Ferrari өзінің алғашқы толықтай электрлі спорткарын ресми түрде таныстырып, оның интерьерін көпшілік назарына ұсынды.
Жаңа модель Luce деп аталады. Итальян тілінен аударғанда «жарық» деген мағынаны білдіреді.
Сарапшылардың айтуынша, Ferrari «дөңгелектегі планшет» концепциясынан саналы түрде бас тартып, салонда физикалық басқару тетіктері мен тактильді сезімге басымдық берген.
Автокөліктің ішкі кеңістігі минималистік стильде жасалған. Салонның негізгі архитектурасы үш дисплейдің айналасында құрылған: жүргізушіге арналған аспаптар панелі, орталық экран және қосымша дисплей. Бұл шешім ақпаратты ыңғайлы қабылдауға және жүргізушімен тікелей байланыс орнатуға бағытталған.
Руль дөңгелегі үш сәулелі, ашық алюминий құрылымымен ерекшеленеді. Ол қайта өңделген алюминийден жасалған және Ferrari-дің стандартты рульдерінен 400 граммға жеңіл.
Ерекше назар аударарлық детальдардың бірі – көліктің кілті. Ол Gorilla Glass әйнегінен жасалып, E Ink дисплейімен жабдықталған. Автокөлік іске қосылған сәтте кілттің түсі өзгеріп, визуалды әсер береді.
Салон әрлеуінде алюминий мен әйнек кеңінен қолданылған. Ferrari қолданылған алюминий қоспасының қайта өңделген материал екенін, оның сандық бағдарламалық басқаруы бар (CNC) станоктарда өңделгенін атап өтті. Беріліс қорабы да әйнектен жасалған.
Компания дерегінше, италиялық брендтің алғашқы электрлі спорткары 1000 ат күшінен асатын қуатқа ие. Алдын ала мәлімет бойынша, Luce сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 2,5 секундта үдей алады.