Ешқандай миграциялық шектеу жоқ. Тамара Дүйсенова мәлімдемесін түзетті

29 Тамыз 2023, 19:01 2600

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Тамара Дүйсенова Астанаға көшіп келушілерге қатысты журналистердің сұрағын дұрыс түсінбегенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Үкімет отырысынан соң елордаға көшіп келушілер санына шектеу қоюға ниетті екендігі туралы ақпарат тараған болатын. Қазір шенеуніктер арнайы заңнамаға түзетулер мен өзгерістер енгізіп жатқанын айтқан еді.

Бірақ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өкілі шектеу туралы ешқандай сөз болмағанын айтып отыр. Оның сөзінше, ол өзгерістер мен толықтырулар болатынын ғана айтқан.

Өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Жұмыс тобы барлық сұрақтарды қамтитын болады. Қыркүйекте алғашқы мәліметтерді айтатын боламыз деп айттым, - деді Асқарбек Ертаев.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елордаға бақылаусыз көші-қон туралы шектеуге қатысты Үкімет отырысының аясында “бұл - дұрыс шешім” деп айтқан болатын.

Қазіргі уақытта бұл дұрыс шешім деп ойлаймын, өйткені елорданың әлеуметтік инфрақұрылымы дайын емес. Ол дайын болған кезде және тиісті мүмкіндіктер болған кезде, оны көбейтуге болады деген болатын Дүйсенова.

Демографтар мұны қазақстандықтардың конституциялық құқығын бұзу деп айыптады.

Алайда Дүйсенованың сөзінше, ешқандай миграциялық шектеу жоқ. Күндіз ол журналистердің сауалын дұрыс естімегендіктен, түсініспеушілік туындаған.

Менің шектеу деп айтқаным бас жоспарға байланысты тұрғын үй салу бойынша. Сондай-ақ Астанада тұратындар қалада тіркелуі керек. Егер тіркеу мерзімі өтіп кетсе, жалға берген азамат жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда Астанаға келіп, гараждарда тұрып жатқан азаматтар бар. Сол үйді жалға берушілер тексерілетін болады. Жалға берілу үшін адам басына шаққанда 15 квадраттан жоғары болуы керек,- деді ол.

Журналистердің “15 квадраттан асуы  керек деген шарт тұрмысын түзеу үшін келген қазақстандықтарға соққы болмай ма? Бұл бастамаңыз қоғам сынына ұшырайды деп ойламайсыз ба?” деген сұрағына “аядай ғана жерде 100 адам тұруы дұрыс па?” деп қарсы сауал қойды.

Айта кетейік, Астанада жазда сумен, қыста жылумен қамту бас ауруға айналған. Журналистер осы туралы “Үкімет мәселені шектеумен емес, инфрақұрылымды жақсартумен шешуі керек емес пе?” деп сұрады.

Өз кезегінде Дүйсенова қаланың инфрақұрылымын жақсарту Үкіметтің емес, қала әкімдігінің құзыретіне  кіретінін айтты.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: