Еуро-2022: Қазақстан жігіттерінің қарқыны жақсы

31 Қаңтар 2022, 11:10 2209

Футзалдан Еуропа чемпионаты өтіп жатыр

Кака бастаған қазақ жігіттері бұл турнирде фавориттердің қатарында тұр. Еуро-2022-нің алғашқы ойынын отандастырымыз Словения құрамасына қарсы өткізді. Одан кейін Финляндия футзалшыларымен паркетте кім мықтыны анықтады. Соңғы шешуші матчта ақ жейделі құрама спортшылары Италия теңбіл доп шеберлерімен теке-тіресті.


Словендерге қарсы тартысты ойын

Қазақстан – Словения – 4:4 (1:1).

Гол салғандар: 0:1, Тотошкович, 11, 1:1 Дуглас, 16, 1:2 Фидершек, 23, 2:2 Оразов, 25, 2:3 Чех, 31, 2:4 Турк, 33, 3:4 Тоқаев, 36, 4:4 Дуглас, 39.

Қазақстан: Игита (қақпашы, капитан), Тайнан, Ақбаликов, Дуглас, Оразов; қосалқы құрам – Атантаев (қақпашы), Қарағұлов, Эдсон, Валиуллин, Есенаманов, Тұрсағұлов, Тоқаев.    

Словения: Берзелак (қақпашы), Турк, Осредкар (капитан), Хозян, Врховец; қосалқы құрам – Ловренчич (қақпашы), Ковачич, Буковец, Тотошкович, Фетич, Чех, Фидершек.

Еуро-2022 қазақстандық футзалшылар үшін сәтті басталды деп айтудың өзі қиын. Себебі, біздің спортшылар Украинаға қарсы жолдастық кездесу өткізуі керек болатын. Өкінішке қарай, коронавирус пен елдегі жағдайға байланысты ол ойын кейінге қалдырылды. Одан кейін Нидерландыға қарсы жолдастық кездесу болып, отандастырымыз күтпеген жерден ұтылып қалды. Еуро-2022 алдындағы ковид-тестте бірнеше ойыншымыздан оң нәтиже шықты. Оның қатарында бас бапкер Кака, ойыншылар Игита, Арнольд Кнауб пен Дәурен Тұрсағұлов бар. Қайта алынған тестте Тұрсағұлов пен Игита теріс нәтиежеге қол жеткізіп, Нидерландыға аттанды. Ал ол жақта Леоның қолы сынып, жарыстан шет қалған болатын.

Шартты алаң иелері ойынды жақсы бастады, алайда алғашқы қауіпті шабуылды отандастарымыз ұйымдастыра білді. Өкінішке қарай, алғашқы негізгі құрамда шыққан футзалшыларымыз өздеріне берілген жақсы сәтті керегіне жарата алмады. Словения ойыншылары бірден алға жүгіріп, бірінші корнер орындауға мүмкіндік алған. Фетичтің оң жақтан келген пасын, жерлестері Игита қақпасына бағыттағанмен, ойыншыларға тиіп, қақпашымыздың қолынан табылды.  Капитан ала допты ойынға өзі қосып, ортаға қарай жүгірген: Тотошковичтің қысымына түсіп, спорттық снарядтан айырылып қалды. Словен ойыншысы бос тұрған қақпаны оңай көздеп, матчтағы алғашқы голды өз еншісне жазды. Бұл сәтсіздіктен кейін қазақстандықтарды тағы бір жайсыз хабар күтіп тұр еді. Алға ұмтылған Альберт Ақбаликов қарсылас қақпашысымен соғысты. Соғысқанда жоғары көтерілген допқа аяғын созған ол арғы жақтан атып шыққан киперді баймаған. Төрешілер бірден қазақстандыққа қызыл қағаз көрсетті.


Сан басымдығына ие болған словениялықтар Игита қорғаған қақпаға лап қойды. Бірақ, әлемнің бес дүркін үздік кипері қарсылас ойыншыларының бірде-бір соққысын дарытпады. Екі команданың ойыншылар саны теңескенде Дуглас есепті теңестіріп кетті. Корнерден келген допты жерге түсірместен, қақпаға бағыттаған бразил-қазақстандықтың голы ойынды одан әрі қыздыра түскені анық. 1:1 есебімен қос құрама үзіліске аттанды. Бұл таймда бас бапкердің жоқтығы және шабуылшы Ақбаликовтың қызыл қағазы қазақстандықтарға айтарлықтай әсер еткендей. Оның үстіне Дәурен Тұрсағұлов та ескі жарақатынан толық айықпаған секілді, себебі, бас бапкер көмекшісі оны алғашқы ойын бөлігінде мүлде іске араластырмады. Екінші таймда тағы да отандастарымыз гол жіберіп алды. Фидершек тағы наминалды алаң иелерін алға шығарды. Алайда, әлемнің үздік төрттігіне кіретін қазақ футзалшылары Оразовтың көмегімен таразы басын теңестіріп кетті. Тайнан тіреуіш рөлін жақсы атқарып, командаластарына допты сақтай алған, Біржанның аяғына жеткен доп тордан бір-ақ шықты. Осы сәтте Қазақстан ойыншылары біртіндеп ойынды өз қолына алғандай көрінген. Словендік ойыншылар бір емес екі бірдей гол салып, алға озып кетті. Бұл ретте біздің теңбіл доп шеберлерінің қателігін атап өткен жөн. Керек кезде кипер Игита да қақпаны қорғап қала алмады. Осылайша Чех пен Турк өз құрамаларын жеңіске бір табан жақындата түсті.  Бұл кезде матч аяқталуына бар болғаны алты минут қалған. Қазақстан қақпашының орнына бесінші футзалшыны шығарып көрді. Және ол өз жемісін бергендей. Жомарт Тоқаев тіреуіш рөлінде өкшесімен осы чемпионаттағы әдемі голдардың бірін салды. Оның ізін ала Тайнанның пасын орынды пайдаланған Дуглас есепті теңестірді. Қазақстандықтар матч соңына дейін жеңіс голын соғуға тырысып баққан. Осы ойынның үздік ойыншысы болған Дуглас та, өзінің керемет финттерімен көрермен көзайымына айналған Эдсон мен Оразов та мұндай сәттілікке қол жеткізе алмады. 4:4 есебі екі құраманы да қанағаттандырғандай.

Ойын соңында құрама капитаны Игита: «Бұл бір ұпай біз үшін жеңіспен тең. Өздеріңіз білетіндей ойын алдында көптеген кедергілерге тап болдық: жарақат, ковид, дайындықтың кем болуы. Барлығы біздің өз ойынымызды көрсетуге кішкене болса да кедергісін келтіргенін мойындаймыз. Бізге өз еліміздің қолдауы ауадай қажет. Алға, Қазақстан! Біз мінез танытып, алдағы ойындарда жақсы нәтиже көрсетуге барынша тырысамыз», - деді.


Екінші кездесудегі жарқын жеңіс

Финляндия – Қазақстан – 2:6 (1:1).

Гол салғандар: 1:0 Хосио, 13, 1:1 Оразов, 18, 2:1 Корпела, 24, 2:2 Игита, 25, 3:2 Кнауб, 29, 4:2 Оразов, 32, 5:2 Кнауб, 34, 6:2 Валиуллин, 40.

Финляндия: Койвумяки (қақпашы), Аутио (капитан), Кютеля, Хосио, Аламиккотерво; қосалқы құрам – Саволайнен (қақпашы), Пиккарайнен, Юркяйнен, Юнно, Корсунов, Линтула, Корпела, Пёйлиё, Ванха.

Қазақстан: Игита (қақпашы, капитан), Тайнан, Тұрсағұлов, Дуглас, Оразов; қосалқы құрам – Атантаев (қақпашы), Қарағұлов, Эдсон, Валиуллин, Кнауб, Тоқаев, Сағындықов.  

Ойын алдында қазақстандық жанкүйерлер үшін жағымды жаңалық келді. Құраманың бас бапкері Кака мен шабуылшы Арнольд Кнаубтың ковид-тесттері теріс нәтиже көрсетіп, Финляндияға қарсы матчқа қатысуға мүмкіндік алды. Алайда, словендерге қарсы ойында қызыл қағаз алған Ақбаликов бұл кездесуге көмек қолын соза алмаса, тағы бір маңызды ойыншы Шыңғыс Есенамановтан ковид табылып, тізімнен шет қалды. Бұған дейін Финляндия құрамасы Италияға қарсы ойында кішігірім сенсацияға қол жеткізіп, тең есеп тіркеген. Тіпті, ойын соңында есепте алға шығатын тамаша мүмкіндіктен қағылған. Тағы бір айта кетерлігі, ол ойында алғашқы минутта-ақ Еуропа чемпионатының дебютанттары есепте алға шыққан. Алғашы таймда фин жігіттері барынша жинақы ойнап, азулы қарсыласының қадамын аңдыған. Дугластың керемет соққысын бір мәрте Койвумяки сол бұрыштан әдемі алып шықты. Алдыңғы ойындағыдай бұл жолы да қазақстандық ойыншылар өздеріне өздері гол әкелді. Дугластың артқа берген пасы қарсылас ойыншысына тиіп, біздің қақпа алдын күзеткен Хосионың аяғынан табылды. Алайда, спорттық снаряд Дугласқа жағаласқан фин ойыншысының қолына тиіп кеткендей көрінген. Соңғы шешім төрешілерде емес пе? Олар еш күдіксіз фин голын есепке алды. Қарсылас бап бапкері футзалшыларға алыстан соққы жасауға, орта дситанциядан Игита қақпасына аңдып көруге тапсырма берді. Бірақ, біздің қақпашы ондай соққыларды еш қиындықсыз қайтарып жатты. Отандастарымыз бірінші матчпен салыстырғанда қарсыластарына қарағанда қауіпті көрінді. Соған орай, есепті көп ұзатпай теңестіріп те кеткен. Оразов стандарттан келген допқа аяғын қойып, бұл чемпионаттағы екінші голына көрімдік сұрады. Біржанның сәттілігінің ізін ала Тайнан да гол салуға шақ қалған, тек соңғы сәтте ғана қарсылас ойыншылар жолын жаба білді. Дуглас пен құраманың «жаңа» ойыншысы Эдсон да тамаша өнер көрсетті. Дегенмен, екінші таймның басында-ақ Корпела өзіне берілген мүмкіндікті тамаша пайдаланып, финдердің тағы да алға шығуына жол ашты. Және бұл голын алдыңғы қарсыластың футзалшысы секілді бимен тойлап, отандастарымыздың жүйкесіне тигендей. Содан да болар, Кака шәкірттері араға бір минут салмай жатып, Игитаның шабуылға араласуымен таразы басын тағы да теңестіріп кетті. Кипердің ортаға қарай атып шығып, соққы жасайтынын білсе де, қарсылас ойыншалары түк істей алмады. Ойын аяқталған соң, Кака біздің капитанның голын ерекше бағалап өткенін айта кетейік.


Есепті теңестірген соң Кака жігіттері бір сәтке де тыным таппай, фин қақпасын торуылдаумен болды. Алдымен Кнауб Койвумякиден айласын асыра алмаса (кипер жерлете бағыттаған Арнольдтің тобына тойтарыс берді), екінші мүмкіндігінде мүлт кетпеді. Бұл жолы қақпашы дәрменсіз қалды. Бұл голдан соң, паркетке шыққан Валиуллин тірекші қызметін жақсы орындап спорттық снарядты өзінде сақтап қана қоймай, Оразовқа керемет пас жеткізді. Біржан бильярдты соққымен алыс бұрышты көздеп, есепті 4:2-ге жеткізді. Финдер істің насырға шауып бара жатқанын түсініп, киперді бесінші алаңдағы ойыншыға алмастырып көрген. Бірақ, Игита өз қақпасын мүмкін болатын голдардан аман сақтап, Қазақстанның Еуро-2022 жылдағы алғашқы жеңісіне жетеледі. Қарсыластың аптығын басқан отандастарымыз бесінші голды соғып, тіпті жағдайды жақсартып қойды. Бұл жолы да Кнауб тамаша соққысымен фин қақпашысын қапы қалдырды. Словенияға қарсы ойында бір жетіспеген ойыншы болса, ол осы – Арнольд екен. Соңғы минутта Валиуллин де өз сөзін айтты. Дугластан алған допты қақпа торына тоғытқан Азаттың голына бас бапкер Кака ерекше қуанды. Енді, соңғы топтық ойында Қазақстан Италияға қарсы сенімді ойын көрсетсе болды, құрамамызды келесі кезеңнен көріп қалуымыз мүмкін. Өз кезегінде Италия футзалшылары Словениямен тең түсіп, Қазақстанның турнир кестеде бірінші орынды сақтап қалуына көмегін тигізді.


Ойын соңында Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Кака өз ойымен бөлісті:

 - Финляндия допсыз өте қауіпті ойнайтын құрамының бірі. Бүгінгі ойында оған тағы да куә болдық. Алғашқы болып гол жіберсек те, еңсемізді тіктей алдық. Игитаның голы керек кезде соғылып отыр. Біздің капитан әр матч сайын өз ойынын жақсартып келеді. Келесі кездесуде жинақы ойнап, сапалы ойын өрнегін көрсетеміз деген үміттемін. Бұл кездесуде Альберт Ақбаликовтің көмегіне жүгіне алмағандықтан, алдыңғы шепте Дәурен Тұрсағұлов пен Азат Валиуллинді сынап көрдік. Сонымен қатар, Арнольдті де қарсылас қақпасының алдында ойнаттық. Бұл ойымыз өз жемісін берді деп есептеймін. Екінші таймда Азат өзіне берілген тапсырманы сәтті атқарып, алғашқы ойынға қарағанда жақсы ойнады. Келесі кездесуде де осы деңгейінен түспейді деп ойлаймын. Италия жайлы айтатын болсам, өте тәжірибелі ойыншылардан тұратын құрама. Олар командалық ойыннан гөрі, футзалшылардың жеке шеберлігіне көбірек сенім артады. Бұл әр ойыншыдан қауіп күтуге болады деген сөз. Сондықтан, барынша жинақы ойнап, қорғаныста сауатты ойын өрнегін жүргізіп, өзімізге қажеті ұпайға қол жеткіземіз деп сенемін.

Өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді


Қазақстан – Италия – 4:1 (2:1).

Гол салғандар: 1:0 Оразов, 6, 2:0 Валиуллин, 9, 2:1 Николоди, 13, 3:1 Оразов, 30, 4:1 Дуглас, 38 (бос қақпа)

Қазақстан: Игита (қақпашы, капитан), Тайнан, Тұрсағұлов, Дуглас, Оразов; қосалқы құрам – Атантаев (қақпашы), Қарағұлов, Эдсон, Валиуллин, Кнауб, Тоқаев, Сағындықов.

Италия: Пьетранджело (қақпашы), Николоди, Мусумечи, Алекс Мерлим (капитан), де Оливейра; запасные – Бертод (қақпашы), Эспозито, Капонигро, Фортини, де Матос, Арильо, Кайо, Стрингари Алвес.

Екі кездесуден соң қазақстандықтардың кестедегі орны көңіл қуантарлықтай еді. Алайда, бұл кездесу өте маңызды рөл ойнады. Егер отандастарымыз Еуропаның екі дүркін чемпиондарына ірі есеппен жеңілсе, топтан шығу мәселесі қиындары анық. Сол үшін ойын алдында бас бапкер Кака: «Бізге тең есеп те жетеді, алайда паркетте ондай мақсатпен шықпау керек, ол жеңілістің алғашқы белгісі» - деді.

Ойын бастала сала, «Скуадра Адзурра» Игитаның қақпасына соққы жасап үлгерді. Тайнан да ізін ала, қарсыластардың киперін бір сынақтан өткізіп көрген, бірақ қиыс кетті. Еуро-2022-де Италия командалық ойынға емес, жеке футзалшылардың шеберлігіне арқа сүйейтіндей. Алекс Мерлим командаластарынан дриблингімен, ерекше ойын өрнегімен ерекшеленді. Капитан ойынды өз қолына алып, Игита қақпасына қауіпті шабуылдарды бірінен соң бірін ұйымдастырып жатты. Алайда, алғашқы голды қазақстандықтар соқты. Бұрыштамадан Дуглас допты Оразовтың аяғына салып берді. Біржан қарсылас қорғаушысымен алысып жүріп, аяғын дұрыс қойып үлгерді. Келесі қауіпті соққыны да Кака жігіттері жұмсады. 


Валиуллиннің жерлете жасаған соққысын Италия құрамасына қосалқы қақпашысы (бірінші нөмірлі қақпашы Маммареллу жарақат алып қалған болатын) аяғымен қайтарып тастады. Бірақ, Қазақстан құрамасының шабуылшысы Азат Валиуллин екінші мүмкіндігінде есепті еселеді. Ол Эдсонның жарты паркетті өтіп, әдемі шығарған пасын өз керегіне жарата білді. Бұл жолы да италиялықтар ойыншыны ұстауға тырысып, спорттық снарядқа мән бермеген сияқты. 0-2 есебі онсызда жағдайы мәз емес Италия құрамасының салын суға кетірді. Оның үстіне қазақстандықтардың шабуылы бір сәтке де толастаған жоқ. Дугластың жақсы пасын Кнауб керегіне жарата алмаса, жарақаттан соң әлі бабына келе алмай жүрген Тұрсағұлов тура Пьетранжелоні көздеді. Бұдан кейін ойынның бас қазысы Италия қорғаушысының өз қақпасының алдында допты қолымен қайтарғанын байқамай қалды. Бұл анық пенальти еді. Паркеттегі қызу тартыста бір сәтке болса да, ойын темпін түсіріп алған Кака жігіттері күтпеген жерден өз қақпасына гол жіберіп алды. Капонигра өз ойлағанындай пас бере алмаса да, спорттық снаряд паркеттің сол жақ шетінде жүгіріп келе жатқан Николодидің аяғынан табылды, ол Игитадан оңай айласын асырып кетті. Осы есеп бірінші таймның соңына дейін сақталды. Екінші кезеңнің алғашқы он минуты Италия құрамасының анық басымдығымен өтті. Бұл ретте қақпашы Игитаның жеке шеберлігіне қол соғудан басқа шара жоқ. Бірнеше қауіпті соққылардың бетін қайтарып, есепке өзгеріс енгізбеуге тырысқан бірінші кезекті біздің капитан болды. Қарсылас шабуылдарына тосқауыл бола білген қазақстандықтар ара-тұра өздері де есепті еселеуге тырысып бақты. Дуглас пен Оразов керемет пас алысып, соңғысы осы турнирдегі бесінші добын соғып, сұрмергендер көшінде алдыңғы орынға шықты. Бұл гол Италия құрамасын одан сайын әбігерге салғаны анық. Олар қақпашының орнына алаңға тағы бір ойыншыны шығарып, Игита торуылдаған қақпаның кілтін іздеген. Тағы да біздің бағымыза орай сәтсіз. Сондай тартыстың бірінде Дуглас қарсыластан допты тартып алып, төртінші голды өз еншісіне жазды. Бұл ойынның нүктесі еді. Өкінішке қарай, Тайнан мен Эдсон осы ойында алған сары қағаздары үшін келесі кезеңдегі кездесуге қатыспайтын болды. Бірақ, қатарға Шыңғыс Есенаманов пен Альберт Ақбаликов қосылады деп үміттенеміз. 1/8 финалда Қазақстан құрамасы Украинаға қарсы ойнайды.  

(Суреттер Қазақстан футбол федерациясының сайтынан алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: