Еуропа чемпионатында ел құрамасы 12 медальге ие болды

6 Қыркүйек 2022, 00:23 1740

Қатысушылар жүзу, үстел теннисі, дартс, боулинг және волейболдан ерлер командасы сияқты спорт түрлерінен жарысты.

Оксфорд қаласында (Ұлыбритания) өткен ағзаларды транспланттаудан кейінгі және диализде жүрген адамдар арасындағы Еуропа чемпионатында Қазақстанның құрамасы жалпыкомандалық есепте 18-ші орынға тұрақтады, деп хабарлайды EL.KZ ДСМ-ге сілтеме жасап.

26 медальдан 12 медальға ие болған ел құрамасының қоржынында 1 алтын, 6 күміс және 5 қола медаль бар.

Чемпионатқа Еуропалық спорт федерациясына мүше 26 елден барлығы 400-ден астам спортшы қатысты. 2018 жылдан бастап осы федерацияда Қазақстанның атынан "Өмір тынысы" трансплантацияланған науқастардың қоғамдық бірлестігі өкілдік етуде.

2022 жылғы Еуропа чемпионатында Қазақстан құрама командасы 16 спортшыдан, 2019 жылғы республикалық жарыстардың жүлдегерлерінен, жүрек және бүйрек трансплантациясынан өткен, сондай-ақ диализдегі спортшылардан тұрды.

Қатысушылар жүзу, үстел теннисі, дартс, боулинг және волейболдан ерлер командасы сияқты спорт түрлерінен жарысты.

Осылайша, Лаура Табажанова 29-40 жас аралығындағы әйелдер арасындағы үстел теннисінен жеңіске жетті. 19-30 жас аралығындағы ерлер арасында бұл санатта Еламан Дәулетхан екінші орынды иеленді.

50 метрге жүзуде күміс және қола медальді Жетпіспаев Марат пен Гүлмира Нұғманова әкелді.

Ержан Мұхамадиев пен Оспанов Жәнібек жұптық боулингте екі күміс медаль жеңіп алды. 40-49 және 30-39 жас аралығындағы дартстан өткен жарыста Ержан Мұхамадиев, Аят Айтманов және Мұхамет Опабеков күміс медальді иеленді.

Еуропалық чемпионатты өткізудің басты мақсаты ағзалар донорлығын дамытуға назар аудару және трансплантациядан кейін пациенттердің мүмкіндіктерін көрсету болып табылады.

Өз кезегінде, Қазақстан командасының трансплантациядан өткен адамдар мен диализдегі пациенттер арасындағы халықаралық жарыстарға қатысуы қазақстандық медицина дамуының жоғары деңгейін көрсетеді, онда бүгінгі күні органдарды ауыстыру бойынша операцияларды жүргізу үшін барлық инфрақұрылымдық және технологиялық база құрылған. 

Трансплантация адамдарды толыққанды өміріне қайтарып, өмір сүру сапасын арттырады, олардың физикалық жағдайы спортпен шұғылдануға және тіпті халықаралық спорт алаңдарында елдің намысын қорғауға мүмкіндік береді.

Жәнібек Оспановтың жетекшілігімен "Өмір тынысы" қоғамдық ұйымы Қазақстанда трансплантациядан кейін адамдардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсартуға және өлімнен кейінгі донорлықты және ағзаларды алмастыруды дамытуға жәрдемдесуді мақсат етіп қойды.

EL.KZ
Бөлісу: