Есінеу туралы 10 қызықты факт

30 Қараша 2023, 16:20 2587

Есінеу – еріксіз тыныс алу қозғалысы, қандағы көмірқышқыл газының мөлшері көбейіп кеткенде, органдарды оттекпен қамтамасыз етуге бағытталған организмнің рефлекторлық реакциясы. El.kz ақпарат агенттігі есінеу туралы он қызықты деректі ұсынады.

1. Есінеу миды «салқындатады»

Ғалымдар әлі күнге дейін неліктен тіршілік иелері есінейтінін таба алмай келеді. Нью‑Йорктағы университет докторлары зерттеу жүргізгенде қандағы оттегі мен есінеу арасындағы байланысты біле алмағанымен, мидың температурасына әсер ететінін байқаған. Адамдар ыстықтағанда ауаны ауызбен көбірек жұта бастайды. Бұл миды салқындатуға көмектеседі екен. Сондықтан, адам есінегенде көп ауа бас қаңқасының айналасындағы бұлшықетті кере бастайды. Бұл басқа салқын қанның келуіне себеп болады.

2. Адамдар бір уақытта есінеп, жылай алады

Есінегенде көзден жас шығуы бет бұлшықеттеріне байланысты. Есінегенде жақты қатты кереміз, ал ол өз кезегінде көзжас безіне қысым түсіреді.

3. Есінеп өкпені «жыртып» алуға болады

Есінеу ең қауіпсіз іс сияқты көрінгенмен, олай емес. Мысалы, Ухан қаласында Оу есімді адам жұмысқа асығып бара жатып, қолын қатты созып, есінесе керек. Осының кесірінен өкпесінде тесік пайда болған, бұл пневмоторакс деп аталады. Ол бұған көңіл бөлмей жұмысына кете берсе керек, уақыт өте келе өкпе тұсының сыздағаны соншалық, ауруханадан бір-ақ шығыпты. Оуды емдеген дәрігер Чэнь Баоцзюнь пневмоторакске бойы ұзын, арық 18 бен 30 жас аралығындағы адамдар бейім екенін аңғарған. Оудің бойы 180 см болса, салмағы бар болғаны алпыс келі болған екен.

4. Жақты да шығарып алу қаупі бар

Отыз төрт жастағы Бен Шайр есімді ағылшындық қатты есінегені соншалық жағын шығарып алып, не дем алмай, не жұтына алмай қалған. Оны дәл уақытында байқаған әйелі құтқарып қалыпты. Хирургтар төрт сағат бойы Беннің жағын орнына келтіріпті. Сондықтан, есінегенде де қауіпсіздік шараларын ұмытпағаныңыз жөн.

5. Сіз есінегенде ми дофамин бөледі

Ілгеріде айтқан қауіптерге қарамай, есінеудің аз-кем пайдасы бар екен. Есінегенде ми дофаминнің үлкен бөлігін жұтады, онымен қоса, азот оксиді, серотонин мен окситоцинге қарық болады. Ал олар стреспен жақсы күреседі. Нью‑Йорк штатының Политехникалық институтының психологы Эндрю Гэллаптың сөзінше, жүйке жүйеңіз жұқарып, мазаңыз кетіп тұрса, өзіңізді есінуге итермелеңіз, лезде өз-өзіңізге келесіз.

6. Есінеу адамдарға жұғады

70% адамдар есінеп жатқандарды көріп, бірден өзі де соны қайталайды екен. Тіпті, бейнежазбадан, суреттен көрудің өзі әсер етеді. Ғалымдар мұны эмпатия деңгейімен байланыстырады, яғни басқа адамның жағдайын түсінумен теңестіреді. Бірақ аутистикалық спектрда бұзылыстары бар жандар мұндай провакацияға түспейді.

7. Жануарларға да жұғады

Есінеу адамдарға ғана жұғып қоймай, иттерге де әсер етеді. Олар егелеріне қарап, не болмаса жай өтіп бара жатқан адам есінегенін көргеннің өзінде соны қайталауы мүмкін.

Жаңа Зеландиядағы Окленд университетінің психологтары осы арқылы ит өзінің иесіне адалдығын білдіретіндігіме түсіндіреді.  Шимпанзе, бонобо маймылдары мен қасқырлар да бір бірін қайталап, жаппай есінейтін көрінеді.

8. Айналасындағыларға еріп әйелдер ерлерге қарағанда көбірек есінейді

Италиядағы Пизан университетінің биологтары есінеп жатқандарды қарап ерлермен салыстырғанда 34,5% жиі қайталадйы екен. Ғалымдар мұны әйелдердің эмпатиясы ерлерге қарағанда жоғарылығымен түсіндіреді.

9. Кішкентай балалар мен психопаттар қайталамайды

Бес жасқа дейінгі балалардың эмпатия деңгейі төмен болғандықтан, айналасындағыларға еріп есінемейді. Сонымен қатар, адамдарды түсіну сезімі өшкен психопаттарға да бұл «ауру» жұқпайды.

10. Есінеу туралы оқығанның өзі есінетеді

Пенсильваниядағы Темпл университетенің ғалымдары көп адам есінеу туралы оқығанның өзінде есінейтінін дәлелдеген. Солай емес пе?

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: