Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың сегізінші пакетін бекітті

7 Қазан 2022, 08:18 1805

Сегізінші санкциялар пакеті 7 миллиард еуро көлеміндегі тауарларды импорттауға тыйым салуды, сондай-ақ экспортқа шектеулерді қарастырады.

Еуропалық Одақ Ресейге қатысты санкциялардың сегізінші пакетін бекітті, деп хабарлайды El.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

«Еуропалық Комиссия ЕО Кеңесінің Украинаға қарсы агрессивті әрекеттеріне байланысты Ресейге қарсы сегізінші санкциялар пакетін мақұлдауын құптайды. Бұл пакет халықаралық серіктестермен тығыз үйлестіріліп, Ресейдің Украинаға қарсы бастаған шиеленісі мен заңсыз соғысына жауап болып саналады», - делінген Еурокомиссияның хабарламасында.

Сегізінші санкциялар пакеті 7 миллиард еуро көлеміндегі тауарларды импорттауға тыйым салуды, сондай-ақ экспортқа шектеулерді қарастырады.

Бұл қадамдар Кремльдің әскери-өнеркәсіптік кешенін негізгі компоненттер мен технологиялардан, ал Ресей экономикасын еуропалық қызметтер мен тәжірибелерден айырады.

«Сондай-ақ санкциялық пакет G7-де көзделген мұнай бағасының шегін енгізу мақсатында қажетті құқықтық базаны іске асыру үшін негіз қалайды», - делінген хабарламада

Сонымен қатар ЕО жеке және заңды тұлғаларға, соның ішінде «Донецк» және «Луганск халық республикаларында», сондай-ақ Украинаның Херсон және Запорожье облыстарында «референдумдарға» тікелей қатысы бар адамдарға қарсы қосымша санкциялар енгізеді.

Ресейдің әскери, өнеркәсіптік және технологиялық тауарларға қолжетімділігін, сондай-ақ оның қорғаныс және қауіпсіздік секторын дамыту мүмкіндіктерін азайтуға бағытталған қосымша экспорттық шектеулер енгізілді.

Ресейге қарсы тағы бір санкциялар пакеті Украина аумақтарын заңсыз аннексиялауға жауап болды.

«Біз Ресейдің әскери экономикасына одан да көп соққы береміз. Біз Украина территорияларын заңсыз аннексиялауға жауапты адамдарды қудалаймыз. ЕО Украинаны қанша қажет болса, сонша қолдайды», - деді ЕО дипломатиясының басшысы Ж.Боррель.

Бөлісу: