Этноауылдағы көшпенділер мәдениеті (Фоторепортаж)

12 Қыркүйек, 16:50 922

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аяқталуына санаулы күндер қалды. Дүбірлі дода аясында еліміздің 17 облысы өнерпаздар мен спортшыларды ғана емес, сонымен қатар ең құнды деген жәдігерлерін де әкеліп, елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынды. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Этноауылды аралап, әр ауылдың экспонаттарымен танысып, тамашалап қайтты.

Этноауыл атмосферасы ерекше. Құдды бір бөлек әлем тәрізді. Айнала киіз үйлерге толы. Жанында алтыбақан тепкен жастар, баланы бесікке бөлеген енесі мен келіні, қолына домбыра ұстап әнін әуелеткен сері жігіттер, шолпысы сылдырлап, күлкісі сыңғырлаған қыз-келіншектер. Қазақ халқының салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін осы көріністен-ақ аңғаруға болады.

Этноауылға келген әр қонақ қазақ халқының тарихына көз жүгіртіп, көшпелі халықтардың өзіндік мәдениетімен таныса алатындай мүмкіндік жасалған. Шетелдік туристердің де қарасы көп. Барлығы киіз үйлердің кереметтігіне тандай қағысып, құнды жәдігерлердің жанында суретке түсіп, мәз-мейрам болуда.

Қызылорда облысы

Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінің қорының өкілі Эльвира Сағитжанова «Сыр өңірі - түркі өркениетінің алтын бесігі» екенін айтады. Өңірлік музей қорында 70 мыңға жуық экспонат бар екен. Соның бірталайын шетел қонақтарына, арқа жұртшылығына таныстыру үшін сырдың сырлы тарихын, жауһарлы жәдігерлерін арнайы алып келген. Ең құндысы -  XVIII ғасырмен мерзімделетін, баламасы жоқ жоңғар дулығасы. Экспонат қазіргі таңда шетелден келген қонақтардың қызығушылығын тудыруда.

Сыр өңірі 4 рет астана болды. Ең алғашқы астанамыз Шірік-Рабат қалашығы Сақ тайпаларының астанасы болған. Сол қалашықтан 2004-2005 жылдары «Мәдени Мұра» бағдарламасы аясында табылған сақ жауынгерінің реконструкциясын алып келдік. Реконструкцияны белгілі реставратор Қырым Алтынбеков жасаған еді. Шірік Рабаттан алтын киімді Алтын адамымыз және үшінші астанамыз Сығанақ қалашығынан 2019 жылы табылған алтын әшекейлі Сығанақ ханшайымы бар,-деп нақтылады музей қызметкері.

Сондай-ақ, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдар, мәселен, қыш құмыралар, керамикалық ыдыстар әкелінді. Соның ішіндегі маңызды жәдігерлердің бірі -  Марал Ишанның асатаяғы бар. Көрмеге көшірмесі қойылды. Түпнұсқасы ұрпақтарының қолында. Марал Ишан бабамыздың оққағары болған Тәжі деген кісінің түпнұсқа ері де көрме қонақтарының назарына ұсынылды. Марал Ишанның Кенесары ханның әкесі Қасым сұлтанның туған бөлесі болған.

Тәжі соңғы жорыққа өзінің оққағарын ертіп жіберген екен. Ол кісі өзінің қайтпайтынын білген болар, 12 жасар баласы Өтеуліге әлгі ерді аманаттаған-тын. Сол Ер бізге жетті. Қорда сақтаулы,-деді Эльвира Сағитжанова.

Сыр елі - тарихи тұлғаларға бай өңір. Қызылорда облысы әулие-әнбиелер, ишамдарға, ахундарға толы. Марал Ишанның баласы Қалқай Ишан бабамыздың мөрінің көшірмесі көрсетілген. Қорасан атадан тарайтын Ер Сейтпенбет әулиенің мөрі де бар. Қазақ мектебін ашу ісімен айналысқан алғашқы суретшілердің бірі, Хорунжий атағын алған Сердалы Бекшорин ұрпақтарының қолында сақталған мөрінің көшірмесі мен ұлы тұлғалардың бірі Бұқарбай батыр мөрінің көшірмесі әкелінді. Біздің заманымызға дейін 4-2 мыңжылдықтармен мерзімделетін Баланды қалашығынан табылған қола қазанның түпнұсқасы көпшілік назарына ұсынылды.

Қазақтың тұрмысында пайдаланылып, кейін ұмыт қалған Сыр елі шеберлерінің жаңғыртуымен тыныс алған жәдігерлер топтамасын әкелдік. Мәселен, қыз шашының тазалығын сақтап, жұмыс кезінде шашы бүлінбей таза болуы үшін киген шашқап та бар. Жамбы ойының атрибуттары да көрмеге қойылды. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Тоғызқұмалақ әкелінді. Музейде 2 мыңға жуық зергерлік бұйым коллекциясы бар, - деп қорытындылады музей қызметкері.

Мөлдір Мұратова «Қызыорда облысы әкімдігінен келіп тұрмын» дейді. Ол Қызылорда облысы тауар өндірушілерінің көрмесі жайлы қонақтарға баяндап отыр. Жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, құрылыс, тамақ өнеркәсіп саласының өнімдері көрсетілген. Барлығы - Қызылорда облысында шығатын өнімдер. Қазақстанның 90 пайыз күріші Қызылорда облысынан шығады. Әртүрлі сорттағы күріштер.

Арал өңірінен шығатын тұзымызды алып келдік. 2022 жылы қазан айында Премьер-министрдің қатысуымен Шыны зауытын іске қосқан болатынбыз. Қытайлықтар оны 42 млрд теңге өз қаражатыны есебінен салып берді. Орталық Азиядағы жалғыз шыны зауыты десек болады. 197 100 тонналық қуаттылығы бар. Кварц құмы, әк, даламит - осы шикізаттың барлығы Қызылордада бар,-деді музей қызметкері.

Биыл ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысуымен маусым айында екінші желісі іске қосылды. Энергия үнемдейтін шыны. Оны да қытайлық инвестр 15 млн қаражатын салып, шыны зауытының екінші желісін іске қосты. Мектеп болсын, емхана болсын, барлық құрылыс барысында бұл шыныны пайдаланып, энергияны 20 пайызға үнемдеуге болады. Бұл - қыста суық, жазда ыстық өткізбейді деген сөз. 2018 жылы телекөпір кезінде Цемент зауыты іске қосылды. 46 гектар жерде орналасқан зауытты қытайлық инвесторлар салып берді.

Көрмемізде мұнай құбырлары, тыңайтқыштар, мал тұзы да бар. Сонымен қатар, қорғаныс, ішкі істер министрлігі тапсырмасымен тігілетін арнайы әскери киімдер, шоколад пен кәмпит тәрізді тәттілер әкелдік. Қызылорда облысы түйе саны бойынша Маңғыстаудан кейін екінші орында. Сол себепті түйеден өнім шығаруға аса мән берілуде. Мәселен, түйе сүтінен сабын жасалады. Оның денсаулыққа пайдасы зор. Ешкі сүтінен жасалған сабын бар,-деді Мөлдір Мұратова.

Қазақстанда кір жууға арналған ұнтақ шығаратын екі зауыт бар. Соның бірі Қызылордада орналасқан. Ол мемлекеттік қолдау ретінде 9 млн теңге ақша алып, кір сабын мен кір жуатын ұнтақ шығарып отыр. Кір жуатын ынтағы - химиялық таза. Таза сутегі мен ас содасынан жасалған өнім.  

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысы тарихи өлкетану музейінің экспонаттарын таныстырған Бақтияр Нұрпейісов «біз бірінші кезекте, археология мен этнографияға негіз салдық» деп отыр. Ғұндардың дүниежүзілік тарихқа салған ізі - үлкен. Олар біздің заманымыздың 2-4 ғасыр аралығында өмір сүрген. Бұл жәдігерлер 2018 жылы қала маңынан кездейсоқ табылған болатын. Кейіннен археологтар қазба жұмыстарын жүргізді.

Маңғыстаудан табылған күмістелген ерді көруге болады. Сонымен қатар ат әбзелдері, сулықтар, ауыздықтар алтын қапсырмалармен безендірілген. Бұл кездің ерекшелігі ретінде полихромдық стильде жасалғанын айтуға болады. Тұрмыстық заттар мен қару-жарақтарды әшекейлеу кезінде асыл тастарды қолдану немесе нүктелеп бедерлеу, ою-өрнектерді салу кеңінен таралған.  Сақ-сармат дәуірінде аң стилі басымдық танытса, ғұн кезінде полихромдық стиль пайда болған. Осы стиль кейіннен қазақтың қолөнерінде де кездеседі,-деп түсіндірді ол.

Қызыл түсті гранат тастары ғұндардың түсінігінде «киелі» деген мағына береді. Алтын мен күмістің қоспасы. Көрмеде беделді адамның қолданған қару-жарақтары бар. Ежелде беделін көрсету мақсатында адамды алтын заттарымен жерлеген екен. Қазақтың бес қаруы да музей экспонаттарының қатарында. Алаша, текеметтер тағы бар.

Сегізінші алтын адам Ақтөбеден табылған. Алтын киімді Сармат көсемі. Көрмеге ғылыми реконструкциясын әкелдік. Екі белбеуі табылды. Белбеуінің бөлшектері деп нақтыласақ болады. Өкініштісі, органикалық заттар сақталмайды. Мәселен, тері, мата сияқты талшықтары жоқ, тек қана алтын жапсырмалары сақталған, - деді Бақтияр Нұрпейісов.

Сармат көсемінің бас киімі, жапсырмалар аң стилінде жасалған. Ал арқарлар аң стилінің негізі болып табылады. Құнды жәдігерлердің бірі «горит» те көрмеге қойылған. Горит немесе садаққап - садақ пен жебелерді салған қап. Түпнұсқа. Біздің заманымыздан бұрын 4-3 ғасырмен мерзімделеді. Қолында қамшысы, сабы сүйектен жасалған және алтын фольгамен қапталған. Дизайнерлер, реставраторлар, археологтар бірлесе отырып, осындай үлкен жұмыс атқарып отыр.

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Солтүстік Қазақстан облысы

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласынан Абылайхан резиденциясы музей кешені директорының орынбасары Әсемгүл Қыдыбекова музей экспонаттарын таныстырып, мән-мағынасын түсіндіріп берді.

Бүгін - қуанышты жағдай. Көрмеге Абылай атамызды әкеліп, таныстыру мақсатын көздедік. Тек қазақ жұрты емес, басқа ел азаматтарына да таныстырып, әлемге танытайық деген ой бар. Үш жүздің басын құраған Абылай атамыз Қазақстанның Солтүстік қақпасы Петропавл қаласында 17 жыл Абылай ханның ақ үйі ашылған болатын,-деді директор орынбасары.

Бұл - тарихи оқиға. Абылай ханның резиденциясы 2008 жылы 21 тамыз күні салтанатты түрде ашылды. Бұл үйдің іргетасы 1765 жылы қаланды. Ең әуелі бір қабатты ағаштан үй тұрғызылып, күйіп кеткен соң 1829 жылы орнына Ресей үкіметі екі қабатты кірпіш үй тұрғызған. Кейіннен үй әскери лазаретке айналып, әскери бөлімше болады. Үй қабырғалары бұзылып, қирап бастаған кезде облыс әкімдігі экс Президентке хат жолдайды. Сөйтіп мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлініп, үш жылдың көлемінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, Абылай ханның ақ үйі бой көтерді. Содан бері есігі қонақтар үшін айқара ашық.

Ойындарға 17 жыл қозғалмаған Абылайдың бейнесін алып келіп, таныстырып жатырмыз. Бірінші Петр десе, көз алдымызға Ресей елестесе, Абылай хан десе қазақ елін еске түсіреміз. Ел танысын, әлем танысын деген мақсатпен көрмеге әкелдік. Сондай-ақ, жетпістен астам жәдігерлеріміз бар. Сол кезде батырларымыз қолданған заттары да көрсетілген. Мәселен, 350 жыл тарихы бар сауыттар қойылған. Түпнұсқа. Қылыш, білте мылтық, сирақты мылтық бар. Оқтарымен көрсетілген. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылай солтүстік өңірде жас батырларға «Есілдің бойын жауға бермеңдер» деп бұйрық берген екен. Батырларды өңір өңірге бөліп берген екен. Сол кезде батырларымыз елді жаудан арашалап,  қазір солтүстік өңірде бірнеше аудан орталықтары бар,-деп түсіндірді Әсемгүл Қыдыбекова.

Құлеке батыр - Шалақынның атасы. Ұрпақтары солтүстік өңірде тұрып жатыр. Ол атасы қолданған найзаның ұшын музейге табыстаған болатын.

Жас ұрпаққа Абылай атамызды танытып, 3 жүздің басын құраған хан екенін ескертіп, әрі қарай дәріптей беруіне үлес қоссақ нұр үстіне нұр,-деді музей қызметкері.

Директор орынбасарының айтуынша, Абылай хан туының түсіне қатысты дау әлі де көпшілікті мазалайды. Біреуі қызыл ту болды десе, енді бірі көк ту болды деп түсіндіреді. Түптеп келгенде ханның бірнеше туы болған. Ұлдарын әмірлікке жібергенде, біреуіне ақ туды ұстатып «мынау сенің өңірің, ие бол» деген-тін. Екіншісіне де солай аманаттаған екен.

Бір ханның өзінде бірнеше ту болған. Мысалы, Болат ханнан ақ туы, Әбілмамбеттен көк ту келді. Абылайдың қызыл туы соның үшеуін біріктіріп, биылғы жылы бекітіп, ортасына төрелердің белгісін қойдық. Екінші жағында Абылай деген жазу бар,-деп қорытындылады ол.

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Солтүстік Қазақстан облысы

Солтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайындағы көрме экскурсоводы Ақбота Бауыржанқызы көрме «Ботай-ұлы дала мәдениеті» тақырыбында ұйымдастырылып отырғанын айтып өтті.

Ботайлақтар жылқы малын қолға үйретуімен ерекшеленді. Сонымен қатар олар 70 мыңға жуық жабайы жылқыны қолға үйреткен халық. Б.з.д 4-3 мың жыл аралығында ботайлықтар өмір сүрген. Көрмеден олардың тұрғын үйлерінің макеті көруге болады. Олар ең алғаш рет бұта салып, оның үстіне тері жауып, соңынан жүнмен қаптаған. Ботайлықтар шаруашылыққа пайдалану үшін, ошақ салып, жерді қазып, сыртын саз балшықпен қаптаған,-деп бастады экскурсовод.

Оның айтуынша, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде 90%-ға жуық жылқының сүйек қалдықтары табылған. Көрмедегі жылқының бас сүйегі - нағыз ботайлық жылқыға тиесілі.  Бас сүйекке - 5500 жыл. Тас дәуірі болған соң, адамдар ағаштан, сүйектен, тастан әр түрлі құрал-жабьдықтар жасаған еді. Көрмеден тас келісаптары, ежелгі найзаның ұштары, тас балта және тас дөңгелектер көруге болады. Витринада керамикалық қыш қазандарға дейін бар.

Жылқының бақайшықтары, тұяқтары өрнектелген, орнаменттелген және ол ешқашан қайталанбайды. Жылқының сүйектерін қашауға арналған қашаулар бар. Тұрмыста қолданылады. Қымызға арналған ыдыс аяқ, биені сауғаннан кейін күбіде ашытып, сабаның ішіне құйып қояды. Міне, осындай сырты өрнектелген 15 литрлік аң терісінен жасалған саба да бар. Қазақ көші-қон халық болған. Бір жерге шапса, жол жүрсе, торсық алып жүреді. Оның қасына теркеш деп аталатын ыдысы болады. Оның ішіне сынып қалмас үшін кесе сақтайды. Осының барлығы - жол жүруге арналған ыдыс-аяқ түрлері,-деп нақтылады Ақбота Бауыржанқызы.

Қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтарының бірі қайын ағашынан жасалған астау, ожау көпшілік назарына ұсынылды. Көбінде жылқының суреті бейнеленген. Бұдан сол дәуірде жылқы суретінің популяризациясын көруге болады.  

Солтүстік Қазақстан облысы әкелген киіз үйдің ішінде 17 картина бар.

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысы, Хан ордасы музей қорының қызметкері, әдістемеші Лунара Жасұланқызы «көрмеде «тұңғыштардың отаны - Хан ордасы» туралы  тарих баяндалады деп отыр. Көрмеде Бөкейдің сұлтан және хандық дәрежедегі мөрлерін көруге болады. Хан кезінде жүзігін мөр ретінде пайдаланған деседі. Жәңгір хан шапанының көшірмесі қойылды. Ол бағалы бархат матасымен тігіліп, алтынмен көмкерілген. Қасында әйелі Фатиманың балдық көйлегі бар. 1826 жылы Жәңгір хан Фатиманы Николай І таққа отырғызу рәсіміне ертіп апарады. Сол шараға жұбайы осындай еуропалық үлгідегі нуар матасынан тігіліп, алтын жіппен көмкерілген көйлек киеді. Біздің заманымызға дейін сақталған тек хан әйелінің бешпенті де көрмеге әкелінді. Түпнұсқалары Алматыдағы Ұлттық музейде сақталған.

Бұл киімдердің үлгісі жазба деректерге сүйене отырып жасалған. Зерттеуші ғалымдардың пікірін ескеріп, жасадық,-деді әдістемеші.

Бөкейден кейін уақытша басқарған Шығай сұлтанның да мөрі бар. 1815-1822 жылдары Шығай сұлтандық дәрежеде басқарыды. 1822 жылдан бастап, Жәңгір Бөкейұлы тақ мұрагері ретінде тағайындалып, Александр І қылыш сыйға тартады. Осы қылышты көрме қонақтары тамашалай алады. Жәңгірдің мөрі, үстінде Жәңгір хан деген жазуы бар жүзігі де ұсынылып отыр.  Десе де, мұның барлығы - көшірме.

Қазақ халқы арасындағы бірден бір сақталған резиденция осы деуге болады. Ол Батыс Қазақстан облысының оңтүстік бөлігінде 600 шақырым жерде орналасқан. Жәңгір ханның бас имамы Жаппар Хаматұлының кітабы да бар. 1835 жылы Жәңгір хан өзі қаражатынан Хан мешітін тұрғызып, Жаппар Хаматұлы сол мешітте бас имам болған көрінеді. Жәңгір ханның кезінде елде жәрмеңке ұйымдастырылған,-деді музей қызметкері.

Оның айтуынша, көрмеден 1838 жылы арнайы балалар тасымалданған шелектерді көруге болады. 19 ғасырдағы Ай таразысы да көз жауын алады. Қанжар, қыны да - маңызды экспонаттар.  

Айта кету керек, Жәңгір хан қазақ даласындағы балаларға арналған тұңғыш мектепті 1841 жылы ашты. Хан Жәңгір сол кездері өзінің мектебіне қабылданған қазақ балаларына Ресейдің Небелев кадет корпусына білімі алуға жағдай жасап, арнайы 10 орын алып берген.

Батыс Қазақстан облысы тарихи өлкетану музейінің директорынның жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Ажар Берікқалиева өңірден көрмеге 364 жәдігер әкелінгенін алға тартты. Сарматтар кезеңінен бастау алатын II-IV, V-VI, VIII ғасырларға тән музей қорындағы жәдігерлер ұсынылып отыр. Ең біріншісі БҚО тарихи өлкетану музейіндегі Ақжайық өңірінің бренді - 2012 жылы табылған Тақсай ханшайымы. Теректаудағы Долинный елдімекенінде табылған алтын ханшайым көрме қонақтарына көрсетілді.

Қазақстан бойынша, біздің музей қоры - ең бай музейлердің бірі. Мұндағы қорда 200  мыңнан астам құнды жәдігер бар. Қазақтың қыз-келіншектеріне, аналарымызға арналған күміс алқалар, шашбаулары, қыздардың инабаттылығын, даналығын білдіретін күміс сақиналары, құдағи жүзіктер, күміс белдіктер көрсетілген. Сондай-ақ XVIII ғасырға тиесілі батырлардың сауыт-саймандары, қалқаны, бас киімі, айбалтаны әкелінді. 2002 жылы V-VI ғасырға тән Жайық қалашығының маңында табылған жәдігерлер бар. Қыш құмыралар мен бұрынғы құбырлардың түпнұсқаларын ұсынып отырмыз,-деді Ажар Берікқалиева.

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Жамбыл облысы

Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасының өкілі «Жамбыл облысының қолөнершілері «дүниежүзінің қолөнершілер қаласы» деген ұйымға 2022 жылы еліміздегі ең алғашқы қала болып кіргенін» айтты.

Қазіргі таңда жыл сайын аккредитациядан өткізіп отырмыз. Бізде халықаралық қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеге қолөнершілердің қолдан жасалған бұйымдары, музыкалық аспаптары қойылып отыр. Ең кереметтерінің бірі - Қарахан мен Айша бибі кесенелерінің макеті. Көрмедегі ертоқым, астындағы қазан - қайталабайтын авторлық дүниелер. Бетке ұстар тағы бір нәрсе - ортеке. Бұл ортекенің барлық мүшелері қимылдайды. Сонысымен - дара,-деп мәлімдеді.

Жамбыл облысының әкімдігі тіккен киіз үйге кірсеңіз, алдыңыздан жүз жасаған Жамбыл ақынның өзі қарсы алғандай күй кешесіз. Жамбыл ата секілді киініп, бет-әлпетін дейін ұқсатып, сол кісінің обрзына еніп отырған актерді көргенде "жарықтық Жамбыл атамыз да осындай болған шығар" деген ойға қаласыз. 

Бұл жерде де Ұлжан Омарова келген қонақтарды Жамбыл облыстық өлкетану музейінің құнды жәдігерлерімен таныстырып жүр. Ол музейдің қорында ортағасырлық археологиядан бастап, 19 ғасырдың соңына жатқызылатын этнографиялық бұйымдар қойылғанын ескертті. Ортағасырлық шырағдандарға тоқталған экскурсовод олар бөлмені жарықтандыру үшін пайдаланғанын алға тартты. Шығардандардың әртүрлісі бар. Бірі қыштан жасалса, енді бірі қоладан жасалған. Қарапайым халық қыштан жасалғанын пайдаланса, дәулетті, бай отбасыдан шыққандары қоладан, ою-өрнектермен әсемделген шырағдандарды пайдаланыпты. Ғалымдардың зерттеулері барысында ұзындығы бір метр шырағдандар да табылған көрінеді. Бұл шырағдандар әр түрлі аймақтан қазба жұмыстары кезінде табылыпты. Түпнұсқа.

Айша бибі кесенесінің түпнұсқадағы кірпіштері бар. Орта Азия және Азия бойынша саулет өнерінің ең жоғары деңгейдегісі - Айша бибі кесенесі. Х-ХІ ғасырлармен мерзімделеді. Кесене 62-ден астам бір-біріне ұқсамайтын өсімдік тектес ою өрнектерден жасалған. Терракоталық деуге болады. Бір қызығы – қазірге дейін бұлардың қалай, неден жалынғаны белгісіз, - деп сендірді ол.

Көрме витринасында этнографиялық бұйымдар да бар. Зергерлік әшекей бұйымдар таза күмістен жасалып, гаухартастармен безендірілген. Білезік, сақина, сусырға, алқа және таза теріден жасалынған биік өкше аяқкиім де ұсынылған.

ХІХ ғасыр соңында оң және сол жақ аяқ-киім деген түсінік болмаған. Себебі таза теріден жасалған бұйым кейіннен аяқтың формасын алған. Барлығы түпнұсқа. Жамбыл облыстық өлкетану музейінің қорында жинақталған,-деп қорытты Ұлжан Омарова.

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Алматы қаласы

Алматы қаласы деген жазуға бұрылғанымыз сол еді, биіктігі Алатаудай алып жігіттер көзімізге ерекше көрінді. Бұрын ертегілерде батырларды: "тау тұлғалы, алып денелі, кең иықты" деп суреттеуші еді ғой. Дәл сол батырлар міне, айбалтасын асынып алдымызда тұр. Біз секілді емес, этноауылды төбесінен қарайды. Қастарында бойлары өздеріне шамалас сұлу қыздар да жүр. Тағы бір ерекше көзге түсетіні - әлемге аты тараған апорт алмасының бағы. 

Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бас қор сақтаушысы Розия Тұрсынбекова көшпенділер ойынына Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарайтын Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінен бірнеше тұлғаның музыкалық аспаптарын алып келгенін айтты. Оның ішінде Абайдың, Шәкәрмнің, Ақан Сері, Біржан сал, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Нұрғиса Тілендиевтың өз қолдарымен ұстап, ойнаған аспаптары көрме қонақтарына ұсынылды.

Түпнұсқа емес. Олар музейде сақталған. Бұл жерде «ел көрсін, танысын» деген мақсат қана бар. Көшірмелерін алып келдік. Қазақтың басқа да ұлттық аспаптары, оның ішінде жетіген, дабыл, желбуаз, даңғыра, дудыға, асатаяқ деген мемориалдық емес, тиесілі болмаса да қазақтың басқа да аспаптарын таныстыру ретінде әкелдік, - деді музей қызметкері.

Көрмеде Зейнелхан Мұхаметжанұлының картиналары көпшілікке таныстырылды.

Көшпенділер ойынына Алматы әкімшілігінің көмегімен арнайы келіп отырмын. Менің жұмыстарымды таңдап, осы көрмеге шақырту алдым. 20-дан астам жұмыспен осы көрмеге қатысып отырмын. Келушілер өте көп. Жұмысымның ерекшелігі – қазақтың дәстүрі көркем бізкесте өнерімен орындалуында. Осы техникамен 30 жылдан астам уақыт бойы еңбектеніп келемін. Соның арқасында жұмыстарым бейнелеу өнерінің дәрежесіне көтерілді. Бұрын тұрмыстық деңгейде ғана қолданылып келсе, қазір бейнелеу деңгейінде үлкен көрмелерде, музейлерде орын алып отыр. Үлкен жанрлармен иық тіресе алатын дәрежеге жетті,-деп ағынан жарылды суретші.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Семей қаласы

Семей қаласы тарихи өлкетану музейі директорының орынбасары Шынар Садықова: «Музей мақсаты – қазақ халқының тұрмысын, өмір тіршілігін осы коллекциялар арқылы көрсету, мәдениеті мен этнографиясымен таныстыру» деп нақтылады. Көрмеде толық жабдықталған 8 қанатты киіз үй бар. Сол жағында ертұрмандардың коллекциясы жинақталған. Сырты күміс тастармен безендіріліп, өрнектелген. Құйысқан ер адамдардың киімдері, шапан, 19 ғасырдағы тымақ та бірден көзге түседі. Бес қаруын жастанған қазақ батырының бейнесін көруге болады. Сыртына темір сауыт, басына дулыға киген, бес қаруы: ақнайзасы, шоқпары, айбалтасы қанжары мен қылышы, қолында қалқанын ұстап тұрған батыр бейнесі. Ар жағында қорамсабы мен садақ жебе ұштары көрсетілген. Киім жинайтын сандықтары, ішінде киімдері жиналған.

Сандықтардың түр-түрі болған. Жаздық, қыстық киімдерді бөлек сандықтарға сақтаған. Жағлан міндетті түрде жүк аяқтың үстінде тұрады. Сырты сүйекпен безендірілген. Әр бұйымға сән беру үшін сүйекпен безендірген. Музыкалық аспаптардан қобыз бен домбыраны көруге болады. Қобыз кейіннен ғана музыкалық аспап болды. Кезінде бақсылар осы аспаппен емдеп, қобыздың үні мен сарыны адамдға шипа деп сенген. Кейінен ғана музыкалық аспап болған еді,-деді директор орынбасары.

Семей қаласының киіз үйінде қасқыр, арланның терісін кездестіруге болады. Бұл да - қазақ тұрмыс-тіршілігінің бір сипаты.  Сондай-ақ, ағаш жастық пен шынтақтап жата кетуге өте ыңғайлы түрлі көрпешелер бар.  Сырты сүйекпен безендірілген қайқыбас төсек үлгісі көрсетілген.

Қазақ халқы жартылай көшпелі халық болды. Сондықтан 19 ғасырдың 2 жартысындағы пайдаланылған төсек үлгісін тамашалай аласыз. Кимешек, көне әшекей бұйымдар: шолпы, шашпау, білезік, шекеліктер бар. Сандық қобдишалар әшекей бұйымдарға арналып ағаштан, теріден жасалған. Тостаған, кіршомбал, ыдыс сынбай үшін кесеқап, саба, кебеже, асатал - 19 ғасыр бұйымдары. Келі келісап, күбі. Қол диірмені, су диірмені, тас диірмені. Осы жәдігерлердің барылығы біздің көрмеде көрініс тапқан,-деді Шынар Садықова.

Абай облысы

Абай облысы Семей қаласындағы Абай музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлназ Бисембинова бұл жерде Абай Құнанбайұылының 1885 жылы Семей қаласындағы өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлері орналасқан деп сендірді. Жәдігерлердің барлығы - түпнұсқа.

Абайдың әйелі Әйгерімнің ертоқымы таза күмістен жасалған. Абай атамыздың ет табағы, ағаш құдысы, кесе қабы, музыкалық аспаптарының барлығы осы көрмеде топтасқан. Сонымен қатар, Шәкәрімнің шоқпары, саптыаяғы, тымағы мен кимешегі көрсетіліп отыр. Мұхтар Әуезовке қатысты бірнеше зат қойылды. Соның ішінде Қайым Мұхаметхановқа, Фарида Халитоваға, ұлы Мұрат Әуезовке жазған хаты және Үндістанға сапарынан келген шай сервизі бар. Бұл - қызының сыйы,-деді музей қызметкері.

Көрменің басты ерекшелігі ретінде арнайы қондырғылармен жабдықталған ақпараттық киоскты айтуға болады. Сонымен қатар, Абайдың батасын алуға болатын арнайы интеракттивті панель орнатылған.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Маңғыстау облысы

Маңғыстау облыстық музейінің көрмесінің атынан Дәуірбек Өңірбаев сөйледі. Ол көрмеде Маңғыстауда табылған тас ғасыры, қола дәуірінің және темір дәуірінің жәдігерлері бар деп отыр. Оның ішінде әртүрі кремний, яғни шақпақтастан жасалған тас қарулары, сол кезде мекендеген адамдардың бет бейнесін қалпына келтірілген түрі, керамика, әртүрлі металлургия зергерлік өнердің үлгілері жинақталған. Барлығы - тұпнұсқа.

Тас дәуіріндегі б.з.д 1 млн 750 мың жыл бұрын Маңғыстау облысын мекендеген адамдардың қолданып кеткен бұйымдары көрсетіліп отыр. Шақпақтастан жасалған әртүрлі жебенің ұштары, пышақтың ұштары, басқа да бұйымдар бар. Бұл - Маңғыстау облысының солтүстігінде Каспий жағалауында Сартас деп аталатын маңындағы ежелгі тұрақтардың бірі. Қола дәуірінен көшпелі мәдениет іргетасы қаланған кезең десек болады. Сол кездегі адамдардың қолданған әртүрлі бұйымдары осы жерде көрсетілген. Темір дәуірінде мекендеген сақ, ғұндардың бұйымдары – осы жерде,-деді Дәуірбек Өңірбаев.

Оның айтуынша, көрмеде ақинақ деген қысқа қылыш пен қолдан жебе ұштары тағы бар. Көшпенділер мал шаруашылығы ғана емес, басқа да өндіріспен айналысқан. Мәселен, саздан ыдыс жасап, қыш ыдыстар жасаған. Бұл экспонаттар темір дәуірінің соңы, ортағасырлар басына жатқызылады. Ұлы көші-қон кезеңіндегі бұйымдар көрсетілген. Маңғыстау солтүстігіндегі Алтынқазған, Қарақабақ деп аталатын ежелгі жерлеу орындарынан табылған. Ат әбзелдерінің көрінісі де көз алдымызға ұсынылды.

Экспозицияның басым бөлігі - зергерлік бұйымдар. 19-20 ғасыр басында ер адамдардың қолданған бұйымдары. Белдік күмістен немесе алтыннан жасалған. Шылым сақтайтық шақша да түпнұсқада,-деді экскурсовод.  

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Павлодар облысы

Павлодар облысы Потанин атындағы тарихи өлкетану музейінің экскурсовод жетекшісі Жеңісбек Қадірұлы көрмеге арнайы ең құнды жәдігерлерді әкелдік деп отыр.

Кезіндегі біздің өңірді VI-X ғасыр аралығында қимақтар мекен еткен деседі. Соның дәлелі ретінде Май ауданы Қызылеңбек ауылынан 2001 жылы қимақ батырының киім нұсқалары табылған еді. Атап айтсақ, дулығасы, сыртқы сауыты, ішкі сауыты, қанжары, қылышы. Соның барлығын қалпына келтіріп істеген,-деді Жеңісбек.

Оның айтуынша, қимақ батырларының киімінің салмағы 40 келіге дейін жеткен екен. Қимақтардың басшысын «Қаған» деп атаған. Сол себепті көрмеге қаған әкелінген. Сондай-ақ, қимақ мемлекеті кезіндегі бахадүр батырларымыздың қолына алған бес қаруы әкелінді. Шоқпар, айбалта, найза, қылыш, садақ, ер тоқым, сүйек үзеңгі, темір үзеңгі, ат әбзелдер – бәрі-бәрі этноауыл қонақтарының назарына ұсынылды.

Сол кездегі ұсталардың тістеуігін, ауыр балғаларын, торсық және мыс шелектерінің барлығы киіз үйіміздің төрінен орын алып отыр. Баянауылдан шыққан қазақтың түңғыш академигі Қаныш Сәтпаевтың тоны, киномыздың шоқ жұлдызы атанған Шәкен Аймановтың сахналық костюмы, Әлкей Марғұлан, әнші Естай Беркімбаев, аты аңызға айналған күміс көмей әнші Майра Шамсутдинованың ұстаған жеке заттары көрмеге қойылған. Осындай тау тұлғаларымызбен мақтанамыз,-деді Жеңісбек Қадірұлы.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи өлкетану музейінің экспозициялық бөлім меңгерушісі Альфия Бақпаева дүбірлі көшпенділер ойынына орай облыстық өлкетану музейі «Ұлы дала алтыны» атты көрме алып келгенін алға тартты.

Көрмеге 3 мыңнан астам экспонат әкелдік. Тарихи жәдігерлер. Арасында алтын бұйымдар бар. Ерте көшпелі мәдениетті көрсететін, дәріптейтін сақтар мәдениетіне қатысы бар 4 реконструкциямыз бар. Соның ішінде 4-ші Алтын адам 17-18 жастағы бозбаланың реконстукциясын айтуға болады. Оның қасында пышағы, қандары, қынысы қоса табылған. Көрмеге қорамсабына дейін алып келдік»,-деп түсіндірді бөлім меңгерушісі.

Құнды жәдігерлер ішінде Берел обасынан табылған «Сақ амазонкасы» деп аталып кеткен ханшайым әкелінді. Басында биік, күмбез тәріздес, қазіргі саукелеге ұқсайтын ерекше тәжі бар. Алтынмен жалатылған Берел ханшайымы бар. Қарақаба жерінен әкелінген ақсүйек тобынан шыққан ханшайым патша да назарға ұсынылды. 1998 жылы табылған 13 жирен аттың реконструкциясы да көрсетілді. Ол әйгілі Берел қорғанының 11-обасынан табылды. Көрме қызметкерлері бұл келуші туристер мен Еуропа елдерінің халықтарына қызықты деп сендірді. Өйткені ол дала өркениетінің болғандығын дәлелдейді. Бұл экспонаттар 5,7,8 ғасырларды қамтиды.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Жетісу облысы

Жетісу облыстық М.Тынышбаев атындағы тарихи өлкетану музейінің экскурсия жетекішісі Ақбота Салих көрмеге көптеген құнды экспонат әкелінгенін айтты. Боқпай бабамыздың үш ғасырлық тарихы бар қобызының түпнұсқасы бар. Қобыз қарағай ағашынан, бас жағы алтын, төменгі жағы күміс құйылып, жылқының қылымен жасалған. Тағы бір құнды жәдігер -  Ілияс Жансүгірұлының отбасы қолданған, балалары шомылған жез легені. Сондай-ақ, 1918 жылы жасалған ағаш төсек бар. 1932 жылғы асты киізден, беті былғарыдан қаптап жасалған тұс киізді ерекше атауға болады.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Шымкент қаласы

Шым қала тарихи-мәдени кешені, экскурсия бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Тұлбасы қызы Жауһар «дүбірлі додаға Шымкенттің ең құнды көне жәдігерлерін әкелдік» деді.

Мұнда І ғасырдан бастауын алған құнды экспонаттар қойылған. Алғашқы бөлімінде керамикалық бұйымдар бар. Шымкент қаласының маңынан табылған керамикалық дыбыстар, құмыралар, одан бөлек алхимиктер қолданған сфера конустарға дейін қойылған. Біздегі ең құнды экспонаттардың бірі - хижра жыл санағы бойынша 1295 жылы жарық көрген отбасылық заңнамалар. Одан бөлек этнографикалы бұйымдар бар. Киіз үй іші толық киізбен қапталып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайды. Музыкалық  аспап, бес қару, ұлттық киімге дейін көрініс тапқан,-деді бөлім меңгерушісі.

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Ұлытау облысы

Ұлытау облысы Жезқазған тарихи археологиялық музейінің ғылыми қызметкері Зияш Қадырбекқызы өлке экспонаттарымен таныстырды.

Қорымыздан көне жәдігерлік әкелдік. Бұл жерде өте құндылары көп. Тұс киіз, текемет, сырмақтар, көнеден келе жатқан малдың сүйегімен әшекейленген кебеже – солардың бірегейлері. Теріден жасалған саба, кесе қап, ер тұрман, құранды ер бар. Барлығы - өте құнды дүние,-деді ғылыми қызметкер.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Ақмола облысы

Ең құнды жәдігеріміз – сақ темір дәуіріне қатысты археологиялық қазбалар кезінде табылған жәдігерлер: жебенің ұштары, жүгеннің бөліктері, қол айна, пышақ, ақинақ,-деп көрме экспонаттарымен таныстырды  Ақмола облыстық өлкетану музейіндегі тарих бөлімінің ғылыми қызметкері Жексембек Қонысбек.

Аспалы қол айна ХIV-XVI ғасырларға тиесілі. Қалғаны сақ-скиф кезеңдеріне жатады. Шағатай тілінде жазылған ескі кітап та бар. Түпнұсқа. XVI ғасыр берен мылтығын да көрме қонақтары тамашалай алады.

Атырау қаласы

Атырау қаласының тарихи өлкетану музейінің экскурсоводы Парпеева Дильназ «музей жәдігерлергінің бетке ұстары - Аралтөбеде 1999 жылы табылған екінші Алтын адам» деді.

Үстіндегі киімінің 71-73 пайызы, ал құлағындағы сырғасы інжу маржанымен 91 пайызды көрсететін таза алтын. «Күміс әшекейлі ханша» деп айтаймыз. Бұл - реконструкция. Түпнұсқа музейде. Алтын орданың бұрынғы астанасы Сарайшық қаласынан табылған тиындар бар. Тиында араб тілінде жазылған сөздер бар. Сол кездің өзінде тиындардың өзіндік ерекшеліктері болды. Біреуінде ханның жылы жазылса, кейбірінде аңның суретті бейнеленген. Ерте темір дәуіріне тиесілі керамикалық құмыралардың жөні бөлек,-деді экскурсовод.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Қарағанды облысы

Қарағанды облыстық өлкетану музейінің ғылыми қызмткері Темірлан Серікұлы өлке атынан үш киіз үй құрылғанын айтты. Облыстық мұражай қоры ең бағалы жәдігерлер ұсынды. Қола дәуірінен бастауын алады.

Б.з.д 19 ғасырдың мыстан жасалған ыдыс аяқтары, ұстаралар, найза ұштары, сақина дала пирамидасынан табылған. Екінші қорғаннан сол қалпында сақталған алтын адамды табылды. Соның реконструкциясын әкелдік. Түпнұсқа Ұлттық музейде сақталған. 2022 жылы табылған қазанның ішінде темір дәуіріне жататын құбыжық бейнеленген. Мақсат - жамандықты қашырып, жақсылықты шақыру. Алтын сақиналар, айлалар да бар. Сақтардың қанжарлары, ақинаттарды көруге болады,-деді ол.

Киіз үй төрінде Болған ана реконструкциясы көрсетілген. Болған ана - Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның қызы. 2018 жылы Ұлытау ауданының археологтар Болған ана кесенесін зерттеу барысында керемет жәдігер табады. Сүйек қалдықтарына Герасимов методы бойынша бет әлпетін келтіреді. Кесененің ішінен табылған материалдар бойынша толық көшірмесін жасайды. Матадағы гүлді өрнектердің өзі келтіріліп жасалған. Болған ананың тас саркофаг ішінде айнасы, үзенгілері, ертоқымы бар.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Фото: Айнұр Оспанова/El.kz

Түркістан облысы

Түркістан облысының тарихи өлкетану музейінен Төлендиева Айгүл Сұлтанқызы көрмеге облыс атынан 375 жәдігер әкелінгенін мәлімдеді. Ең құндысы - этнографиялық жәдігер, ең соңғы хан Кенесарының қылышы. 1931 жылы немересі музейге сыйға табыстаған көрінеді.  

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Алматы облысы

Алматы облысының тарихи мұрасын таныстырған Нұрқожа Қадыр бірінші кезекте б.з.д. 8 ғасырға жататын қола қазанды көрсетті.

Бұл - Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылынан табылған оқыс жәдігер. Археологиялық қазба жұмысы нәтижесі емес. Қаңбалы қорық мұражайындағы тұрақтардан табылған әшекей бұйымдар. Қоладан жасалған сырға. Ұстара, сүйек, ине, садақшы мен бірге жебенің ұштары табылған болатын. Түпнұсқа. Б.з.д IV-V ғасырлардағы Есік қорғаны Алтын адам қасынан табылған қыш бұйымдары - құмыра, ыдыс табақша. Әшекей бұйымдары. Қапсырма, күміс тостаған, табақшан, түйме тоға тәріздес, тоғыз гүлді жапырақтан тұратын жапсырма. Мұның бәрі - алтыннан жасалған дүниелер,-деп бастады.

Келесі бірегей артефакті ретінде ХІХ ғасырға жататын қазақ жауынгерлерінің дулығасы таныстырылды. Сырты ирандық стильдегі өрнектермен безендірілген. Ұшар басында найзаның ұшы сияқты үшкір мұрындығы бар. "Жеңсе" деген білекті шауып кетуден қорғайтын қорғаныш жасалған. Теріден жасалған торсық, қандыға торсық та бар. Көші-қонға ыңғайлы кесеқап та осында. Күмістен жасалған білезік, жүзік, алқа сияқты әшекей бұйымдар витринада орналастырылған. Ағаш диірмен де ерекше экспонаттар қатарында.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Қостанай облысы

Қостанай облыстық тарихи өлкетану музейінің экскурсия және мәдени білім беру бөлімінің меңгерушісі Айбике Қазыбаева «құнды экспонат - антропоморфтық мүсін» деп таңқалдырды. Бұл – «Тобыл ойшылы» мүсіні. 2-3 мыңжылдықтарға жатады.

Тобыл ойшылы адамының аспанға қарап, ойланып отырғанын көруге болады. Салмағы - 4 келі. Ұзындығы - 202 мм. Сондай-ақ, Байтұрсыновтың ұстаған таяғы мен «Маса» атты кітабы да қойылды. Халық батыры 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістің бас сардары болған Амангелді Имановтың домбырасын да тамашалай аласыз. Домбыра, сүйек және ағашпен әшекейленіп жасалған. Имановтың оқшантайы, мыңбасы болған Ыбырай Атамбековтың капсулды мылтығы қойылып тұр. Амангелді Имановтың жақсы досы болған Кейкі батырдың кебежесі де сақталған,-деп қорытындылады Айбике Қазыбаева.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: