Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат минситрлігінің қолдауымен Ұлттық музейде ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған «Өлеңмен өрілген өмір» атты поэзия кеші болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Поэзия кешінің мақсаты – ақынның өмірі және шығармашылығымен таныстыру, ақын поэзиясын насихаттау, жырлары арқылы жастарда отансүйгіштік рухты ояту, туған елімізді, жерімізді сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу.
Суреттер: El.kz/Ажар Лаубаева
Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалынан ақын-жазушылар, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, ҚазҰӨУ, М.Жұмабаев атындағы Халықаралық колледж студенттері, Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясы, А.Байтұрсынұлы атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі, А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысып, ақынның жауһар жырларын оқып, сөзіне жазылған әндер орындады.
Астана қаласы әкімдігінің Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының директоры Нұрлан Ысқақов ақынның мерейтойына орай 25-26 желтоқсан күні Республика көлемінде іс-шара ұйымдастырып жатқандарын айтты.
Сурет: El.kz/Ажар Лаубаева
Біздің мектебіміз 2015 жылы ашылып, 2022 жылдан бастап Фариза Оңғарсынованың есімі берілді. Сол уақыттан бері түрлі іс-шара өткізудеміз. Енді желтоқсан айындағы шарамен осы жылды түйіндейміз, – деді Нұрлан Меңдібайұлы.
Ал Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Гүлжан Жұмашева жазушы Фариза Оңғарсыновамен жеке таныс болған. Алғаш рет ақын қызды академик Рабиға Сыздықованың үйіне қонаққа барғанда көрген.
Сурет: El.kz/Ажар Лаубаева
Апайыммен ұзақ жылдар бойы жақсы араластық. Сырттай қатты көрінгенімен, өте нәзік. Халық оны «қыз Махамбет» деп атайтын. Осы атына лайық біртуар ғалым болды, – деді ол.
Профессор алдағы уақытта ақын қыздың шығармашылығын зерттеу қажет екенін де атап өтті.
Фариза апай дерексіз зат есімдерді көп қолданады. Егер жас ғалымдар, мамандар апайымыздың шығармашылығының тілін зерттесе, керемет болар еді, – деді Гүлжан Кенжеғалиқызы.
Суреттер: El.kz/Ажар Лаубаева
Фариза Оңғарсынова – қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, халықтың сүйікті ақыны, аудармашы, қоғам қайраткері. Оның шығармашылығы қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған баға жетпес мұрасы. Ақын поэзиясымен халқымыздың жүрегіне жол тауып, сөздің құдіретін терең сезініп, халықтың ой-арманын, жан дүниесін бейнелегені үшін өз заманының ұлы тұлғасына айналды. Өлеңдері – өмір мен өнердің үйлесімін, адамдық қадір-қасиеттің маңызын терең сезінуге үндейтін жауһар туындылардың қатарында қала бермек.