«Еуропада журналист бір салаға ғана маманданады». Лондондағы қазақ журналисі айырмашылықты айтты

28 Маусым, 10:00 907

Қазақстанда 2019 жылдан бастап Үкімет қаулысымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі күні болып бекітілді. Сондықтан осы салада еңбек етіп жүргендер үшін аталған мерекенің рөлі орасан. «Журналистің жегені – жантық, арқалағаны – алтын» дейді жазушы Шерхан Мұртаза. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын жанның бірі – 24.kz телеарнасының Лондондағы меншікті тілшісі, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ғалымжан Бәйімбет.

El.kz: Журналистер жылда жаз басталса, 28 маусымды асыға күтеді. Сіз үшін бұл мерекенің орны қандай?

Ғалымжан Бәйімбет: Тілшілер қауымы үшін жылына бір келетін мерекенің орны қашанда бөлек қой. Өзіміз қазір сыртта жүріп, толықтай сезіне алмасақ та, елдегі журналистердің марапат алып, тойлап жатқанын көріп, қуанып отырамыз. 

El.kz: Бүгінгі таңда Лондоннан бір-ақ шыққан Ғалымжан өмірбаяны да оқырманға қызық болуы тиіс...

Ғалымжан Бәйімбет: Қызылорда облысы Тасбөгет кентінің тумасымын. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде журналистика бөлімінде оқыдым. 37 жасымда ағылшын тілін меңгеріп, Ұлыбританияның Глазго университетінде Медиа менеджмент мамандығы бойынша магистратурада білім алдым.

El.kz: Журналистика саласына қалай келдіңіз?

Ғалымжан Бәйімбет: Журналистикаға деген қызығушылығым мектеп кезінен басталды. Университетке түскеннен кейін осы салаға деген ынтам еселене түсті. Бірінші курстан бастап Қызылорда қалалық телеарнасында, одан кейін Қызылорда облыстық телеарнасында еңбек еттім. Қатардағы редактор қызметінен бастап, телеарна директорының орынбасары лауазымына дейін өстім.

El.kz: Медиа саласында жүргеніңізге неше жыл болды? Осы уақыт аралығында көрген-түйгеніңізбен бөліссеңіз.

Ғалымжан Бәйімбет: Медиа саласында 25 жылдай жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында біраз тәжірибе жинадым. Бірқатар жоғары рейтингілі телевизиялық жобаларды жүзеге асырып, көрерменнің қошеметіне бөлендім. Бұл саланың ең үлкен артықшылығы – әрдайым қозғалыста болу және жаңа адамдармен танысу.

El.kz: Қазіргі таңда нақты қай жерде қызмет етіп жүрсіз?

Ғалымжан Бәйімбет: Лондон қаласында 24.kz телеарнасының тілшісі болып жұмыс істеймін. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени байланыстар туралы телевизиялық сюжеттер әзірлеймін. Тұманды Альбионда болып жатқан оқиғалар туралы да репортаждар жасаймын. Бұдан бөлек Kazinform халықаралық агенттігінің тілшісі қызметін қоса алып жүрмін.

El.kz: Сіз үшін әлемдік деңгейге жеткен ең үздік журналистер кім?

Ғалымжан Бәйімбет: Мен үшін әлемдік деңгейге жеткен ең үздік журналистердің қатарында бірнеше британиялық әріптесім бар. Атап айтқанда Кристиан Аманпур, Джереми Паксмэн және Орла Гериннің жұмысына тәнтімін. Кристиан Аманпур өзінің өткір сұхбаттары және халықаралық мәселелерге қатысты терең зерттеулерімен үлгі. Джереми Паксмэн BBC-де ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, өзінің сараптамалық сұхбаттарымен көпшіліктің көңілінен шықты. Орла Герин болса, BBC-дің халықаралық тілшісі ретінде қақтығыс аймақтарынан жасаған репортаждарымен әйгілі. Бұл әріптестерімнің кәсібилігі мен батылдығы мені ерекше шабыттандырады.

El.kz: Неліктен Лондонға көшу туралы шешім қабылдадыңыз?

Ғалымжан Бәйімбет: Лондонға жұмыс істеуімнің басты себебі – халықаралық деңгейде тәжірибе жинау және әлемдік оқиғаларды тікелей ақпараттандыру мүмкіндігі болды. Сонымен қатар бұл қалада өмір сүру менің кәсіби дамуым үшін үлкен септігін тигізеді деп санадым.

El.kz: Шетелге жұмыс істеу мақсатында барған азаматтарға ағылшын тілінде еркін сөйлеу міндетті ме? Тіл білмейтін қазақстандықтарға жұмыс табу қаншалықты қиын?

Ғалымжан Бәйімбет: Ағылшын тілінде еркін сөйлеу шетелде жұмыс істеу үшін өте маңызды. Бұл жаңа ортаға бейімделуді жеңілдетеді және кәсіби қарым-қатынасты оңайлатады. Тіл білмейтіндер үшін екі қолға бір күрек табу қиын, бірақ мүмкін. Мәселен, құрылыс, тазалау қызметтері сияқты салаларда тілге аса үлкен талап қойылмайды. Алайда ондай жұмысқа виза берілмейді, көбі заңсыз еңбек етеді. Әсіресе жеміс-жидек жинауға фермаға келген қазақтар арасында аз ақшаға жалданып жүргендер көп.

El.kz: Лондондағы күнкөріс деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда қандай? Топ 5 айырмашылығын атап кетсеңіз.

Ғалымжан Бәйімбет: Лондондағы күнкөріс деңгейі жоғары. Мұнда тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет, қоғамдық көлік қымбат. Жалақы көлемі сәйкесінше жоғары. Бірақ төлейтін салықтары көп. Жалақысының жартысына дейін салыққа кетуі мүмкін. Әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы да жақсы деуге болады. Қоғамдық көлік күні-түні жүреді. Мәдени және демалыс орындарының көптігі де көңілге медет.

El.kz: Еуропа мен Қазақстандағы журналистиканың айырмашылығы неде?

Ғалымжан Бәйімбет: Еуропада журналист бір салаға ғана маманданады. Мәселен, саясат тақырыбында жазатын болса, мәдениет пен спортқа араласпайды. Сосын жергілікті журналистердің жалақысы жоғары. Танымалдарының қаламақысы өте көп. Бұдан бөлек Еуропада журналистика ашықтық пен еркіндікке негізделген, БАҚ өкілдері өз пікірін еркін білдіреді. Қазақстанда кейде журналистикаға шектеулер қойылуы мүмкін, бірақ соңғы жылдары бұл жағдай жақсарып келеді деп ойлаймын.

El.kz: Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз.

Ғалымжан Бәйімбет: Менің отбасымда әйелім және 4 балам бар. Жолдасым да медиа саласында қызмет етеді. Марина Бекенова – «Қазақстан» ұлттық арнасының Лондондағы тілшісі. Балаларымыз жергілікті мектепте ағылшын тілінде білім алып жатыр. Кәусар қызымыз «Балапан» телеарнасында 3 маусым бойы кішкентай көрермендерге ұлы Шекспир тілін үйретті. Қазір сабақтан бос уақытында Лондондағы шетелдіктердің қазақ тілін меңгеруіне көмектеседі.

El.kz: Жолдасыңыз да медиа саласында қызмет етеді екен. Жалпы әйел адамдардың журналистикадағы рөлі қандай деп ойлайсыз?

Ғалымжан Бәйімбет: Әйел адамдардың журналистикадағы рөлі өте маңызды. Олардың, меніңше, ерлерге қарағанда жауапкершілігі жоғары, көзқарасы ерекше. Үй-жайды қоса алып жүру нәзікжанды мамандарға қиын. Бірақ соған қарамастан әйел журналистердің арқасында медиа саласы дамып жатыр.

El.kz: Балаларыңыз жолыңызды қуып, осы салаға келемін десе, не айтар едіңіз?

Ғалымжан Бәйімбет: Егер балаларым осы саланы таңдаса, мен оларды қолдар едім. Журналистика – бұл қызығы көп мамандық, бірақ оның қиындықтары да аз емес екенін ескерулері қажет.

El.kz: Азаматтық журналистикаға деген көзқарасыңыз қандай?

Ғалымжан Бәйімбет: Азаматтық журналистиканы өте қажет деп санаймын. Ол арқылы қарапайым адамдар да өздерінің пікірлерін білдіріп, қоғамда болып жатқан оқиғаларды жеткізе алады. Бұл демократияның бір белгісі. Әлеуметтік желілер арқылы журналистер біле бермейтін тақырыптарды көтеретін контент жасаушылар қоғамның қозғаушы күші.

El.kz: Әлеуметтік желілер қарқынды дамыған заманда қолында смартфоны бар кез келген адам ақпарат тара алады. Осы ретте халық ақпараттың шынайы не жалған екенін қалай ажыратады деп ойлайсыз?

Ғалымжан Бәйімбет: Ақпараттың шынайы немесе жалған екенін ажырату үшін адамдарға медиа сауаттылық қажет. Бұл ретте ресми ақпаратқа және тексерілген дереккөздерге сену маңызды. Әсіресе жасанды интеллекттің белең алған заманында. Сонымен қатар, ақпаратты бірнеше көзден тексеріп алу қажет.

El.kz: Instagram желісіндегі парақшаңызды қашаннан бері белсенді жүргізіп келесіз? Контентіңіз арқылы оқырмандарыңызға қандай пайдалы кеңестер беруге тырысасыз?

Ғалымжан Бәйімбет: Instagram желісіндегі парақшамды соңғы 3-4 жыл көлемінде белсенді жүргізіп келемін. 100 мыңнан астам оқырманым бар. Ол менің негізгі табыс көзім емес. Бірақ хобби ретінде басталған қызығушылығым пайда әкеле бастады. Жарнама берушілер жазып тұрады. Контент арқылы оқырмандарыма медиа сауаттылық, журналистика саласындағы жаңалықтар және шетелде өмір сүру туралы пайдалы кеңестер беруге тырысамын.

El.kz: Болашақта Ұлыбританияда қаламын деп ойлайсыз ба? Қазақстанға қайту жоспарда бар ма?

Ғалымжан Бәйімбет: Ұлыбританияда қалу маған көп мүмкіндіктер беретінін сеземін, бірақ туған жерге қайту ойымда бар. Болашақта елге оралып, Қазақстанның медиа саласының дамуына өз үлесімді қоссам деймін.

El.kz: Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: