ЕҰУ және италиялық компания отынның жаңа түрін өндіру технологиясын әзірлейді

19 Қаңтар, 22:18 1100

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға ресми сапары аясында Еуразия ұлттық университеті, «GREEN SPARK ITALY SRL» италиялық компаниясы және «Қазақстанның жасыл сутегі одағы» ЗТБ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту үшін отынның жаңа түрін өндіру технологиясын әзірлеуге ниетті.

«Natural Gas + H2» бірлескен жобасы «жасыл» сутегі өндірісін құруға және оны табиғи газбен оңтайлы араластыруға бағытталған. Жаңа технология атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл диоксиді қалдықтарын азайтуға және экологияны жақсартуға қажет. ЕҰУ ғалымдары тәжірибелік-өнеркәсіптік учаскеде алынған нәтижелер бойынша жаңашылдықты Алматы мен Ақтау қалаларындағы жылу электр орталықтарына енгізуді ұсынатын болады.

Еуразия ұлттық университетінің үлкен ғылыми әлеуеті және мықты кадрлары бар. Біз ғалымдарымыздың ғылыми зерттеулерін қолдауға басымдық береміз. ЕҰУ зерттеушілері өнеркәсіптік кәсіпорындардың ауаны ластау деңгейін төмендету үшін ғылымды қажетсінетін және экологиялық таза жаңа технологияларды әзірлеу бағытында белсенді еңбек ететінін атап өткім келеді. Біздің профессор Қайрат Күтербековтың жетекшілігімен ғалымдар тобы алғаш рет Қазақстанда сутегі энергетикасы технологияларын дамыту жобаларына бастамашылық танытып, оларды іске асырды. Бұл меморандум шеңберіндегі халықаралық ынтымақтастық экологиялық таза сутегін өндіру және пайдалану бағытында пилоттық жобаларды қолға алуға жол ашады. Біздің бірлескен күш-жігеріміздің нәтижесі экологияны едәуір жақсартатын және зиянды қалдықтарды азайтатын отын өндірісінің жаңа технологиялық желісінің іске қосылуы болады деп сенемін, - деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов.

ЕҰУ ғалымдары сутегі энергетикасы саласында 15 жылдан астам уақыттан бері ғылыми қызметпен айналысып келеді.  Университетте «Еуразиялық физика-энергетикалық зерттеулер және ғылымды қажет ететін технологиялар институты»  ҒЗИ табысты жұмыс істейді.

Өткен жылы ЕҰУ мен «Алматы электр станциялары» АҚ қоршаған ортаны қорғау және газ-сутегі отынының қоспасын пайдалану бағытында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойғанын айта кеткен жөн.

Перизат Саденова
Бөлісу: