15.05.2026
10:42
207

Ежелгі адамдар мұз дәуірінде қалай аман қалды? Ғалымдар жаңа дерек жариялады

Қытайдың орталық бөлігіндегі Линцзин аймағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары адамзат тарихына қатысты тың деректердің бетін ашты.

Ғалымдар шамамен 150 мың жыл бұрын өмір сүрген Homo juluensis деп аталатын ежелгі адамдардың тұрақтарын тапқан. Ең қызығы, табылған жәдігерлер олардың тас өңдеу технологиясын жоғары деңгейде меңгергенін көрсетіп отыр.

Бұған дейін ғалымдар мұз дәуірінде Шығыс Азиядағы адамзат дамуы баяулап қалған деп есептейтін. Алайда жаңа зерттеу бұл көзқарасты жоққа шығарды. Керісінше, қатал климат пен ресурс тапшылығы ежелгі адамдарды жаңа шешім іздеуге итермелеп, олардың тапқырлығын арттырғаны анықталды.

Зерттеу барысында археологтар ежелгі жануар сүйектері арасынан күрделі тәсілмен жасалған тас құралдарды тапқан. Мамандардың айтуынша, мұндай құралдарды жасау үшін жоғары деңгейдегі интеллект пен кеңістіктік ойлау қабілеті қажет болған.

ЖИ көмегімен жасалды

Бұл артефактілер Homo juluensis деп аталатын көне адамдарға тиесілі. Ғалымдардың пайымынша, олар Шығыс Азиядағы архаикалық адамдар мен еуропалық неандертальдардың белгілерін қатар бойына сіңірген ерекше популяция болған. Сонымен қатар зерттеушілер Homo sapiens өкілдері шығысқа қарай қоныс аударған кезде осы тармақпен кездесіп, тіпті байланыс орнатуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Ұзақ уақыт бойы бұл аймақта өмір сүрген ежелгі адамдар Африка мен Еуропадағы замандастарынан технологиялық тұрғыда әлдеқайда артта қалған деген пікір үстем болды. Бірақ Линцзиннен табылған тас өзектерге жүргізілген терең талдау мүлде басқа көріністі көрсетті.

Ежелгі шеберлер тасты ретсіз жарып қана қоймаған. Олар тас формасын үш өлшемді нысан ретінде есептеп, алдын ала жоспармен жұмыс істеген. Кей құралдардың бір бөлігі соққы жасауға арналса, екінші жағы өткір қыр шығару үшін арнайы өңделген.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай технология тас сынығының қалай бөлінетінін жақсы түсінуді әрі ұзақ мерзімді жоспарлауды талап етеді. Бұл Homo juluensis өкілдерін сол кезеңдегі ең дамыған гоминидтердің қатарына қосады. Зерттеу нәтижелері Journal of Human Evolution журналында жарияланған.

Зерттеудегі ең сенсациялық жаңалықтардың бірі – табылған құралдардың жасы қайта есептелгені болды. Бұған дейін археологтар бұл тұрақты шамамен 126 мың жыл бұрынғы жылы кезеңге жатқызған еді. Алайда ғалымдар сүйектің ішінде пайда болған кальцит кристалдарын уран-торий әдісімен зерттеп, артефактілердің жасы одан да ертерек екенін анықтады.

Осылайша құралдардың шамамен 146 мың жыл бұрын, яғни мұз дәуірінің ең қатал кезеңдерінің бірінде жасалғаны белгілі болды.

ЖИ көмегімен жасалды

Бұл жаңалық ғылымдағы маңызды теориялардың біріне күмән келтірді. Бұған дейін инновациялар тек жайлы әрі молшылық кезеңінде пайда болады деген түсінік болған. Ал жаңа зерттеу, керісінше, қиын жағдай адамды бейімделуге және жаңа технология ойлап табуға мәжбүрлейтінін дәлелдеп отыр.

Күрделі тас құралдар Homo juluensis өкілдеріне аң аулауды тиімді жүргізуге, олжаны тез бөлшектеуге және қатал табиғат жағдайында тірі қалуға мүмкіндік берген.

Зерттеушілер пікірінше, бұл жаңалық Шығыс Азиядағы адамзат тарихының әлдеқайда бай әрі күрделі болғанын көрсетеді. Сонымен қатар ежелгі адамдардың интеллекті табиғаттың ең ауыр сынақтарына қарсы күрестегі басты құралға айналғанын дәлелдей түседі.