«Ет экспорттау мақсатында өсірген». 100-ден аса есек ұстап отырған қожалық анықталды

14 Мамыр, 14:12 2168

Шымкент қаласының маңында көп есекті «етін сату үшін бағып отыр» деген ақпарат тарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Видео авторы есектердің көптігіне таңғалып, оны не үшін бағып отырғанын анықтайды. Ол тіпті сойылған жануарлардың қалдығы жатқан жерді де көрсетеді.  

Құрамында Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, Шымкент қаласы «Ветеринариялық станция» кәсіпорны және Тұран ауданының учаскелік полиция қызметкерлері бар арнайы комиссия бейнежазбада көрсетілген жерге барып, тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 106 есек пен 36 бас ұсақ мал ұстап отырған шаруа қожалығы анықталды.

Есектің етін сату фактісі анықталған жоқ. Шаруа қожалығы иесінің айтуынша, ол есекті Қытайға ет экспорттау мақсатында өсірген, –  делінген Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарламасында. 

Қалалық Полиция департаменті шаруа қожалығының иесіне Шымкент қаласының аумағын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес айыппұл салынды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: