21.10.2025
09:17
325
Ferrari ерекше SC40 суперкарын таныстырды

Ferrari ерекше SC40 суперкарын таныстырды

Италиялық Ferrari компаниясы тапсырыс бойынша жасалған жалғыз даналы SC40 суперкарын таныстырды. Жаңа үлгі Ferrari 296 GTB базасында әзірленіп, компанияның Special Projects (ерекше жобалар) бағдарламасы аясында жасалған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Көліктің дизайнын Ferrari-дің бас дизайнері Флавио Манцони жасаған. Ол бұған дейін 296 GTB, F80, 12Cilindri және LaFerrari секілді әйгілі модельдердің авторы болған. SC40 атауы аты аңызға айналған Ferrari F40 моделіне құрмет ретінде қойылған.

SC40 толықтай жаңадан жасалған кузовқа ие. Дизайнда айқын бұрышты сызықтар мен біртіндеп жұмсаратын формалар үйлесім тапқан. Көлік ұзын әрі аласа капотымен, қысқа артқы бөлігімен және ірі тұрақты артқы спойлерімен ерекшеленеді. Ferrari мамандарының айтуынша, жаңа аэродинамикалық шешімдердің арқасында SC40 моделі 296 GTB-ге қарағанда 10%-ға жоғары қысым күшін (прижимная сила) тудыра алады.

Суперкар 296 GTB шассиін және гибридті қуат жүйесін мұра еткен. Оның жүрегі – үш литрлік қос турбиналы V6 қозғалтқышы, жалпы қуаты 610 кВт немесе 830 ат күші. Іштен жану қозғалтқышының үлесі – 488 кВт (663 а.к.), ал электромотор қосымша 123 кВт (167 а.к.) береді. Гибридті жүйе сегіз сатылы қос іліністі автоматты беріліс қорабымен жабдықталған.

Жаңа аэродинамикасы мен агрессивті дизайнына қарамастан, SC40 жылдамдық көрсеткіштері 296 GTB моделіне тең: көлік 100 км/сағ жылдамдыққа 2,9 секундта жетеді, ал оның ең жоғарғы жылдамдығы – 330 км/сағ-тан жоғары.

Ferrari компаниясы бұл ерекше суперкардың иесінің есімін де, бағасын да құпия сақтап отыр.