30.12.2025
14:00
904
Еуразия университетінің ұранын жазған студент бүгін хиттердің авторы: SHEBBER кім?

Еуразия университетінің ұранын жазған студент бүгін хиттердің авторы: SHEBBER кім?

SHEBBER лақап атымен танылған жас талант – ақын, композитор әрі әнші Аслан Мұхаметқали қазақ музыкасына жаңа тыныс әкелуді мақсат етеді. Университет қабырғасында жүріп жазған әні Еуразия ұлттық университетінің ресми ұранына айналып, оның шығармашылығын алғаш рет кең аудиторияға танытты. Қазір ол Auka, Мәди Қадыров, «Tynda» тобы сынды танымал орындаушылармен бірлесе жұмыс істеп, шығармашылығын шыңдап келеді. Ендеше, жас өнерпазбен жақынырақ танысайық.

Аслан Мұхаметқалидің өнерге қызығушылығы бала кезінен байқалған. Ол музыкамен алғаш мектепке бармай тұрып әуестене бастағанын айтады.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Өмірге шырылдап келгеннен кейін бе, әуендетуді ең алғаш мектеп қабырғасына бармай жатып бастаппын. Сол кезден бері дыбысқа, әуенге ерекше жақын болдым. Кейін әріп танып, бастауыш сыныпта түрлі сайыстарға қатысып, шығармашылығымды шыңдай бастадым. Ол кезеңдер мен үшін өзімді танитын, бағыт-бағдарымды анықтайтын уақыт болды. Бүгінгі өнер жолымның бастауы да сол шақтармен байланысты, – дейді ол.

Асланның сазгер ретіндегі кәсіби қалыптасу кезеңі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен тығыз байланысты.

Студент кезімде 20-дан аса ән жаздым, сол жылдары шығармашылық тұрғыда қатты өстім. ЕҰУ жастарына арнап шығарған ұран әніміз «ENU» деп аталады. Бұл әннің сөзі мен әуенін өзім жаздым, бірақ өнерлес достарым мен жетекшімнің көмегі де зор болды. Ректордың қолдауымен бұл әнді үлкен сахнада бірнеше рет орындадық. Осы туынды маған үлкен сенім беріп, авторлық әндерге деген сұранысымды арттырды, – дейді SHEBBER.

Университет сахнасында танылған бұл ән оның есімін кеңірек ортаға танытты.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгінде Аслан Мұхаметқали AUKA, Мәди Қадыров, Ғали Мұратжан, «Tynda» тобы сынды өзіндік аудиториясы бар орындаушылармен бірлесе жұмыс істеп жүр.

Әр әншінің болмысы мен стилі бөлек, сондықтан әрқайсысына жеке бейімделу қажет деп ойлаймын. Орындаушының жанына жақын сөздерді, стиліне сай келетін бағытты табу маңызды. Кейде әншілер дайын әнімді таңдайды, кейде арнайы сұраныс білдіреді. Ондайда бірге отырып, екі тарапқа да ұнайтын дүние жасауға тырысамыз. Сол себепті әр әннің жазылу уақыты әртүрлі болады, – дейді ол.

SHEBBER-дің қаламынан туған әндердің бірқатары тыңдарман арасында кең таралды.

Аuka ағама арналған «Ғаламым» әнінің сөзін карантин уақытындағы көңіл күймен байланыстырып жаздым. Мәди Қадыров досымның әлі жарық көрмеген бірнеше әніне сөз жаздым. Ғали Мұратжан бауырыма «Біздің Диско», «Мари» әндерінің сөзін жазып, «Ғашықпын» әніне бірлесіп жұмыс істедік. «Тыңда» тобының «Мүмкін мен сүйіп өтем» әнінің сөзін де мен жаздым. Кеңінен таралған әндерімнің қатарында «Ғаламым», «Мүмкін мен сүйіп өтем», «Біздің Диско» бар, – дейді ол.

Бұл әндер Қазақстанмен қатар көршілес елдерге де жетіп, автордың танымалдылығын арттырды. Мәселен, Асланның небәрі 15 минутта жазған «Қарағым-ай» әні Қазақстан мен Моңғолия тыңдармандары арасында кең таралды.

«Қарағым-ай» әні – табиғат пен махаббаттың ұштасқан көрінісі. Бұл туындыда арудың бейнесін толығымен табиғат тамашасымен байланыстырдым. Сол себепті әннің атын ару қызға арнайы қазақылап қойған болатынмын. Моңғолия еліне қазақ табиғаты мен сұлулығын жеткізіп айтып жүрген Нұрсұлтан Төлеубай бауырым, –  деді ол.

Жас әнші тыңдарманға тек автор емес, жеке орындаушы ретінде де танылып келеді.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазіргі таңда менің толық авторлық жұмысыммен жасалған «Девочка из города Семей» әнім 300 мыңнан астам қаралым жинады. Бұл – өзім орындаған төртінші ән. Алғаш болып «Ғашықпын» әні жарық көрді, кейін «Екеуміз» бен «Алнұрым» шықты. Тағдырдың жазғанымен шығып жүрген бұл ғашықтық әндерім – менің өмірімнен алынған, – дейді өнерпаз.

SHEBBER өзі шырқайтын әндерінің сөзі мен әуенін өзі жазуды жөн көреді.

Мен үшін өзім айтатын әндерді өзім жазу міндетті әрі маңызды. Себебі әрбір көрген тәжірибем болашағыма әсер етеді. Өз ойым мен сезімімді өзім шынайы жеткізе аламын деп ойлаймын. Басқа автордан ән алу – шығармашылықпен айналыспайтын орындаушыларға тән нәрсе. Мен өз қолтаңбамды қалыптастырғым келеді, – дейді ол.

Аслан өнерде шектеу жоқ екенін алға тартты.

Сахна үлкен не кіші болса да, оның киелілігін сезіне білу маңызды. Егер әнім шетел тыңдарманына жетіп жатса, халықаралық деңгейге неге шықпасқа? Үлкен мақсат қойғанды жөн көремін. Ең бастысы – сапалы дүние жасау, – дейді ол.

Ал өнердегі басты арманы – қазақ музыкасына жаңа стиль, жаңа тыныс әкелу. Funk бағытына бет бұрған жас өнерпаз тыңдарман қолдауына сенім артады.