Этно-мәдени бірлестіктер мен жастар қанатының рөлі орасан - Светлана Ананьева

4 Мамыр, 11:15 885

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өткен еді. Сол жиында көтерілген мәселелерге қатысты El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар мен әлем әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Светлана Ананьева  пікірін білдірді.

Президент ҚХА жұмысын ерекше бағалап, саясат, экономика, рухани даму, ұлттық қауіпсіздік, әлемдік катаклизмдер мен халықаралық турбуленттік жағдайында тәрбиелеу сияқты маңызды мәселелерді көтерді. Жүйелі саяси реформалар мен жаңа экономикалық модель Қазақстан халқының әл-ауқатын  жақсартуға бағытталғаны сөзсіз. Сол себепті бұл реформаларды теңдесі жоқ, бірегей деп айтуға болады. Өскелең ұрпақты қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу позициясында тәрбиелеу, тарихи травмалар мен өкпе-реніштерден ада тұлға ретінде қалыптастыру – басты міндет,-деді Светлана Ананьева.  

Мемлекет басшысының «Біз әртүрліміз, бірақ біртұтаспыз», «Бірлік көптүрлілікте» принциптеріне, ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналып жатқан мемлекеттік тіл мәртебесіне көңіл аударуға шақырғанын айтқан ол, ел бірлігі мен төзімділігі тасқын сумен күрес кезінде көрінгенін алға тартты.

Бір жұдырықтай жұмылып, гуманитарлық көмек көрсету, зардап шеккен өңірлерге құрылыс материалдарын жөнелту сияқты игі істер жасалды. Бұл ретте этно-мәдени бірлестіктер мен жастар қанатының рөлі орасан зор болғанын айта кеткім келеді,- деді кафедра меңгерушісі.

Сондай-ақ ол Қазақстан халық ассамблеясының этно-мәдени бірлестіктер басшыларының орынбасарлары қызметіне жастарды тарту идеясына көзқарасының оң екенін айтып өтті.

Басшылық қызметке жастар келсе, тәжірибе, білім алмасу болады. Мемлекеттік тіл, қазақи салт-дәстүр мен мәдениетті дамыту басты назарда болса, біздің көпұлтты мемлекетіміздегі этностардың дәстүрлері де жалғасын табады,-деп қорытындылады Светлана Ананьева.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: