Этнографтар Наурызды не үшін 9 күн тойлау керек екенін айтты

14 Наурыз, 11:00 957

Елімізде жылдар бойы 14 наурызды – Көрісу күні ретінде тойлап келеді. Дегенмен өлкетанушы, этнограф және наурызтанушы мамандар атаулы күннің негізгі мәні жылдар өткен сайын бұрмаланып жатқанын айтады. Осы орайда  El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі мамандармен тілдесіп, Наурыз мейрамының тарихы мен негізгі мағынасына көз жүгіртті. 

14 наурыз – Ұлыстың ұлы күні

«14 наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Көрісу күні деген жоқ». Осылай деген ғалым Серік Ерғали Наурыз мейрамын, оның тарихын 25 жылдан бері зерттеп келеді.

Шәкәрім Құдайбердінің ұлы Ақат Наурыз мейрамы жайлы өзінің естелік күнделігінде жазба қалдырған.  Онда: «14 наурыз - ескіше 1 наурыз. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 наурыз қазақша жаңа жыл – Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл парсы тілінде «жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген», делінген. Бұл туралы Шәкәрім Құдайбердіұлының Әділ мен Мәриям романынан да байқауға болады.

Күн мен түннің теңесуі жаңа жыл емес. Наурыз мерекесі – қазақтың мүшелдік жыл басымен, күн мен түннің теңесуін біріктіретін үлкен мейрам. Ресми түрде 8-9 күн бойы тойланады. Тарихқа көз жүгіртсек, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Бұқарада Абдулла хан басқарған кезде 8 күндік мерекеге қатысқан. Сондықтан Көрісу күні деп атау қате. Амал мерекесі дегенді де қою керек. Себебі, Амал – наурыздың бұрыңғы атауы. Күнтізбелік жыл алмасумен шатастырмау керек. Тұжырымдаманы 2009 жылы бастадым. 15 жыл бойы 14 наурызды – Ұлыстың ұлы күні ретінде тойлай алмай келеміз, - дейді Серік Ерғали.

Наурыздың бастауы көрісу әдебі тек еліміздің батысында ғана тойланған деген жансақ түсінік те бар. Көрісу шығыста да болған. Оны Абай Құнанбаевтың «Жазғытұры» деген өлеңіндегі «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деген жолдарынан аңғаруға болады. Көрісу туралы Орталық Қазақстанда туған ұлт ұстағы Ахмет Байтұрсынұлы да жазады.

Ғалым Серік Ерғали Ұлыстың ұлы күні 14-22 наурыз аралығында тойлану керек екенін айтты.

Қазір 23-і күнін де Наурыз мерекесіне қосып жіберген. Дегенмен оның Наурызға түк те қатысы жоқ. Бұл күнді мерекелік каленьдардан алып тастап орнына, ресми түрде 14 наурызды қосу керек. Бұл шешімді жақында 60-қа жуық мемлекет қайраткері, ғалым, зиялы қауымның барлығы қолдап, билікке жолдады. Оқушылар мен студенттердің көктемгі демалысын да 14-22 наурызға ауыстыру керек, - дейді наурызтанушы.

Оның сөзінше, Алматы облысындағы Таңбалыда орналасқан петроглифтерді Наурыздың паспорты деуге болады.

Өлкетанушы, ақын Светқали Нұржан Наурыз мерекесі 6 ғасырдан бастап тойланған деп есептейді.

Қазақ халқы жылдар бойы отарлық езгіде болған. Сондықтан өзіміздің ұлттық қағидаларымыздан жаңылып қалғанбыз. Бұл – заңдылық. Себебі, саяси тағдырын тәркіге түскеннен кейін рухани тағдырын да сондай болатыны заңдылық қой. Ұлыстың ұлы күні мейрамы 6 ғасырлардан бастап тойланған деген дерек бар. Мысалы, Алтын Орда мемлекеті Ұлық ұлыс деп аталған. Қазір ұлыс деген сөздің мағынасы тарылып кеткен сияқты. Дегенмен оның негізгі мағынасы – мемлекет. Бұл мемлекеттің ұлы күні. Ұлы мерекесі, - дейді Светқали Нұржан.

Оның айтуынша, Ұлыстың ұлы күнінін ауқымы біз ойлағаннан да үлкен.  

Біз 22 наурыздан әлі күнге дейін арыла алмай жүрміз. Оның себебі атаулы мереке ХХ жылдары Түрік Республикасының қарауымен қабылданып кеткен. Сол кезде Түрік Республикасының құрамында Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Орта Азия мемлекеттерінің барлығы болды. Сол кезде бәлкім, билік парсылардың қолында болғаннан ба, түркілерді негізгі бағыт бағдарынан, тамырынан ажырату үшін жасалған шара ма, қалай болғанда да 22 наурыз жаңа жыл деп бекітіліп кеткен. 1987 жылы дәл сол бағытпен 22 наурыз болып парсының жаңа жылы қабылданып кетті. Бұл біздің ұғымымызда қызылбастылардың, яки парсылардың жаңа жылы. Тұранның жаңа жылы 14 наурыз басталу керек. 30 жылдан астам уақыт бойы орыс тілінен айырыла алмай жүрміз. Енді парсылардың жаңа жылынан айырыла алмай жүргеніміз бізге сың емес па? Адамзатқа үлгі, өнеге үйреткен Тұран мәдениетінің өкілдері емеспіз бе? түркі халықтарының ұрпағы емеспіз бе?, - дейді өлкетанушы.

«Қазақтар 40 үйді аралаған»

Наурыздың алғашқы күндерінен бастап қыстан аман шыққан халық бір-бірінің үйіне барып, көрісіп, аман-саулық сұрасқан. Кемінде 7 үйге, көбінде 40 үйге дейін барып аралаған. Қазақтар ет асып, бауырсақ пісіріп қоңақ күткен. Жастар үлкендердің, үлкендер ауырып жатқан жақындарының үйіне барып жағдайын білген. Дегенмен  еліміздің кейбір өңірлерінде көрісу – адам өлгенде көрісу деген түсінікті ұстап қалған. Мұндай түсініктің қайдан және қалай пайда болғанын өлкетанушы айтып берді.

Еліміздің кейбір өңірлерінде көрісу – адам өлгенде көрісу деген түсінікті ұстап қалған. Бұл да рухани кеңістігіміздің, айдындарымыздың тарылғанының белгісінен болып отыр. Әйтпесе, көрісу ұғымы өте кең ұғым. Ол тек өлгендегі ғана рәсім емес, жаңа жыл келгенде көрісу. Көрісу – жаңа жылдың бастауы. Көрісу – өкпе, ренішті ұмыту. Барлығын ескі жылда қалдырып, жаңа жылға жаңа ниетпен, пейілмен, мейіріммен, махаббатпен аттаудың белгісі болып саналады. Бір-біріне өкпелеген адамдарды жақындары қауыштырып, татуластырады. Адамдар төс қағысып, "кештік" деп үш рет қайталап айтқан, - дейді Светқали Нұржан.

Соңғы жылдары елімізде Наурыз мерекесіне ерекше дем беріліп келеді. Осылай деген этнограф, өлкетанушы Өмірзақ Озғанбаев Наурыздың әр күніне ат қою үрдіске айналып келе жатқанын айтты.

Қазіргі таңда 14 наурыздан бастап 22 наурыз аралығындағы әр күнге мән беріп, оған тақырып қою дәстүрге айналып жатыр. Мысалы, бір күнін – «Дәстүрге» арнаса, екінші күнді – «Тарих» деп тойлайды. Осының барлығы наурыздың бастау болу керек. Бұл тәрбие мен білім құралы ретінде де үлкен бастама. Мектептерде, колледждер мен университеттерде жас ұрпақты ынтымаққа, бірлікке тәрбиелеу мақсатында 14-22 наурыз аралығында тойлауымыз керек, - дейді Өмірзақ Озғанбаев.

Миражан Махан
Бөлісу: