Жыл сайын маусымнан қазанға дейін жабайы қарасораның өсуі мен пісуі кезеңінде өткізілетін «Қарасора» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын іске асыру жалғасып жатыр. Бұл туралы брифингте айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Серік Сұлтановтың айтуынша, арнайы операцияның өткен айында полицейлер 315 қылмысты анықтады, оның ішінде 121 өткізу фактісі, 49 есірткіні заңсыз сақтау фактісі, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 114 фактісі тіркелді.
Заңсыз айналымнан 6 тоннаға жуық түрлі есірткі тәркіленді, оның ішінде 900 кг марихуана, 63 кг гашиш, 12 кг синтетика және 700 грамнан астам героин бар. Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында өсірілген қарасораның 12 плантациясы жойылды. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру бойынша 114 қылмыстық іс, аса ірі мөлшерде есірткі өткізу бойынша 64 қылмыстық іс қозғалып, 154 күдікті ұсталды, – дейді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Серік Сұлтанов.
Оқи отырыңыз:
Бұған дейін есірткі саудасымен күреске бюджеттен 53,1 млрд теңге бөлінетіні хабарланған. Өткен аптада Жамбыл облысында ірі есірткі бизнесіне қатысты құқық бұзушылық болғаны анықталды. Белбасар ауылында автокөлікті тексеру кезінде 2 қап кептірілген марихуана табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 34 кг құраған.
2023 жылдың өткен кезеңінде есірткінің заңсыз айналымы саласында барлығы 1300-ден астам қылмыс анықталып, 765 сату фактісі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 8 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 168 кг синтетикалық түр тәркіленіп, 24 нарколаборатория таратылды. Төрт ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, 8 қылмыстық іс қозғалды, – деді ол.