Қазақтың етін енді небәрі 5-7 минутта дайындап жеуге болады. Құлсары қаласының тұрғыны, кәсіпкер Анар Жүнісова ұлттық тағамдарды сублимациялау әдісімен өңдеп, ұзақ сақталатын әрі жолға алып жүруге ыңғайлы өнімге айналдырып жүр. Бүгінде ол еттен бөлек қымыз, шұбат, қазы, бауырсақ, құрт, ірімшік пен басқа да өнімдерді осы әдіспен шығарады. El.kz тілшісі Анар Жүнісовамен ерекше кәсіптің қалай басталғаны, сублимация технологиясының мүмкіндігі және ұлттық дәмді заманауи форматта ұсынудың қыр-сыры туралы әңгімелесті.
Банк қызметкерінен кәсіпкерлікке келді
Анар Жүнісова – үш баланың анасы. Мамандығы бойынша ақпараттық жүйелер саласының маманы. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін бірнеше жыл банк саласында еңбек еткен. Кейін әртүрлі кәсіпте өзін сынап көріп, ақырында ұлттық тағамдарды заманауи форматта ұсыну идеясын қолға алған.
Оның айтуынша, кәсіпкерлікке келу туралы шешім бір күнде қабылданбаған. Бұған дейін жинаған тәжірибесі мен түрлі бағыттағы ізденісі қазіргі кәсібінің қалыптасуына әсер еткен.
Кәсіпкерлікке бір күнде келген жоқпын. Әртүрлі бағытта өзімді сынап көрдім. Кейін ұлттық тағамдарымызды заманауи форматта ұсыну идеясын қолға алдым. Сублимация технологиясымен жұмыс істеп көргеннен кейін осы бағыттың болашағы бар екенін түсіндім. Негізгі мақсатым – қазақтың ұлттық тағамдарын тек өзімізге емес, Қазақстаннан тыс жерлерге де алып шығуға болатын заманауи өнімге айналдыру. Сонымен қатар өнімді көп көлемде шығару үшін цех ашқым келеді, – дейді кәсіпкер.
Анардың негізгі мамандығы кәсіпкерлікпен тікелей байланысты болмаса да, банк саласындағы тәжірибесі қазір өз ісін жүргізуге көмектесіп жүргенін айтады.
Фото: Анар Жүнісованың жеке архивінен
Бірнеше жыл банк саласында жұмыс істедім. Сол жерде клиентпен жұмыс істеу, жауапкершілік, тәртіп, қаржыға деген көзқарас сияқты көптеген нәрсені үйрендім. Қазір сол тәжірибем кәсіпкерлікте көп көмектесті, – дейді ол.
Ет, қымыз, шұбат, қазы – бәрі сублимацияланады
Кәсіпкер қолға алған бағыттың басты ерекшелігі – сублимация технологиясы. Бұл әдісте дайын өнімнің құрамындағы ылғал арнайы құрылғының көмегімен алынады. Соның арқасында тағам жеңілдеп, сақтау мерзімі ұзарады, ал дәмі мен негізгі қасиеттерін барынша сақтауға мүмкіндік туады.
Анар Жүнісованың айтуынша, бүгінде олар бір ғана етпен шектелмейді.
Біз қазақтың ұлттық тағамдарын сублимация әдісімен шығарамыз. Сублимация кезінде өнімнің құрамындағы су арнайы технология арқылы алынып, өнімнің дәмі мен негізгі қасиеттерін барынша сақтауға мүмкіндік береді. Қазір бізде сублимацияланған ет, қымыз, шұбат, ешкі сүті, қазы, бауырсақ, құрт, ірімшік, сүзбе сияқты ұлттық өнімдер бар. Сонымен қатар жемістер мен балмұздақты да сублимациялаймыз, – дейді ол.
Кәсіпкердің сөзінше, мұндағы басты мақсат – күнделікті дастарқанда тұтынатын тағамдарды сапарға, оқуға немесе шетелге алып кетуге қолайлы форматқа келтіру.
Дайын тағамды алып, оны ұзақ сақталатын, жеңіл әрі өзіңмен бірге алып жүруге ыңғайлы форматқа келтіреміз. Бұл әсіресе сапарға шыққан кезде қолайлы, – дейді Анар Жүнісова.
Фото: Анар Жүнісованың жеке архивінен
Ет 5-7 минутта дайын болады
Қазақ дастарқанының басты тағамының бірі – етті әзірлеу әдетте біраз уақыт алады. Ал сублимацияланған нұсқасын бірнеше минутта дайындауға болады.
Бір қаптамада шамамен 160 грамм өнім бар. Ол бір адамға арналған. Дайындау үшін тағамға ыстық су құйып, 5-7 минут күту жеткілікті.
Өнімнің түріне қарай қаптаманың салмағы әртүрлі. Мысалы, біздің сублимацияланған етіміздің көлемі шамамен 160 грамм және бір адамға арналған. Бағасы - 3500 теңге. Ең басты ерекшелігі – дайындау өте оңай. Қаптаманы ашып, ыстық су қосып, 5-7 минут күткеннен кейін ұлттық тағамды дайын күйінде жеуге болады, – дейді кәсіпкер.
Алайда бірнеше сағат әзірленетін дәстүрлі тағамды аз ғана минутта дайын болатын өнімге айналдыру оңай болмаған. Өйткені еттің дәмі әр отбасының дастарқанында әртүрлі болуы мүмкін.
«Ең қиыны – ұлттық дәмді жоғалтпау болды»
Кәсіпкер жаңа өнімді әзірлеу барысында технологияға ғана емес, еттің дәстүрлі дәмін сақтауға ерекше мән бергенін айтады.
Шынымды айтсам, оңай болған жоқ. Себебі ет – біздің ұлттық тағамымыз ғана емес, әр адамның өзінің үйренген дәмі бар тағам. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы технологияға бейімдей отырып, сол ұлттық дәмді жоғалтпау болды. Еттің дәмі, қамыры, сорпасы – бәрін сақтауға тырыстық, – дейді Анар.
Осылайша кәсіпкер дәстүрлі тағамның негізгі ерекшеліктерін сақтай отырып, оны жолға алып жүруге ыңғайлы әрі жылдам дайындалатын өнімге айналдырған.
Нәтижесінде дәстүрлі тағамды заманауи, жеңіл және жолға алып жүруге ыңғайлы форматта ұсынып отырмыз, – дейді ол.
Фото: Анар Жүнісованың жеке мұрағатынан
Өнім қалай ұзақ сақталады?
Сублимацияланған тағамның тағы бір ерекшелігі – сақтау мерзімінің ұзақтығы. Өнім түріне байланысты оны үш айдан алты айға дейін сақтауға болады.
Кәсіпкер мұндай нәтижеге консерванттардың көмегімен емес, ең алдымен өнім құрамындағы ылғалды азайту арқылы қол жеткізілетінін түсіндірді.
Бұл жерде негізгі рөлді сублимация технологиясы атқарады. Өнімнің құрамындағы ылғал арнайы құрылғы арқылы алынады. Ылғал азайған кезде өнімнің бұзылуына әсер ететін процестер де тежеледі. Одан кейін өнімді дұрыс қаптап, сыртқы ортадан қорғау маңызды. Біз вакуумды қаптама сияқты тәсілдерді қолданамыз. Әр өнімнің сақтау мерзімі оның құрамына және қаптама жағдайына байланысты болады, – дейді Анар Жүнісова.
Сублимация процесінің өзі де жылдам жүрмейді. Кәсіпкердің айтуынша, бір партия өнімді дайындауға шамамен екі күн қажет. Сондықтан әзірге өндіріс көлемі шағын. Қазіргі уақытта айына 100-150 қаптамаға дейін сублимацияланған ет шығарылады.
Қазір өндірісімізді біртіндеп арттырып жатырмыз. Сублимация процесінің өзі уақытты қажет етеді, бір партияны дайындауға шамамен екі күн кетеді. Қазіргі таңда етті айына 100-150 қаптамаға дейін шығарамыз. Алдағы мақсатымыз – өндірістік қуатты арттырып, өнімді Қазақстанның барлық өңіріне, кейін шетел нарығына шығару, – дейді кәсіпкер.
Фото: Анар Жүнісованың жеке архивінен
Кәсіпті бастауға несие алған
Ұлттық тағамдарды сублимациялау арнайы құрылғыны қажет етеді. Анар Жүнісова кәсіпті бастау кезінде «Таңдау» жобасына қатысып, қайтарымды несие алған. Қаржыға сублимация жасауға арналған құрылғы сатып алған.
«Таңдау» жобасына қатысып, қайтарымды несие алдым. Оған сублимация жасайтын құрылғы сатып алдым, – дейді ол.
Қазір кәсіпкер өндірісті Құлсары қаласында жүргізіп отыр. Өнім көлемін көбейту үшін болашақта жеке цех ашуды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.
Кәсіпкер өнім дайындауда шикізат сапасына ерекше көңіл бөлетінін айтады. Оның нағашы апасы ауылда төрт түлік мал ұстайды. Бұдан бөлек ет, сүт және жеміс-жидек секілді қажетті шикізатты мүмкіндігінше жергілікті жерден алуға тырысады.
Шикізатты негізінен сапасына қарай таңдап аламыз. Қырда нағашы апам төрт түлік мал бағады. Одан бөлек ет, сүт өнімдері, жемістер сияқты өнімдерді жергілікті жерден алуға тырысамыз, – дейді ол.
Алдағы уақытта кәсіпкер жергілікті шаруа қожалықтарымен жұмысты жүйелі жолға қоюды көздеп отыр.
Болашақта жергілікті шаруалармен байланысты одан әрі күшейтіп, тұрақты түрде жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Себебі өзіміздің жергілікті өнімді пайдалану – кәсіптің дамуына да, ауылдағы шаруаларға да үлкен қолдау деп ойлаймын, – дейді Анар Жүнісова.
«Шетелде оқитын балаларына алып кететіндер бар»
Алғашқы өнімдерді кәсіпкердің айналасындағы адамдар сатып алып көрген. Оның сөзінше, көпшілік үшін бірнеше минутта дайын болатын еттің өзі таңсық болған.
Кейін тапсырыс Құлсарыдан тыс өңірлерден де түсе бастаған. Қазір өнім Қазақстанның басқа қалаларына пошта және жеткізу қызметтері арқылы жіберіледі.
Фото: Анар Жүнісованың жеке архивінен
Алғашқы тұтынушыларымыз алыстан емес, айналамдағы адамдар болды. Олар алып көріп, ұнатып, таңғалып жатты. Қазіргі таңда тек Құлсары емес, Қазақстанның барлық қалаларына жеткізу қызметі және пошта арқылы жіберіп отырмын. Аллаға шүкір, бәрінен оң пікір алып жүрмін, – дейді кәсіпкер.
Әсіресе өнімнің ұзақ сақталуы мен жолда алып жүруге ыңғайлылығы сұранысқа әсер еткен. Анардың айтуынша, тапсырыс берушілердің арасында баласын басқа қалаға немесе шетелге оқуға жіберетін ата-аналар бар. Сондай-ақ емделу үшін шетелге ұзақ уақытқа кететін азаматтар да ұлттық тағамды өзімен бірге алып кетуге қызығушылық танытады.
Көбі балаларына оқуға, шетелде оқитын балаларына беріп жібереді. Кейбір адамдар «Үндістанға емделуге бара жатыр едік», «Қытайға әкемді емдетуге апара жатырмын, қазақтың етіне жететін тамақ жоқ қой» деп, көп мөлшерде тапсырыс беріп алып кетеді, – дейді ол.
Осы пікірлер кәсіпкерге өнімнің тек күнделікті тұтынуға арналған тағам емес, ұзақ сапарға шығатын адамдар үшін де қажетті өнім бола алатынын көрсеткен.
Әзірге өндіріс тек Құлсарыда
Қазір Maliboo Studios өнімдері Құлсарыда өндіріледі. Басқа өңірлерде жеке сауда нүктелері әзірге жоқ. Дегенмен тапсырыс берген тұтынушыларға өнім Қазақстанның өзге қалаларына жеткізіледі.
Қазіргі таңда тек Құлсарыда өндіріп жатырмыз. Басқа қалаларға жеткізу қызметі арқылы жібереміз. Өндіріс көлемін кеңейткеннен кейін басқа қалалардағы дүкендерге де өткізетін боламыз. Біздің үлкен мақсатымыз – өнімді Қазақстанның барлық өңіріне қолжетімді ету. Одан кейін шетел нарығына шығу жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.
Ұлттық тағамдар шығаратын кәсіптің атауы бір қарағанда қазақы ас мәзірімен тікелей байланыспайды. Анар Жүнісованың айтуынша, мұның өзіндік себебі бар. Ол брендті бастаған кезде кәсібін тек ұлттық тағамдармен шектеп қойғысы келмеген. Бұған дейін шоколадтағы құлпынай мен түрлі сыйлықтар да дайындаған.
Фото: Анар Жүнісованың жеке архивінен
«Maliboo» сөзі мен үшін жеңілдік, әдемілік, эмоция деген ассоциация береді. Сонымен қатар «Малибу» деген кәмпит атауы бар. Сондықтан ол маған тәтті, дәмді деген мағынаны елестетеді. Ал «Studios» – әртүрлі өнімдермен тәжірибе жасап, жаңа форматтар ойлап табатынымызды білдіреді. Басында шоколадтағы құлпынай, неше түрлі сыйлықтар жасайтынбыз, – дейді ол.
Сондықтан кәсіпкер бренд атауын болашақта бизнестің бағыты өзгерсе немесе жаңа өнімдер қосылса да қолдануға болатындай етіп таңдаған.
Maliboo Studios атауын алғаш бастаған кезде брендті тек ұлттық тағамдармен шектемей, болашақта әртүрлі бағытта дамытуға болатындай етіп таңдадым. Біздің ұстанымымыз – ұлттық құндылықты заманауи түрде ұсыну және адамдарға ерекше эмоция сыйлау, – дейді Анар.
Шетел нарығына шығу үшін не қажет?
Кәсіпкердің алға қойған негізгі мақсатының бірі – қазақстандық өнімді шетел нарығына шығару. Алайда ол үшін өндіріс көлемін көбейтумен қатар, өнімнің қаптамасын да халықаралық талаптарға сәйкестендіру қажет.
Анар Жүнісованың пікірінше, шетелдік тұтынушы өнімді алғаш қолына алған кезде оның құрамы, тағамдық құндылығы, сақтау шарты мен дайындау жолы туралы ақпаратты оңай түсіне алуы керек.
Шетел нарығына шыққанда ең алдымен қаптаманы халықаралық стандарттарға сай бейімдеу керек деп ойлаймын. Құрамы, тағамдық құндылығы, сақтау шарттары, дайындалу жолы бірнеше тілде түсінікті көрсетілуі керек, – дейді кәсіпкер.
Дегенмен ол шетелдік нарыққа бейімдеу үшін еттің дәмін өзгертуді дұрыс деп санамайды. Керісінше, өнімнің басты ерекшелігі оның қазақтың ұлттық тағамы екенінде деп есептейді.
Өнімнің өзіне келетін болсақ, мен оның ұлттық ерекшелігін өзгерткім келмейді. Себебі шетелге шығаратын өнімнің ең үлкен құндылығы – оның қазақтың ұлттық тағамы екенінде. Яғни сыртқы форматын заманауи етуге болады, бірақ дәмін жоғалтпау керек, – дейді Анар Жүнісова.
Фото: Анар Жүнісованың жеке архивінен
«Кәсіп пен отбасыны қатар алып жүру оңай емес»
Анар Жүнісова кәсіпкерлікті үш баланың тәрбиесімен қатар алып жүр. Қазіргі кәсібін өзі бастағанымен, бүгінде оның жанында командасы бар. Отбасы да кәсіпкердің бастамаларына қолдау көрсетеді.
Мен үш баланың анасымын. Кәсіп пен отбасыны қатар алып жүру оңай емес, бірақ мен үшін бұл – үлкен тәжірибе. Қазіргі кәсібім толықтай өзімнің бастамаммен дамып келе жатыр. Өзімнің командам бар. Әрине, отбасым да қолдау көрсетеді, – дейді ол.
Кәсіпкер алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, арнайы цех ашуды, өнім түрлерін көбейтуді және Қазақстанның барлық өңіріндегі дүкендерге шығаруды көздеп отыр. Одан кейінгі меже – шетел нарығы.
Оның ойынша, кәсіп бастау үшін барлық жағдайдың жасалуын немесе қолайлы сәттің келуін күтіп отыру міндетті емес.
Менің ойымша, кәсіпкер болу үшін міндетті түрде дайын мүмкіндік күтудің қажеті жоқ. Ең бастысы – бастау, іздену және бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу, – дейді Анар Жүнісова.
Бүгінде бірнеше минутта дайын болатын еттен бастап, сублимацияланған қымыз, шұбат, құрт пен бауырсаққа дейін жасап жүрген кәсіпкер үшін бұл тек бизнес емес. Оның көздегені – қазақтың дәстүрлі асын қазіргі өмір салтына бейімдеп, ұлттық дәмді Қазақстаннан тыс жерлерге де таныстыру.