«Ешкімнен ешқашан әндерімді қызғанған емеспін»: Қазыбек Құрайыш Дариға Бадықоваға жауап берді

14 Қараша 2023, 15:45 2428

Әнші бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өнер иесінің сөзіне қарағанда, ол актрисаның неліктен бұлай дегенін түсінбейді екен. Себебі ол әнін тегін-ақ беруге келіскен.

Жазбай-ақ қояйын деп едім, қоймадыңыздар. Алғашында бұл кісілерге ренжігенім рас. Маған  дұрыс «подходпен» келсе, ешкімнен ешқашан әндерімді қызғанған емеспін. Оны кино саласында жүргендердің бәрі де білетін шығар. Барлық фильмдерге әндерім тегін кетеді. Жобамен 10-ға жуық фильмде әндерімнен үзінді бар, біреуінен де ақша сұраған емеспін. Бұл - бір. Екіншісі - мен бұл кісілерге продюсер-спонсор болған үлкен апайымызға «Мейлі, әнді ала беріңіздер, қарсы емеспін. Ақшаның керегі жоқ» деп айтқанмын негізі. Енді неге қоспағанын және бағдарламаға келіп, әпкеміздің неге осылай айтып отырғанын түсінбедім, - деді әнші.

Сонымен қатар кино үшін әнді тегін сұрайтын продюсерлерге де ренішін жеткізді. Әнші өзінің ары таза екенін де алға тартты.

Жалпы мен әндерімді ешкімге беруге міндетті емеспін. Сосын бір айтарым бар: «Мен өз ақшама кино түсіріп жатыр едім. Қаражатымыз жоқ, көмек беріңізші» дейтін болсаңыздар, кино түсірмей-ақ қойыңыздаршы. Музыканттарыма барып «концертімді өзім жасап жатыр едім, маған тегін ойнап беріңдерші немесе жарықты тегін қойып, видеоны тегін түсіріп беріңдерші» деп айтқан емеспін. Ол дұрыс емес. Кейбір доспыз-ау деген кино түсіріп жүрген азаматтарға мен ұйықтамай отырып, арнайы авторлық әндер жазып беріп те жүрмін. «Рақметіміз бар» деп жоқ болып кеткендерді атын айтпай-ақ қояйын. Не десеңдер де арым таза. Аман болыңыздар, - деп жазды әнші.

Айта кетейік, жуырда Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені» атты фильмі жарық көрмек. Осы орайда актриса әрі өзін алғаш рет продюсер ретінде бағын сынап көрген Бадықова киноға саундрек іздеп біраз композиторға хабарласқан. Соның ішінде
Қазыбек Құрайыш та болған. Дегенмен актрисаның сөзінше, әнші өтінішін жауапсыз қалдырып, кейіннен бере алмайтынын айтқан.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: