Есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?

25 Қаңтар 2022, 22:56 10887

Дәрігер нарколог Тоқтар Қойшыбаевпен сұхбат

 

Қазір әлемде ең кең таралған психотропты заттардың бірі – синтетикалық есірткі болып табылады. Бүгінде өскелең ұрпақтың санасын улаған дертпен бүкіл әлем күресіп келеді.

Есірткіге тәуелділік неден туындайды? Адамдар неге есірткіге салынады? Синтетикалық есірткілердің қауіпі мен есірткіден арылу жолдары және тағы да басқа сауалдарға жауап алу үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қалалық психикалық денсаулық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барған болатынбыз. Сауалдарымызға орталықтың нарколог дәрігері Тоқтар Қойшыбаев жауап берді.


 


–Тоқтар Төлеуханұлы, бүгінде синтетикалық есірткіге әуестенген жастардың қатары көбейді. Оған не себеп?

 

– Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда есірткіге тәуелді 19 мың адам есепте тұр. Ал енді республика бойынша жалпы ішімдіктен, есірткіден және уытқұмарлықтан есепте тұрғандардың саны – 120 мың адам. Негізінен бұрын одан да жоғары көрсеткіш болған. Уақыт өте келе алдын алу шараларын жүргізілгендіктен көрсеткіш күннен күнге төмендеп келеді. Синтетикалық есірткіге әуестенген адамдардың қатарының артуы есірткі түрінің қолжетімділігінің кесірінен болып отыр.

 

(Суретте: Дәрігер нарколог Тоқтар Қойшыбаев)

– Есірткіге тәуелді адамдардың орташа жасы қандай?

 

– Өкінішке қарай, менің дәрігерлік тәжірибемді бастаған кезде біздің ауыр науқастардың жасы көбінесе 45-60 жас шамасындағы адамдар еді. Ол кезде нашақорлардың өмірі табиғи есірткіні қолданса, 10-15 жыл деп санаушы едік. Ал енді қазіргі кезде ең қауіптісі синтетикалық есірткілерді қолданған адамдардың өмірі өте қысқа. Орташа есеппен алсақ, нашақор табиғи есірткіні көп уақыт бойы қолданса, ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан дер кезінде ем қабылдау керек.

 

– Синтетикалық есірткілердің қауіпі неде?

 

– Синтетикалық есірткілердің қауіпі біріншіден, олардың оңай жасалынуында. Есірткінің бұл түрін өңдейтін адамдар білімі болмаса да, ғаламтордан әртүрлі ақпарат алып, жасай алады. Синтетикалық есірткіні жасау және құрылысын өзгерту де өте оңай. Бірақ онымен күресу қиын болады. Ол зат есірткі деп дәлелдеу үшін оның химиялық формуласын анықтап алу керек. Ол үшін әрине химиялық-токсикологиялық зертхана қажет. Бірақ та біздің Нұр-Сұлтан қаласындағы заманауи зертханаларды алсақ, 1500-дей есірткінің түрін анықтай алады. Мысалы синтетикалық есірткілердің бір тобын ғана алсақ, олардың кез келгенінің түрі 2500-ден асады. Ал енді қалғандарын айтсақ, олар одан да көп. Сондықтан қазіргі кезде көбі синтетикалық есірткілерді ғаламтор арқылы әр түрлі сайттардан жарнамалайды. Және жасөспірімдерді ақшаға қызықтырып, есірткі айналымын насихаттауға үгіттейді. Синтетикалық есірткілердің басты қауіпі осында.

 


– Синтетикалық есірткілер қандай түрде болады?

 

–Бүгінде шекара ашық,сондықтан синтетикалық есірткі түрінде емес, әр түрлі химиялық заттар ретінде бізге келеді. Мысалы, ванналарға салатын тұздар, әр түрлі еріткіштер, химиялық бояулар түрлі жолдармен жан-жақтан біздің мемлекетімізге кіріп, әрі қарай таралып жатыр.

 

– Есірткінің денсаулыққа әсері қандай?

 

– Синтетикалық есірткілер көбінесе біздің ағзамызға шылым ретінде немесе әр түрлі қоспа ретінде сусындармен, тағамдармен берілуі мүмкін. Немесе есірткі тұтынтындар оны иіскейді, шегеді. Ал енді біздің жастар есірткі болса, қан тамырлары арқылы екпе ретінде егілуі керек және сол үшін басқа жолмен қолдансақ қауіпсіз деп ойлауы мүмкін. Бірақ та бірінші қателік осында. Неге десеңіз, синтетикалық есірткілер жасанды. Олар толық зерттелмеген. Олар қолма-қол адамды әр түрлі қауіпті салдарын тудырады. Оны бірнеше топқа бөлуге болады. Ең қауіптісі – жүрек қантамырлары зақымданады.

 

 

Адам есірткі қоспасымен шылым шексе, міндетті түрде қан қысымы төмендеп, жүрегі қатты ауырып, есін жоғалтып, әлсіз жағдайда қалып қояды.Оның жанында көмек көрсететін медициналық қызметкерлер болмаса, біз адамды жоғалтып алуымыз мүмкін. Егер жедел жәрдем уақытында келсе, өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қазіргі кезде жүрек қан тамырлары аурулары салдары ең қауіпті саналады. Және бірінші орында тұр. Статистика бойынша қарап отырсақ бірінші, екінші немесе үшінші рет есірткі қолданған адамдар, денсаулықтары сау, жас адамдар. Олардың қатарында жасөспірімдер де бар.

 

– Есірткіге тәуелділік неден туындайды?

 

– Қазіргі кезде синтетикалық есірткілерді адамдар мастанамын, ләззат аламын деп қолданады. Есірткі ең алдымен адамның психикасына әсер етеді. Бір рет қолданса да адамда психоз туындайды. Психозға адамдардың 30-40% ұшырайды. Олардың көз алдарына әр түрлі қауіпті елестер көрінеді. Түрлі дауыстарды ести бастайды. Сондықтан олар содан қорқып, үрейленіп,өзіне немесе қоршаған ортадағы адамдарға қауіп төндіреді. Мысалы, Ресейді алсақ жылына ең кемі 10 мың адам өз-өзіне қол жұмсап, биік ғимараттан секіріп, өмірін қиып жатыр. Бұл есірткінің өте қауіпті салдары болып табылады. Психоз туындағанда адамның психикасында із қалады. Өмірде кездесетін әр түрлі күйзелістерге тұрақсыз болып қалады. Ызаға тез батады. Қорқыныш үрейшілік және депрессияға ұшырай бастайды.

 

Өткен айда маған қаралған науқас болды. Ол есірткінің дәмін бір рет қана таттым дейді. Өзі – 42 жаста. Отырыста отырып, ішіп отырған сусынына жасанды есірткіні енгізіп қойған. Сонда ол ер азамат екінші рет ұрттағанда қатты масайып кеткенін айтты. Масаюдан шыққаннан кейін, ертеңіне екінші дозаны іздеп кеткен. Өзі сау, бұрын ешқашан есірткі қолданбаған отбасылы азамат. Бір рет дәмін татып, бірнеше күн оны іздеп, қиналғаннан кейін бізге көмек сұрап келді. Сондықтан да мен әрқашанда жасөспірімдер мен азаматтарға айтатыным – бастапқы кезде қауіпсіздігін ойлауы тиіс. Нашақорлықты емдеу өте қиын. Ең алдымен әрбір адам өз қауіпсіздігін сақтауы қажет. Сондықтан ең алдымен кіммен бірге отырсың мұқият болуың керек. Біреудің қолынан ешқандай таблетка, ешқандай затты алма, оның дәмін татпа.Ол өте қауіпті. Қиын жағдайға тап болсаң, білместіктен есірткі пайдалансаң, қысқа мерзімде нарколог дәрігердің көмегіне жүгінуге болады. Біз оларды оңай тоқтатамыз.

 

– Нашақорлықты қанша уақытта емдеуге болады?

 

– Емдеу мерзімі үш, бес немесе он күн болуы мүмкін. Ем қолданып тоқтата аламыз. Қазіргі кезде біздің еміміз екі мерзімге бөлінеді. Бірінші мерзім – адам өз еркімен келсе, біз оны стационар арқылы немесе амбулаторлық жағдайда күндізгі стационарда емдей аламыз. Әр түрлі дәрілерді, физиотерапия, психотерапия қолданып, қысқа мерзімде емдеп, тоқтата аламыз. Оның ұйқысы, психикалық жағдайы қалпына келген соң, біз оған емнің екінші кезеңін ұсынамыз.

 

Әрбір адам өз еркімен келсе, емді бастаса ол өте жақсы. Неге десеңіз қазіргі кезде көбі наркологиядан есепке алады, бәрі біліп қояды деген қорқыныш туындауы мүмкін. Сол үшін олардың көбі уақытты жоғалтып алады. Емшіге барады, әр түрлі ақылы жеке орталықтарға барып уақытын жоғалтып алады. Олар арнайы мамандар емес. Біздің орталық сияқты мүмкіндіктер мен заманауи зертханалар ол орталықтарда жоқ. Біз керек болса, стационарлық және амбулаторлық түрде емдей аламыз. Өкінішке орай, көбі өз ауруын асқындырып алады. Есірткілер ақыл кемістігін де тудырады. Орталық жүйке жүйесіне зақым келтіреді. Сондықтан әрі қарай асқындырып алмас үшін өз уақытында бастапқы кезде ештеңеден қорықпай келу керек.

 


– Есірткі қолданатын адамдар наркологиялық есепте қанша мерзімге тұрады?

 

– Ресми түрде есірткі қолданатын адам заң бұзушылыққа немес қылмысқа барса, біз оларды еріксіз есепке аламыз. Оларды жасаған қылмысы үшін сотқа апаратын кезде біз оларды жан-жақтан зерттейміз. Сот бізге екі сұрақ қояды. Біріншісі – ол адам науқас па, екіншісі – тәуелділік бар ма және ем қолдану қажеттілігі. Егер нарколог дәрігерлер «иә» деп жауап беріп, нақтыланса, заң алдында жауапкершілігі жоғарылайды.

 

Нашақор адам заң бұзушылыққа бармай, бізге келсе, ол адамды емдеп жаза аламыз. Жалпы біз ішімдікке тәуелді адам 3 жыл, есірткіге тәуелді адамды 5 жыл диспансерлік есепте бақылауға аламыз. Олар заң бұзушылық жасағаннан кейін қоғамға деген қауіптілігі артады. Сондықтан есепте ұстаймыз. Нашақор осы мерзімде ішпей, емін дұрыс қабылдап, есірткіні қолданбай өз уақытында тоқтаса, біз оларды әрине мінездемесін тексеріп, есептен алып тастаймыз.

 

– Есірткі қолданған адамның өмір сүру ұзақтығы қанша?

 

– Қолдан жасалған есірткілердің кейбір түрін адам қолданса, 1-2 жыл ғана өмір сүреді. Жасөсіпірімдер қолданса, олардың көбісі есеймейді. Сондықтан бұл өте қауіпті деп санаймыз. Ал енді біздің орталықтағы адамдардың жасын алсақ көбі 29-30 жастағы адамдар. Олар жап-жас. Оның әлеуметтік бейнесін көрсетсек көбі орта білімді, орта арнайы білімді, отбасын құрмаған немесе ажырасып кеткен адамдар. Олардың қатарында жынысына қарай айтар болсақ әйелдер де, ер азаматтар да бар. Сөз соңында айтарым, нашақор дер кезінде емделген жағдайда ғана толық жазылып шығуға мүмкіндігі бар.

 

– Сұқбатыңызға рақмет!

 

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: