«Ескі Қазақстан» өкілдерінің шетелге заңсыз алып кеткен капиталы елімізге қайтып жатыр ма?

6 Желтоқсан 2023, 10:57 1529

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Депутат Ерлан Саиров сыртқы істер министрінің өкіліне шетелге заңсыз кеткен капиталды қайтару жөнінде сауал тастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, Қазақстан мемлекеті шетелге заңсыз кеткен капиталды қайтару жөнінде жұмыс атқарып жатыр.

Осы келісімшарттың аясында сол басқа елден Қазақстанға «Ескі Қазақстан» өкілдерінің заңсыз алып кеткен капиталы елімізге қайтып жатқан жоқ па? Бүгінгі таңда Қазақстанның сыртқы қарызы жалпы ішкі өнімнің 25 пайызына жетті. Сіздер осы шетелден Қазақстанға қаржы әкелген кезде кредит пен инвестиция арасындағы аражікті қалай ашасыздар? – деп сұрақ қойды депутат.

Аталған сауалға сыртқы істер министрінің орынбасары міндетін атқарушы Назира Нұрбаева шетелге заңсыз шығарылған капитал Бас прокуратура басқарып жатқан комиссияның мәселесі екенін айтты.

Бүгінгі қарастырылып жатқан мәселе – шетелдік инвестицияны тарту және соларға ықпалын тигізу. Сіз айтып отырған жасырын инвестиция ма, жасырын емес пе, бұл мәселе мен айтқан комиссия шеңберінде қарастырылуы қажет деп ойлаймын. Ал сыртқы қарыздың өсіп жатқаны жөнінде айтатын болсам, қазіргі Қатардан үміттеніп жатқан инвестициялардың тізімін айта аламын. Бұл мәселе аясында 6 жоба бар. Нақты инвесторлар өзінің бизнесі негізінде капиталын құйып немесе банктен алатын қарыздар мемлекеттің қарызы саналмайды. Сол себепті мұны проблема деп айта алмаймын. Бұл жекеменшік бизнестердің өздерінің алатын қарызы болғандықтан, оны өздері өтейді, – деді сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: