Қазақстан құрамасы футзалдан 2026 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алу үшін Италияға қарсы екінші плей-офф кездесуін өткізді, деп хабарлайды Sports.kz-ке сілтеме жасап El.kz интернет порталы.
Ойын Астанадағы «Жекпе-Жек» сарайында өтті.
Командалардың құрамы мынадай болды:
Қазақстан: Игита, Эдсон, Есенаманов, Тұрсағұлов, Абдуманапұлы — Үтепбергенов, Кнауб, Қайырбай, Дарибай, Лео, Ақбалықов, Дуглас Жуниор, Оразов, Төреғазин.
Италия: Беллобуоно, Росетти, Венансио, Либерти, Алекс Мерлим — Дальчин, Пульвиренти, Музумечи, Де Оливейра, Мотта, Гайо, Фортини, Турмена, Барикелло.
Матчтың үшінші минутында қазақстандықтар жасаған комбинация нәтижесінде Дәурен Тұрсағұлов есеп ашты. Алайда көп ұзамай Матеус Барикелло алыс қашықтықтан соққан голымен таразы басын теңестірді. Бұдан кейін алаң иелері алға ұмтылып, қауіпті сәттер алмасып тұрды. Тұрсағұловтың соққысы қақпа бағанынан қайтса, Альбет Ақбалықов Эдсонның пасынан кейін тағы да Қазақстанды алға шығарды.
Екінші таймда екі команда да шабуылдарын үдете түсті. Луис Турмена айып добынан есепті теңестірсе, көп ұзамай Эдсон бұрыштан пас бергенде Габриэль Мотта өз қақпасына гол соғып алды. Негізгі уақыт 3:2 есебімен аяқталды. Қосымша уақытта Эдсонның соққысы қақпа бағанынан қайтты. Ал шешуші пенальти сериясында Италия құрамасы мықтырақ болды.
Осылайша, екі ойын қорытындысы бойынша Еуро-2026 чемпионатына жолдама алған ел – Италия.
Өкінішке қарай, Еуропа чемпионатына шыға алмадық… Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеудің плей-офф кезеңінде Италияға пенальтиден есе жіберді. Бізге қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғысымызды білдіреміз. Біз әлі мықты болып ораламыз!,-деп жазылды Қазақстан футбол федерациясының ресми желі парақшасында.