24.09.2025
15:40
613
Еуроодақтағы алғашқы ел жасанды интеллект бойынша заң қабылдады

Еуроодақтағы алғашқы ел жасанды интеллект бойынша заң қабылдады

Италия Еуропалық одақта жасанды интеллектке қатысты толыққанды заң қабылдаған алғашқы ел атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа заң чат-боттарды пайдалану ережелерін енгізіп қана қоймай, зиянды контент жасауға, соның ішінде дипфейктерге қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Мәселен, зиянды дипфейктерді таратқаны үшін 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Ал жасанды интеллект алаяқтық секілді қылмыс жасау мақсатында қолданылса, жаза бұдан да қатаң болмақ.

Тағы бір маңызды жаңашылдық – балалардың жасанды интеллект жүйелеріне қолжетімділігіне ата-аналық бақылау орнату. 14 жасқа дейінгі балаларға мұндай жүйелерге шектеулі түрде әрі ата-анасының қадағалауымен ғана кіруге рұқсат етіледі.

Заң алғаш рет жасанды интеллект көмегімен жасалған зияткерлік меншікке авторлық құқық қорғауын бекітті. Сондай-ақ Италия үкіметіне мемлекеттік қорлардан 1 млрд еуроға дейін жеке компанияларға инвестиция салуға рұқсат берілді. Бұл қаржы жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және телекоммуникация саласындағы әзірлемелерге бағытталмақ.

Заңның орындалуын бақылау міндеті Италияның Цифрлық агенттігі мен Ұлттық киберқауіпсіздік агенттігіне жүктелді.

Бұған дейін Илон Масктің компаниясы бұрынғыдан да жылдам әрі арзан ЖИ-модель жасап шығарғаны туралы жазғанбыз.