, кімге еліктеуде? Ауыл балалары кинотуындылардан тыс қалып қойған жоқ па? Бұл сұрақтардың жауабын жақын уақытта табамыз деген ойдамыз. Себебі бүгінгі таңда киноөндірісі өзгерістерді қажет ететін салалардың бірі болып тұр. Бұл мәселер «Болашақ» Корпоративтік Қорының «Өзіңнен баста» жобасының презентациясында талқыланды.  

Жеті жыл ішінде «Өзіңнен баста» жобасы аясында  23 голливудтық кинокартина қазақ тіліне дубляждалды. Олардың дені отбасымен көруге арналған кең аудиториялы фильмдер. Бірақ бұл саланың толыққанды дамуы үшін заңнамалық тұрғыда өзгерістер енгізу қажет екені айтылды. Бұл туралы ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты, «Болашақ» Ассоциациясы Кеңесінің Төрғасы Бахтияр Мәкен былай деді:

 - Қазіргі кинематография заңының басты мақсаты ұлттық киноиндустрияны дамыту, прокаттау мәселелерін шешу, кинотуындылардың сапасын арттыру, балаларға берілген уақыт мөлшерін бекіту. Болашақта арнайы қор ұйымдастырылатын болады. Бұл қор арқылы жас мамандар өз фильмдерін түсіруге демеуші тарта алады. Осылайша  ойында жүрген шығармашылық ізденістерін жүзеге асырады. Сонымен қатар жаңа заң жобасында кинотеатрда картинасын көрсету үшін прокаттау кезінде жеңілдіктер беру, салықтың белгілі бір мөлшерін алып тастау мәселелері қарастырылған. Әдетте біздің отанық кинолар түсіріледі, бірақ көрерменге жол тартуы қиындау. Кинотеатрларға шығарудың өзі қаражатты талап етеді. Бір жағынан кинотеатрға төлейтін ақысы, салығы да бар.  Мұның өзі киноөндірісіндегі серпіліс әкелетін жаңалық деп ойлаймын. Егер бұл заң қабылданар болса отандық киноөндірушілер жеке табыс салығынан босатылады. Әзірге заң жобасы киноөндірушілермен, прокат саласындағы мамандармен  талқыланды, енді жұмыс тобы қарастыруда. Биыл күзде заң жобасы қабылдануы тиіс.

Кинотеатрларда қазіргі уақытта қазақша дубляждалған фильмдер ыңғайсыз уақытта көрсетілетіні жасырын емес. Алдағы уақытта біз бұл фильмдерге ақпараттық мониторинг жасайтын боламыз. Голливуд фильмдерін дубляждауды да қолдау қарастырылуда, алдағы уақытта фильмдерді дубляжлаумен тек «Болашақ» корпоративті қоры ғана емес, басқа да азаматтар барынша атсалыса бастайды деп үміттенеміз.  Болашақ қорының қолдауымен 7 жылда 23 кинокартина қазақша дубляждалса, мемлекет қолдау білдірген жағдайда бұл көрсеткіш әлдеқайда артар еді.

Жоба аясында қаржылық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп жүрген әріптес компаниялардың бірі де бірегейі «Меломан» компаниясы. Қазақ тіліндегі контентке сұраныс туралы «Меломан» компаниясының бас директоры» Вадим Голенко айтып берді:

- Бұл идеяны әкелген көрермендердің өздері. Біз Қазақстандағы отбасылық дүкендер желісіне иелік ететін компаниялардың біріміз. Біз үнемі қазақ тіліндегі контентке үлкен сұранысты байқаймыз. Мысалы, қазіргі сәтте біздің дүкендерде жиі қойылатын сұрақ: «Гарри Поттердің қазақшасы бар ма?» Біз Гарри Поттерді орыс және ағылшын тілдерінде сатамыз. Ал аудитория қазақ тіліндегі өнімді іздейді. Мен Гарри Поттер кітабының қазақша нұсқасын аударып, басып шығаруды ойлап жүргеніме 5 жылдай болып қалыпты. Сондай-ақ көрермендер де отбасылық қазақша контенттің жетіспеушілігі туралы жиі айтатын. Дисней өнімдері ең көп сұранысқа ие. Алайда біз Диснейдің өте прагматикалық бизнес құрылым екенін де білеміз. Олар тек коммерциялық модельдерге ғана назар аударады. Біз қазір өз жолымыздың тек бастауына тұрғандықтан, қазір ғана контент платформасын қалыптастырып жүрміз. Сондықтан Диснейге Қазақстанда осындай жобаны құру қажет екенін айтып, көндірдік. Бұл мәселеге Бауыржан Бәйбек мырза ғаламат көмек көрсеткен болатын. Ол  «Уолт Дисней Компани СНГ» бас директоры Марина Жигалова-Озканмен өзі кездесіп мұндай жобаны құру қажеттілгі туралы айтып бірлесіп жобалар жасауға шақырды. Қазір қазақша контент тек кинотеатрлар мен хоумвидеоларда ғана емес, самолет борттарында, ivi сияқты ресурстарда да қолжетімді. Біз барлығымыз бірігіп осындай тамаша контенттер жасадық, енді бұл туындыларды бүкіл отбасымен бірге қарау мүмкіндігі туындады.

Монстрлар демалыста анимациялық фильмінің трейлері

2011 жылдан бері «Болашақ» Ассоциациясының Корпоративтік Қоры «Өзіңнен баста» жобасы асясында 23 голливудтық кинокартина қазақ тіліне дубляждалған. Биыл жас көрермендерге арнналған 4 фильмнің қазақ тіліне дублядалған премьерасы көрсетілмек. Бұл туралы «Болашақ» Корпоративтік Қорының директоры және «Болашақ» Ассоциациясы Кеңесінің мүшесі Динара Чайжунусова айтып берді:

Жақында, 14 маусымда «Суперсемейка2» («Суперотбасы2»), 12 шілдеде «Монстры на каникулах 3» («Монстрлар демалыста 3») анимациялық фильмдерінің премьерасы болады. Ал қараша айында «Щелкунчик и четыре королевства» фильмі мен «Ральф против интернета» анимациялық фильмінің тұсаукесері болмақ. Яғни қазақстандық көрермен Адам Сендлер, Самуэль Л. Джексон сияқты танымал голливудтық актерлердің кейіпкерлерін қазақ тілінде тамашалайды.   

Арай медиа групп және Дисней корпорациясының арасындағы құпиялық туралы келісім бойынша әзірге фильмдерді дубляждауға қатысқан актерлердің аты-жөндерін премьералар шықпай тұрып айта алмаймын. Бірақ алдыңғы кинотуындыларға да қатысқан белсенді мамандарымыз бар. Олардың арасында режиссер Шах-Мұрат Ордабаев, Азамат Қанапия, Гүлназ Әуесбай, Айнұр Болат және басқа да талантты актерлер бар. 

Суперотбасы анимациялық фильмінің трейлері

Соңғы уақытта қазақ тілді жас аудиторияның қазақ тілді кинотуындыларды көру мүмкіндігі туындай бастады. Алайда ірі қалалардың өзінде қазақша дубляждалған муьтфльмді барлық кинотеатрдан және ұтымды уақытта көрсете бермейді. Бұл көкейтесті мәселе жөнінде танымал блогер Аршат Ораз facebook әлеуметтік желісінде жазған болатын.  Бұл мәселе жөнінде Динара Чайжунусова  ханым былай деді:  «Қазіргі уақытта кинотеатрларда қазақ тіліне дубляждалған фильмдерді прокатқа шығару  аудитория үшін ыңғайсыз уақытта жүзеге асырылады. Осыған орай, «Болашақ» Корпоративтік қоры кино мен теледидар өнеркәсібінде қазақ тілін қолдау жүйесін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірледі, оның ішінде салалық субъектілер үшін салық жеңілдіктері де қарастырылған».

Дегенмен орыс және қазақ тіліндегі киноөнімдерін қатар көре алатын қала балалары үшін бұл мәселе жаңа заң жобасы аясында шешіледі деп үміттенеміз. Қазақстанда бүгінгі күні 73 кинотеатр және 260 зал бар. Олардың дені ірі қалаларда орналасқан. Шағын қалалар мен ауыл балалары ең оптимистік болжамдардың өзінде сапасыз пираттық нұсқасын көруі мүмкін. Бірақ «Болашақ» корпоративтік қоры бұл мәселенің де шешімін тапқанын айтады.  

«Болашақ» Корпоративтік қоры ivi.ru онлайн-кинотеатрымен ықтамақтастық келісімшартын жасады. Жоба аясында дубляждалған барлық кинофильмдерді ivi.ru онлайн-кинотеатрынан көруге боолады. Бұл келісімшарттың артықшылығы енді дубляждалған кинотуындыларды тек қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шетелдегі қазақтілді көрермендер тамашалай алады.

 «Бұл Қазақстаннан тыс жерде тұратын отбасылардың ана тілін ұмытпауы, балаларына қазақ тілді қызықты әрі сапалы контентті беруі үшін таптырмас құрал. Қазақ тілді контентке қол жетімділікті жеңілдету үшін қолдан келгенін аямаймыз. Қазір «Болашақ» КҚ мен бірге қазақ тіліндегі контентті әлемнің түпкір-түпкіріне еш қиындықсыз жеткізу біздің мақсатымыз», - деді ivi.ru онлайн-кинотеатрының халықаралық дамыту директоры Артем Егоренков.

Дубляж құнына келетін болсақ. қазақша дубляждалған 1 анимациялық фильм құны шамамен 150 мың АҚШ долларды құрайды. Мұның ішіне дубляж шығынымен қоса, Лондондағы Shepherd's студиясындағы ақтық біріктіру,  кинотеатрлардағы жарнамалау, прокаттық жарнамалау және қоғаммен байланыс бойынша жұмыстарға жиналады. BI Group компаниясы алғашқы екі фильмді дубляждауға көмек берген.  Бұл «Суперотбасы 2» және «Монстрлар демалыста 3» мультфильмдері.

«Әр фильмдерге біз 49 млн теңге жұмсадық. Болашақта біз мұндай әлеуметтік жобаларды мүмкіндігінше қолдауға тырысамыз», деді BI Development компаниясының қаржы басқармасының төрағасы Қайрат Шаяхметов.

Қазіргі уақытта қазақстандық жас аудитория (6-12 жас аралығындағы) еріксіз шетелдік контент көрерменіне айналуда. Мектеп жасына дейінгі балаларға "Балапан" арнасының дайындаған телеөнімдерін ұсынсақ, мектеп оқушылары мен жасөспірімдерге ауыз толтырып ұсынатын дүние жоқ. Ал бала ой-өрісі, дүниетанымы, арманы мен мақсаты дәл осы уақытта қалыптасады емес пе? Егер тұтынушылардан сұраныс, талап болмаса болмаса, ешбір сала дамымайды. Сондықтан кітап дүкеніне барсаңыз да, кинотеатрға барсаңыз  да алдымен қазақ тіліндегі нұсқасын сұрап, қызығушылық білдіре жүріңіз. "Өзіңнен бастау" болашақ еншісі емес, бүгінгі күн талабы болуы тиіс.  

 

Фото мен трейлерлер "Болашақ" Корпоративтік Қорының баспасөз қызметінен алынды

Бөлісу: