Қалибек Қуанышабев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры көрермен назарына «Фигароның үйленуі» спектаклінің премьерасын ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қойылымның жанры музыкалық комедия болып табылады. Шығарманың авторы – Пьер де Бомарше. Ал шығарманы қазақ тіліне аударған – Еркін Жуасбек.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Қалибек Қуанышбев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұжымы бұл спектакльдің премьерасына бес ай бойы дайындалған.
Қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Дирижер – «Мәдениет саласының үздігі» Ерлан Бейсембаев. Қоюшы суретші – Ерлан Тұяқов. Хормейстер – Ержан Сансызбаев. Музыкалық редактор - Гүлмира Үмбетова, Татьяна Развина. Әнге сөз жазған - Мирас Әбіл. Хореограф – «Мәдениет саласының үздігі» Салтанат Сұңғат. Жарық қою бойынша суретші – Азамат Бекбембетов.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Бұл шығарма комедиялық жанрдың бір үлкен деңгейін талап ететіндіктен, біз өзіміздің театрдың ерекшелігіне сай музыкалық комедия ретінде қойдық. Оның ішінде опера өзінше бір деңгей, дүние әлемі бөлек болған соң музыкалық драма театрда айтар ойы бар шығарманы неге сахналамасқа деген шешім қабылдадық, – дейді қоюшы режиссер Нұрлан Жұманиязов.
«Фигароның үйленуі» — Моцарттың ұлы музыкалық мұрасымен көмкерілген жарқын комедия. Спектакльде тапқыр қызметші Фигаро мен оның сүйіктісі Сюзаннаның үйлену тарихы баяндалады. Олардың бақытты болу жолына Альмавива графының қитұрқы әрекеттері кедергі келтіреді. Махаббат пен айлакерлікке толы бұл қойылым көрерменді ерекше әсерге бөлейді.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Спектакль театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Махаббат пен зұлымдық, шынайылық пен екіжүзділікті бейнелейтін бұл туынды көрерменді ерекше әсерге қалдырды.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Премьера күндері спектакльде жас актерлер мен танымал артистердің қатысуымен екі құрам өнер көрсетті. Фигаро рөлін театрдың жас актерлері Әнуар Бектас пен Әли Қалдар сомдады. Сюзанна рөлін – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынгүл Серкебаева, Ситора Анварова, Сағыныш Нұрхайдарова, Граф рөлін – Бәзіл Сұлтанғазы, Қайыржан Садықов, «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов, Графиня рөлін – «Мәдениет саласының үздігі» Гауһар Жүсіпова, Гауһар Исмаилқызы, Марселина рөлін – Қазақ мәдениетінің қайраткері Бақыт Жұмағұлова, Айшолпан Жаңабергенова, Бартоло рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаев, Бекарыс Шалқар сомдады.
El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ
Айта кетейік, бұған дейін «Фигароның үйленуі» музыкалық комедиясы Лондондағы «Королевская опера» үйі, Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқты әлемнің үздік театрларында сахналанып, көрермендердің қошеметіне бөленген.