Есірткі бизнесі неге тыйылмай тұр?

23 Маусым 2023, 18:08 1364

Елімізде есірткіге қарсы күрес қалай жүзеге асып жатыр? Бұл бағыттағы жұмыстың өрістей түсуі үшін Ішкі істер министрлігі қандай жоспар әзірледі? Қазіргі таңда жасырын есірткі тасымалымен айналысатындарды қалай анықтайды? Бұл жайында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов сұхбат берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

El.kz: Былтыр Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында есірткіге тосқауыл кою туралы мәлімдеме жасаған еді. Осыған байланысты есірткіге қарсы күрес жоспары өзгерді ме?

Бақытжан Әмірханов: Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты былтырғы Жолдауында «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы екенін атап өтті. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын», деп мәлімдеді. Осы мәселеге қарай Ішкі істер министрлігі «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің үш жылға арналған кешенді жоспарын» (2023-2025 жылдарға) әзірледі. Кешенді жоспарда есірткінің қоғамға аса қауіпті түрлері, әсіресе синтетиканың жолын кесу, нашақорлыққа тәуелділікті ерте анықтауды енгізу, есірткіні қолданатын адамдар санын қалыптастыру, уәкілетті органдардың құзыреті мен мәртебесін арттыру, онымен қоса материалдық-техникалық жағдайды жақсарту жан-жақты қарастырылды.

El.kz: Сонда бұған дейінгі есірткіге қарсы күрес жоспары тиімді болмаған ба? Бұл кешенді жоспардың ерекшелігі қандай? 

Бақытжан Әмірханов: Бұл кешенді жоспардың бұрынғы құжаттарға қарағанда, бірқатар ерекшелігі бар екенін айта кеткен жөн. Бұрын ішкі істер органдары тек қылмыстық қудалаумен айналысып, қылмыскерлерді лайықты жазаға тартуды басты мақсатқа айналыдырып алған. Соның салдарынан уәкілетті орган ретіндегі үйлестіру міндеті екінші орынға сырғып кетті. Басқа мүдделі органдардың белсенділігі төмендеп, олардың жауапкершілік аймағы айқындалмай қалды. Яғни, қай орган нақты немен айналысатыны белгіленбеді. Осы себепті де ведомствоаралық қарым-қатынас тиімділігін көрсетпеді. Оған қоса, жүйелі түрде жеткіліксіз қаржыландыру салдарынан, материалдық-техникалық жағдай төмендеп кетті. Осының бәрі нашарқорлықтың себептерімен емес, тек салдарымен ғана күресуге алып келді.

Сол себепті кешенді жоспар жобасында ең бірінші Ішкі істер министрлігінің үйлестіру функциясын айқындалды. Соның негізінде әрбір органның міндеттері белгіленіп, іс-шараның басым бөлігі профилактикаға бағытталды, қаржыландыру көлемі де бекітілді. Орайы келгенде айта кету керек, бұл маңызды ұжатты әзірлеуге 2 мыңнан астам азамат, 10-ға жуық үкіметтік емес ұйым жұмылдырылды. Кешенді жоспарды дайындау барысында шетелдік тәжірибе де зерттелді. Былтыр Алматыда Орталық Азия өңірлік үйлестіру орталығының базасында халықаралық ұйымдардың Орталық Азия, Беларусь, Ресей және АҚШ елдерінің құзыретті органдары және бірқатар сарапшының қатысуымен жоспардың жобасы талқыланды. Осы отырыста аталған құжаттың ұлттық және транс-шекаралық деңгейде маңыздылығы аталып өтілді. Ұсынылған шараларға шетелдік білікті мамандар жоғары баға берген болатын.

El.kz: Есірткі жиі тасымалданатын аймақтар туралы не айтасыз? Жаңа әдісте бұл талқыланды ма? Жалпы, еліміздегі көрсеткішті айтып өтсеңіз...

Бақытжан Әмірханов: Бұл кешенді жоспар Парламент мәжілісінде, ведомствоаралық жұмыс тобында, Ішкі істер министрлігінің Есірткіге қарсы штабында талқыға салынды. Осы отырыста бүкіл ой-түйіндер, негізгі зерттеулер, мамандардың пікірі жан-жақты сарапталып, соның негізінде жалпы есірткі ахуалына 3 негізгі фактор әсер ететіні айқындалды. Бұл ең бірінші Орталық Азия елдері, Қазақстан, Ресей, одан әрі Еуропа маршруты арқылы, яғни «Солтүстік бағыт» бойынша ауған героинінің трафигі; екіншісі оңтүстік өңірлердегі каннабистік шикізат базасы (Шу алқабы және Қызылорда облысы); үшіншісі және ең қауіпті фактор – синтетиканың таралуы болып отыр.

2022 жылы құқық қорғау және арнайы органдар 3 мыңға жуық есірткі қылмысын анықтаған болатын. Оның 60 пайызы есірткіні сатуға қатысты тіркелді. Төрт ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, жетпіс шақты жасырын есірткі зертханасы жойылды. Тәркілгенген есірткінің көлемі 16 тонна болса, оның ішінде 5,7 тоннасы марихуана, 918 кг гашиш, 102 кг героин және 582 келісі синтетика. Ішкі істер органдарының қызметкерлері күні кеше ғана Алматы облысында 13 тонна прекурсордың заңсыз айналымының жолы кесті. Осы прекурсордан кемінде екі тонна 2 тонна мефедрон жасауға болады. Бұл дегеніңіз, шамамен 4 млн доза деген сөз. Былай қарасаңыз, есірткіге қарсы күрес қарқынды жүргізіліп жатыр. Тек биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында 518 есірткі қылмысы анықталса, оның 338-і өткізу фактісі, 59-ы контрабандаға қатысты тіркелген. Сондай-ақ есірткі тасымалымен айналысатын бір ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, 11 жасырын есірткі зертханасы жойылды. Осы аралықта 986 келі есірткі тәркіленді. Оның 317 келісі марихуана, 126 келісі гашиш, 81 келісі апиын, 417 келісі героин және 142 келісі синтетикалық есірткі болатын.

El.kz: Қарап отырсақ әлемдік мәселе. Сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда неге есірткі бизнесі ырыққа көнбей отыр?

Бақытжан Әмірханов: Мұның басты себебі, бүгінгі таңда есірткі бизнесінің кибер салаға көшкенінде болып отыр. Қазір есірткіні «телеграм-боттар» немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы кеңінен сатылады. Мысалға биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы интернет арқылы сатумен байланысты болып шыққаны осы сөзімізге дәлел. Әрине, ішкі істер органдары мұндай инкогнито интернет-дүкендерді жауып жатыр. Биыл осындай 604 есірткі сайты жабылды. Әйтсе де, бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені, жаңа сайттарды ашу одан да тез жүзеге асырылады. Ал оларды анықтау ұзақтау жүретін процесс. Ұйымдастырушыларын анықтау бұдан да күрделі. Көбі өздерінің қылмыстық әрекеттерін шетелде отырып-ақ жүзеге асыра береді. Осындай жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігі әзірлеген кешенді жоспарда ең бірінші заңсыз «контенттерді» тоқтату үшін заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтарды көбейту ұсынылып отыр. Атап айтқанда, арнайы қызметтерді «Аргус», «Айрис», «Тритон» сынды құралдармен қамтамасыз ету қолға алынуы тиіс. Бұл құралдар әлеуметтік желілер немесе сайттар арқылы есірткінің таралуын анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Кибернадзор» жүйесі де жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап ашылатын есірткі сайттарын онлайн түрде бұғаттай алады. Яғни, жасанды интеллект өзі анықтап, дереу тосқауыл қояды. Осы заманауи құрылғылардың көмегімен есірткі сайттарын ұйымдастыратын және оны пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік береді.

El.kz: Есірткіні жасырын түрде жасайтындар қалай анықталады?

Бақытжан Әмірханов: Жасырын жасайтындарды жеңіл тәсілмен анықтау үшін Ұлттық Ұланның арнайы бөлімдері «дрондармен» жабдықталатын болады. Бұл «дрондар» адам аяғы баспайтын жерлерде егілетін қарасора, яғни «конопля» аймақтарын әуе барлауын жүргізу арқылы анықтайды. Сонымен бірге «газо-анализатор» арқылы есірткі зертханаларын анықтауға болады. Кешенді жоспарда қарастырылған үшінші бағыт – есірткі сараптамасының сапалық деңгейін көтеру. Біздің елімізде алғашқы синтетикалық есірткілер шамамен 10 жыл бұрын пайда бола бастады. Ал, зерттеу құралдары мен әдістемесі әлі сол ескі күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда «синтетиканың» күн сайын жаңа түрлері шығып жатыр. Соңғы төрт жылда тәркіленген «синтетика» санының жүз есеге өсуі осы сөзіме дәлел.

El.kz: Сот сарапатамасы қалай жасалады? Сонымен бірге кешенді жоспардың төртінші бағыты туралы түсіндірсеңіз?

Бақытжан Әмірханов: Синтетикалық есірткілердің сот сараптамасы күрделі санатқа жататынын да айта кеткен абзал. Мұндай сараптаманы өткізуге бір ай немесе одан да көп уақыт кетеді. Бұл өз кезегінде тергеу сапасына кері әсерін тигізеді. Өйткені күдіктілерге қарсы «жазаның бұлтартпастық» принципі сақталмайды. Себебі сарапшының қорытындысы шықпай, «қамаққа алу» шарасын қолдану мүмкін емес. Соның салдарынан қазір жүзден астам қылмыскер іздеуде жүр. Егер сот сараптамасы органдары заманауи және сапалы құралдармен жабдықталса, сараптама да тез арада жасалып, соның қорынындысы бойынша күдіктіге қамаққа алу шарасы жедел жүзеге асырылар еді. Сондықтан, кешенді жоспарда сот сараптамасы органдарын заманауи және сапалы құралдармен жабдықтауға баса назар аударылды.

Кешенді жоспар келесі кезекте, яғни төртінші бағыт ретінде есірткіге тәуелді адамдарды емдеу және оңалту, сондай-ақ профилактиканың тиімді жүйесін қалыптастыруды қарастырады. Ашығын айтар болсақ, бүгінде нашақорлардың нақты және сенімді есебі жоқ. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, нашақорлрдың нақты саны ресми деректерден кемінде бес есе көп болуы мүмкін. Сол себепті толыққанды есепті қалыптастыру үшін мәліметтерді әртүрлі дерекөздерден алу ұсынылады. Қазіргі уақытта, өкінішке орай, есірткі пайдалану фактілері тіпті оқушылар қатарынан анықталуда.

Сондықтан, келешекте скрининг өткізу жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл – қоғамның нашақорлық деңгейін объективті түрде бағалауға және есірткіге тәуелді адамды, әсіресе жасөспірімдер арасындағы нашақорларды ерте бастан анықтауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ наркологиялық көмек пен қайта оңалту сапасын арттыру қажет деп есептейміз. Ол үшін алдымен наркологиялық диспансерлерді жаңартып, жөндеуден өткізіп, емдеу-еңбек шеберханаларын құрған дұрыс.

El.kz: Осы мәселемен күрес шекара шебінде қалай жүріп жатыр? Шекаралас мемлекеттерден жүк ағыны арқылы жиі келетінін айтылып жатады. Мұны қалай алдын алдыңыздар?

Бақытжан Әмірханов: Иә мұндай мәселе бар. Кешенді жоспардың бесінші бағытында есірткі тасымалына ерекше мән берілді. Өйткені қазіргі таңда транзиттік есірткілер және «синтетиканы» дайындауға арналған прекурсорлар шекаралас мемлекеттерден жүк ағынымен көптеп келіп жатыр. Тасымалдаушылар прекурсорларды халық тұтынатын тауарлар немесе заңды химиялық заттар түрінде жасырын өткізеді. Сол себептен де кешенді жоспарда мемлекеттік шекараны тексеру құралдарымен қамтамасыз ету ұсынылып отыр. Аталған кешенді жоспар жүзеге асырылғанда бүгінде қоғамның ең қауіпті індетіне айналған нашақорлық деңгейін азайтуға мүмкіндік туады. Ұлтымыздың болашағын қорғауда үлкен рөл атқарады. Өйткені, бүгінгі жастар мен жасөсіпірімдер ұлтымыздың ертеңгі болашағы, жарқын келешегі. Біз өз келешегімізді қорғау жолында бүкіл қажетті шараларды қабылдап, қолдан келер іске аянбауға тиіспіз.

El.kz: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әділет МҰСАХАЕВ
Бөлісу: