EXPO – 2017: сенім мен қолдау халықтан

18 Тамыз 2014, 10:17

EXPO – 2017: сенім мен қолдау халықтан

Әлем халқы жаңа дәуірге орай жаңа бастамалар легін 2017 жылы Астанада өтетін «EXPO-2017» көрмесінен көретін болады. «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы шара Елбасы жиырма бірінші ғасырдың тап бесінші сын-қатері деп таныған жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің алдын алатынына сенім мол.  Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында: «Астанадағы Дүниежүзілік «EXPO-2017» көрмесіне дайындықты болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құру үшін пайдалану керек. Мамандар тобы Назарбаев университетінің қолдауымен осы жұмысқа кірісуге тиіс. Біз қоғамдық көлікті отынның экологиялық таза түрлеріне көшіруге, электромобильдерді енгізуге және олар үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға жағдай жасауымыз керек. Еліміз бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр. Жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажет» – дейді.

            Дүниежүзінің екі ірі мұнай компаниясы «British Petroleum» пен «Royal Dutch Shell» 2050 жылға дейін әлемдегі энергияның үштен бір бөлігі күннен, желден, басқа да баламалы көздерден алынып, адамзат энергияны үнемдемесе, әлемдік проблемаларға ұрынуы мүмкін деген болжам айтуда. Ғаламшарда климаттың, жер бетінде адам санының өсуі, сондай-ақ қазба байлықтар қорының түгесілуге жақындығы болашақта энергия үнемдеу мәселесінің үлкен рөл атқаратынын көрсетіп отыр. Еліміздің бас қаласында өтетін «EXPO-2017» халықаралық көрмесі адамзаттың энергетикаға деген тәуелділігін өтейтін технологияларды ұсынады. Яғни баламалы және «жасыл» энергетиканы өндіретін құрылғыларды әлем жұртшылығы алдымен біздің бас қаладан тамашалайды. Астанадағы «болашақтың энергиясы» барша жер бетін Қазақстанға мойын бұрғызады. «EXPO» мен «жасыл» энергетика ел дамуын еселей түссе, әлем халқының сұрауын қанағаттандырары күмәнсіз. Өйткені беделді шараға дайындық барысы осыны айғақтаса, «сен тұр, мен атайын» дейтін ғалымдардың жетістіктерінің жемісі көпті таңдай қақтырмай қоймайды.

            Ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсететін «EXPO-2017: болашақтың энергиясы» көрмесінде әлемнің барлық мемлекеті жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастыратынын айта келіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Астананың жеңіп шығуы бекерден бекер емес. Біріншіден, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті. Іс жүзінде ІІІ индустриялық революция «жасыл экономикадан» басталмақ. Бұл ретте қай елде «жасыл экономика» болса, соның қолында жаңа технологиялар бар. Ал жаңа технологияларсыз енді даму жоқ. Яғни EXPO-2017 Қазақстан үшін экономикалық дамудың түбегейлі жаңа бетін ашудағы бетбұрыс бекетіне айналмақ! Ең бастысы, Астананың таңдалуы – Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің нақты жемісі, бұл – тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның халықаралық сахнадағы ең үлкен жетістігі!» – деген болатын.

Еліміздің басым бөлігі, шын мәнінде, Астанада EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізудің болашақтағы пайдасын толыққанды сезінбей отыр. Бұл туралы еліміздің барлық деңгейдегі әкімдерінің қатысуымен өткен мәжілісте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеген еді. «Меніңше, Қазақстан халқы EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізудің болашақтағы пайдасын толыққанды сезінбей отыр. Бұл халықаралық тұрғыда тәуелсіздік жылдары Қазақстанның жеткен ең жоғары жетістіктерінің бірі. Осы ұйымға 161 мемлекет мүше болып табылады. Олардың барлығы Қазақстанды талқылады. Бұл елдер осындай көрмені өткізуге Астананы саналы түрде таңдады. Біріншіден, олардың мойындау фактісі өте маңызды.  Екіншіден, 100-ден астам ел өздерінің павильондарын салу үшін Елордаға келеді. Ал, үшіншіден, мұның барлығы жаңа технологиялар», – деп айтқан болатын өз сөзінде президентіміз Н.Назарбаев.

Жалпы, ауқымы жағынан Олимпиада ойындары мен әлемдік футбол чемпионатынан кейінгі орында тұрған «EXPO» көрмесін ТМД кеңістігінде тұңғыш рет Қазақстан өткізгелі тұр. Бұл бізге берілген сенім квотасы һәм Елбасының саяси аренадағы дәрежесін сыйлау екені анық. Әрі сыртқы саясаттағы табысымыз бен елді біріктіріп, тұтастыра түсетін уақыттық нышан. Астанаға 3 айдың ішінде 5 миллионның үстінде адам келеді деп күтіліп отыр. Бұл миллиондардың ішінде инвесторлар да, туристер де, журналистер де болады. Демек, Қазақстанға ақпараттық шу, туристік қызығушылық һәм инвестициялық климат жағынан болсын, бұл көрме әбден тиімді. Көрме Астананың инфрақұрылымына үлкен серпіліс әкелетінін де көптеген сарапшы-мамандар айтуда. Жаңа қонақүйлер салынады, жаңа жұмыс орындары ашылады, жеңіл рельсті трамвай жолдары салынып, сауда-саттық дамиды. Шағын және орта бизнес өркендейді. Және бұл көрме елдегі инновациялық рухты жандандырудың, ғылымға ұмтылуға құлшыныс берудің таптырмас тетігі. Жасыл технологияларды дамыту, балама қуат көздерін табу мәселесі өзекті боп тұрған заманда 2017 жылғы көрме талай бастаманы іске асыру кілтіне айналатынына халық кәміл сенімді болуы тиіс. Мысалы, 1939 жылы Нью-Иоркте өткен әлемдік көрмеде Рузвельттің телеэкранда пайда болып, жиналғандарды таң қалдыруымен әлемде телевидение өрістей бастады. Ал Эдисонның фонографы үшінші Париж көрмесінде танымал болып кетті. Ендеше, Астана көрмесінде де жаңа технологиялар мен ғылыми жетістіктердің бағы жанып кетеді деп білеміз.

EXPO-ны өткізу тарихына қарасаңыз, үлкен көрмелердің құрметіне әр ел өзінің техникалық мүмкіндігін паш ету үшін сәулет туындыларын салуға тырысқан. Мысалы, алғашқы EXPO-дан Лондонда Хрусталь сарайы қалған еді, ол 1936 жылы өртке оранып кетті. Парижде Эйфель мұнарасы, Брюссельде Атомиум, Монреальда Хабибат деген ерекше тұрғын үй кешені тұрғызылғаны белгілі. Ендеше, Астана көрмесінде де сәулет тарихына ұялмай кіретін туындылар салынатынына мемлекет кепілдік беріп отыр.  Көрме өтіп біткен соң қалған павильондардың біразы ғылыми зертханалар, ғылыми орталықтар, зерттеу институттары ретінде қолданылады. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Рәпіл Жошыбаев мәлімдеген болатын. Бұл павильондардың негізінде «Зерттеу орталығы» құрылып, оны «Назарбаев университеті» АҚ-ына бекітіп береді.  Бұл дегеніміз, EXPO-дан қалған кешендер Қазақстанның ғылымын дамытуға серпін береді деген сөз.

 Қазақстан «EXPO-2017» көрмесін өткізу арқылы әлемдік танымалдылыққа қол жеткізуге, брендке айналуға мүмкіндігі болады. Брендтің әрқашан қымбат бағаланатыны және қымбатқа түсетіні белгілі. Еуразия құрлығының ортасында Қазақстанның тиімді орналасуы шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырады. Себебі, әрбір адам біліміне қарамастан, жаңа елдерді танып, білгісі келеді және EXPO-ны өткізетін Астана географиялық жағынан бүкіл әлем туристерінің назарын өзіне аудартады. Көрменің экономикалық тиімділіктері де айтарлықтай маңызға ие. Мысалы, халықаралық көрме кешенін салу барысында ілеспе бизнесті дамыту, оның ішінде тамақтану орындарын ашу мәселелері қарастырылуда. «Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясының құрылыс жөніндегі атқарушы директоры Мұрат Омаровтың айтуынша, халықаралық көрме кешенінің аумағында көптеген қоғамдық тамақтану орындары салынады екен. «ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде барлығы 50 қоғамдық тамақтану орны мен 200-ге жуық сауда автоматтары жұмыс істейтін болады», – деді ол.

Әлемдік деңгейдегі шараны ұйымдастыруда ел экономикасына тигізер басты пайдасының бірі – ел аумағында республикалық маңызы бар, арнайы кешен құрылысы салынып, қалааралық жолдар жөнделіп, мемлекеттің туристік әлеуеті айтарлықтай артады. Мысалы, Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметіне жүгінсек, Астана – Теміртау, Астана – Павлодар, Шортанды – Зеренді автокөлік жолдары осы көрменің арқасында қайта төселетін болды. Қазіргі таңда жолды жөндеу, қайта төсеу және құрылыс жұмыстары басталып кеткен. 2016-2017 жылдарға дейін бұл жұмыстар толықтай аяқталуы тиіс. Бұған қоса Астана оңтүстік-батыс айналма жолы салынады. 31 шақырымдық айналма жол астанадағы көліктер ағынын азайтып, жүк көліктерін қала сыртына шығаруға сеп болмақ. Көктемде Шетелдік инвесторлар­кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «EXPO-2017» халықаралық көрме кешені бір реттік қана емес, ұзақ мерзімді стратегиялық жоба екенін баса айтты. Елбасының айтуынша, көрме болашақта Қазақстанның барлық аймақтары үшін технологиялық трансфертке айналуы әбден мүмкін. «EXPO-2017» көрмесіне әлемдегі ең озық технологияларды, ең жақсы дүниелердің бәрін жинаймыз және әлемге бізде не бар екенін көрсетеміз. ЭКСПО көрмесін Қазақстанның бүкіл аймағы үшін орталық технологиялық трансферт ретінде қалдырамыз», – деген болатын Президент Н.Назарбаев.

«EXPO-2017»-нің тағы бір пайдасы сол, біз елімізге келген миллиондаған туристерге ұлттық құндылықтарымызды насихаттай аламыз. Біздің тарихымызға, мәдениетімізге, әдебиетімізге қатысты түрлі кітаптарды шет тілдерге аударып, келген қонақтарға ұсынылады, жан-жақты қосымша көрмелер, концерттер ұйымдастырылады деп күтілуде. Ол үшін үлкен дайындық жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен. Оған халықтың да қосар үлесі болуы қажет. Мысалы, әрбір қазақстандық шамасы келгенше осы шараны насихаттап, сырттан қонақтар, туристер шақыруға өз үлесін тигізсе, одан бәріміз ұтамыз. Интернет арқылы, әлеуметтік желілер арқылы насихаттау шараларын жүзеге асыруға болады. Сонымен  қатар, көрмеде ірі бизнес форумдар, түрлі кәсіби халықаралық жиындар өткізу жоспарланып отыр.

Америкалық экономист, Экономикалық үрдістерді зерттеу қорының жетекшісі Джереми Рифкин «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында әлемде алғаш рет үшінші индустриялық төңкерістің тұжырымдамасы Қазақстанда іске асырылып жатқандығын мәлімдеді. Оның айтуынша, EXPO-2017 бұл Назарбаев университетімен біріктірілетін үшінші индустриялық төңкерістің бір бөлшегі тәрізді. «EXPO-ның идеясын жүзеге асыру Астанада «биосфера жазығын» қалыптастыруға мүмкіндік береді» – деген ол өз сөзінде. Сонымен қатар, ол үшінші индустриялық төңкеріс тұжырымдамасында: «Әйгілі силикон жазығы – бұл ғылыми және кәсіпкерлік машықтардың жиынтығы, жаңалық енгізудің алаңы, бірақ ол да үшінші индустриялық төңкерістің бір бөлшегі. Адамзат баласы енді «биосфера жазығын» құруды ойластыруы керек. Ал, биосфералық зерттеулер – ғылымдағы тың бағыттың бірі. Қазақстан осы биосфералық зерттеулерді жүргізетін халықаралық орталыққа айнала алады. Біз қазір Қазақстанда қолға алып жатқан шаруалардың барлығы бүкіл ғаламшардың жол картасы болуы мүмкін. Сөздің тоқ-етері, Астанада өтетін «EXPO-2017» көрмесі үшінші индустриялық төңкерістің барлық негіздерін қалыптастыратынына сенімдімін» – дейді. Джереми Рифкин сияқты әлем эксперттерінің біздің елімізде өткелі жатқан көрме жайлы жақсы пікір білдіруі еліміздің мерейі асқақтап жатқанын білдіреді. Ендеше, Қазақстан халқы да қолдау білдіріп, EXPO-дан елімізге көп пайда келетініне сенгендері жөн.

Қазақстанды көркейтуде «EXPO-2017: болашақтың энергиясы» сияқты бүкіләлемдік маңызға ие сындарлы істен ешкім де сырт қалмақ емес. Тек қана жаһандық деңгейдегі ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған ұлттар ғана жеңіске жетеді. Сондықтан, бәсекеге қабілеттілікке бет түзеу ұлт рухының ең маңызды міндетіне айналуы шарт. Қазақстанның әрбір азаматы мұны жақсылыққа, байлыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған елінің гүлденуіне қолдан келгеннің бәрін істеуі қажет. Әрбір адам өз бойындағы асыл қасиеттерді дамытып, олар жеңіс рухының өз ғұмырының, қоғам мен мемлекет өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігерін сарп етуі тиіс. Иә, бізге болашағымызды дұрыс болжап, әлеуетті елге айналу үшін тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең бастысы – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен ауызбіршілік, президентіміздің алғыр бастамаларына шексіз сенім керек.

 

Дінмұхаммед Аязбеков

Бөлісу: