Өткен аптада эволюцияны терістеуге тырысқан жаңсақ пікірлермен алыссақ, бұл жазбада эволюцияны қолдайтындарды да шатастыратын қате пікірлерге тоқталамыз. Көбіміз, айталық, физикадағы кванттық өріс теориясын «әліп» деп танымайтынымызды қуана мойындаймыз. Алайда, эволюция теориясына келгенде, оны мейілінше дұрыс түсінетінімізге титтей де күмәнданбайды екенбіз. Теориясын толықтай мойындағанымыз, оны дұрыс түсінетінімізді білдірмесе керек. Содан ба, біразымыз ұзақ уақыт: «Маймылдардың бір бөлігі дамымай қалған, ал бір бөлігі эволюцияның шыңына шығып, адамға айналған!» деген пікірде болдық. Ал, шындығында, әрбір қазіргі күнге аман жеткен тіршілік иесі — эволюция шыңында отыр. Тек, әр қайсысы өз бұтағында. Иә, бұл бөлімі алдыңғысынан аздап күрделірек болмақ, сондықтан, ыңғайлап жайғасыңыз да, мектеп программасын еске түсіруге тырысыңыз.
«Табиғи сұрыпталу нәтижесінде мықтылары аман қалады» дегенді бәріміз естіген болармыз. Дегенмен, жануарлар әлемінде мықтылығы күмән тудыратын, бітімі мінсіздіктен алыс организмдер де аз емес. Мысалы, акуланың басқа балықтардыкіндей денесін суда тепе-тең ұстап тұратын ауа қабы жоқ. Егер акулада эволюция нәтижесінде ондай ауа қапшығы дамып шықса, акулалар су түбіне кетіп қалмауы үшін үнемі қоғалыста болу әуресінен құтылар еді. Сол сияқты, саңырауқұлақтар, сарышаяндар мен мүктер — ұзақ дәуірлер бойы ешқандай маңызды өзгеріске ұшырамастан біздің заманымызға жеткен. Олар ешқандай өзгеріссіз де әрі қарай тіршілігін жалғастыруға жеткілікті дәрежеде қоршаған ортасына икемделген. Кей организмдер, әрине, күрделі өзгерістерді басынан кешірген. Алайда, бұл өзгеріс олар үшін әрдайым пайдалы болған жоқ. Қоршаған орта өзгерген кезде, өзгерген жәндік жаңа ортаға бейімделе алмай қалатын кездер де болады.
Мұның себебі — табиғи сұрыпталу механизмінде интеллект пен саналылық тән емес. Ол алдын ала жануардың қай түріне қандай қабілет керек боларын болжай алмайды. Табиғи сұрыпталу барлық тірі жан-жануарды суперқабілетті, барынша мінсіз тіршілік иесіне айналдыруды мақсат етпейді.
Табиғи сұрыпталу тек табиғатта бар қасиеттердің ішінен озығын таңдап, соған басымдық береді. Айталық, белгілі бір организмде әлдебір ортада тіршілік етуге мүмкіндік беретін қасиет болса, сол қасиеті бар организмдер саны мен жалпы үлесі буын ауысқан сайын арта түседі. Сәйкесінше, ол қасиеті бар түрдің популяциясы өсіп-өркендейді. Ондай тұқымқуалайтын қасиеті болмаса, онда ол көбінесе, кейінірек пайда болады немесе популяция әрі қарай да елеулі өзгеріссіз немесе аман қалудың басқа жолын жетілдіріп тіршілігін жалғастырады.
Ойлап қарасақ, егер адамдар, айталық, ағаштар мен балдырлар сияқты фотосинтез жасай алса, керемет болмас па еді?! Еш жерде аштық мәселесі болмас еді. Адамдар аяғын суға малып, күнге шығып сәл тұрса болды — тойып қалар еді. Бірақ, әттең, фотосинтез қабілеті жануарларға дарымай қойды. Әйтсе де, «қолда бардың ең жақсысын сұрыптаудың» табиғи механизмі өз ортасына барынша ыңғайланған болмаса да, әжептәуір икемделген тіршілік иелері мен олардың таңғажайып алуандығын тудырды.
«Масаның көзін жаратқан, ғаламның өзін жаратқан» дегенді жиі естиміз. Расында да, жартылай дамыған көзде ешқандай мән-мағына болмас еді. Табиғи сұрыпталу күрделі көру мүшесінің сатылап, біртіндеп пайда болуын қала түсіндіреді? – деген сұрақ туады. Ол сұраққа Дарвин «көру мүшесі қызметі бөлек дене мүшелерінен дамып шыққан болуы мүмкін» деген жорамал ұсынған болатын. Ол «жарықты анықтауға арналған мүшелер табиғи сұрыпталып, бара-бара көздің алғашқы қарапайым түрлеріне айналуы мүмкін» деді. Бұл жорамалды көп жылдан кейін моллюсктердің қарапайым жарық сезу мүшелерін зерттеген ғалымдар тәжірибе жүзінде дәлелдеп шықты. Ұлулар мен буылтық құрттардың денелерінде орналасқан сенсор-жасушалар жарық пен қараңғының айырмашылығын сезе алатын боп шықты. Бұл зерттеулердің нәтижесінде, көз бен көру қабілетінің қарапайым жарықты ажыратудан бастап, күрделі көру жүйесінің түзілуіне дейінгі эволюциялық жолы толықтай сипаттамаға ие болды.
Әлбетте, олай емес екенін әлден біліп отырсыз. Табиғи сұрыпталу кездейсоқ, бейберекет процесс емес, белгілі бір тәртіпке, шартқа бағынатын құбылыс. Бұл шарттар мен тәртіпті адамдар жабайы жануарларды өз шаруасына икемдеп, үй жануарларын сұрыптауда, ауыл шаруашылығында тиімді қолданып келеді. "Кездейсоқ" деп мутацияларды ғана атауға болады. Дегенмен, абсолюттік мағынада гендік мутациялардың өзі де себепсіз, қараптан-қарап пайда болмайды. Олардың жиілігі мен сипатына көбінесе басқа сыртқы факторлар (мысалы, электромагнит өрісі, инфра және ультра сәулелер мен радиация күші немесе тым жоғары не төмен температуралар, мутаген вирустары және тағы басқалар) әсер етеді.
Түрдің генетикалық дамуы жекеленген тіршілік иесінің ырқына бағынбайтын процесс. Индивидтер бар болғаны ұзағырақ тіршілік ету үшін өз ортасына икемделе алады. Одан гендік деңгейде ештеңе де өзгермейді. Эволюцияның негізгі механизмі табиғи сұрыпталу екенін ескерсек, оның жүзеге асуы үшін бір ғана буын емес, бірнеше буын қажет. Эволюцияға ұшырайтын жеке тұлғалар мен ағзалар емес, олардың тұтастай популяциясының гендік құрамы.. Көптеген түрлердің жыныстық қатынас арқылы көбеюі үшін екі ағза керек. Бұл өте маңызды жәйт, себебі, жалғыз ағзаның бойынан тұқым қуалайтын қасиеттердің жаңа комбинациясы пайда болуы (сирек мутация нәтижесінде болмаса) мүмкін емес. Мысалы, тұқымы тумысынан майдалау біреудің өмір бойы зілтемір көтеріп , шынығып, денесін өсіргені ешқандай тұқымқуалаушылық қасиет тудырмайды және оның әйелінің арғы аталарында алыптық кездеспесе, баласының алып тууы неғайбылдау.
Бұл қалай жаңсақ болды? Жаңа ғана «эволюцияны байқау үшін бірнеше буын керек» деген жоқ па едік. Дедік. Бірақ, кей ағза түрінің бірнеше буыны ауысу үшін, соншалықты көп уақыт қажет емес. Микробактериялар сияқты кейбір қарапайымдау ағзалардың көбею жылдамдығы соншалық, бірер күн, тіпті бірнеше сағат ішінде біраз буындарының ауысқанын бақылауға болады. Шындығына келсек, бактериялардың эволюциясы кейбір аурулардың микробқа қарсы төзімділігін дамытты. Ғалымдар Э. Коли бактериясы антибиотиктерге қарсы эволюциясының қалай өрбитінін көру үшін тәжірибе жасаған болатын. Бұл бактерия түрі оған қарсы дәрілермен қапталған үлкен шыны Петри ыдысының екі шетіне жіберілді. Эксперимент аяқталғаннан кейін пластинаның ортасына жақын бактериялар бастапқы бактерияларға қарағанда антибиотиктердің 1000 есе жоғары дозасына төтеп бере алатыны анықталды.
Күрделірек ағзалардың эволюциясын байқау үшін расында да көбірек уақыт қажет, бірақ соның өзінде де, кейбір өзгерістерді салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде бақылауға болады. Мысалы, адамның орташа бойының өзгеруін 100 жылға жетер-жетпес уақытта байқауға болады.
Түрлердің пайда болуы жайлы сұрақтар бізді бала күнімізден бастап мазалайды. Ал эволюция жайлы алғашқы ақпаратқа кезігетін жасымызға (шамамен 9-сынып қой деймін) дейін біз әртүрлі жалған да, шалағылыми теорияларға әбден қанығып үлгереміз де, оны қабылдауда біраз қиындықтарға тап боламыз, рас. Бірақ, шала түсінетін ұғымдарымызды уақыт өте түзеуге, толықтыруға, білгенімізді басқалармен бөлісуге ешқашан да кеш емес. Бастысы ғылыми танымға деген тәбетіміз сарқылмасын.
Дереккөздер: