Өткен жексенбіде Kunde әлеуметтік кафесіне жолымыз түсті. Бұл жер 20 шақты менталды ерекшелігі бар адамды жұмыспен қамтып отыр. Соның ішінде ДЦП, аутизм, Даун синдромы, шизофрения, ақыл-ой кемістігі бар адамдар жұмыс істейді. Олар 10 жылдан бері елорда тұрғындарына қуаныш сыйлап жүр.
Ерекше адамдар еңбек ететін жер
Әлеуметтік кафе Назарбаев университетінің ішінде орналасқан. Кіріп-шығу оңай емес. Бір күн бұрын алдын ала тіркеуден өтіп, уақыт белгілейсіз. Расымен, міндетті түрде келіп, ерекше бариста Арманның қолынан кофе ішіңіз. Еліміздегі ең осал топтың жағдайын бақылап, әлеуметтену сатысынан қалай өтіп жатқанына куә боласыз. Біз де бос жүрмей, Гүлсапар Әлішер атты ерекше кейіпкер тауып алдық.
«Арбатта қолөнер бұйымдарын саттым»
Гүлсапар 1996 жылы Шымкент қаласы, Төле би ауданында дүниеге келген. Екінші топтағы мүгедек, сол аяғы оң аяғынан кем, бас эпилепсиясы диагнозы бар. 9 сыныпқа дейін Түркістан облысы, Көксерек ауданындағы мектеп-интернатта білім алған. Одан кейін Кентау қаласындағы мүгедектерге арналған лицей-колледжде ЭВМ операторы мамандығына оқуға түседі. Алайда екі жылдан соң денсаулығына байланысты академиялық демалыс алады. Кейіннен ата-анасы қайтыс болып, оқуын жалғастыра алмайды.
Астанаға келгеніме 3 жыл болды. Отбасымда үш ағайындымыз, екі ағам бар. Екінші ағам осында жұмыс істейді. Жеңгем екеуі қояр да қоймай шақырып алды. Үлкен қалада мүгедектер үшін де үлкен мүмкіндік барын айтты. Алдымен демалыс ретінде, сергіп қайтуға келгенмін. Ағам айтқандай, бізге де жұмыс барына көзім жеткен соң, қалып қалдым, – дейді ол.
Сынаққа сынбаған ару
Гүлсапар әуелде Есілдің бойында, арбатта қолөнер бұйымдарын сатқан. Осылайша, бір жыл зулап өтіп кеткен. Арада біршама уақыт жұмыссыз жүргені тағы бар. Бірде мүгедек баласы бар нағашы жеңгесі қалада Kunde атты әлеуметтік кафе жұмысшы іздеп жатқанын айтқан. Кейіпкеріміздің айтуынша, баласының болашағына алаңдаған ана мүгедек баланың әлеументтенуі үшін жаңалықтың бәрін жіті қадағалап отырады.
Сөйтіп, жеңгем екеуміз Kunde-ге келіп, атқарушы директор Салтанат Әбілдаханқызымен сұхбаттастық. Тәжірибеден өтіп, жұмысқа қабылдандым. Осында еңбек етіп жүргеніме 1,5 жыл болды. Жұмысым өзіме ұнайды. Тату ұжымбыз, бір-бірімізді жақсы түсінеміз, – дейді ол.
«Алғашқы жалақыма құлаққап пен сағат сатып алдым»
Гүлсапар осы кафедегі алғашқы жалақысына аға-жеңгесін дәмханаға шақырып, қалғанына керек-жарақ сатып алған. Өзін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінгеніне шексіз қуанған. Әлеуметтік осал топты ортаға бейімдеп, көп нәрсе үйреткен басшыларына дән риза.
Мұнда орта таптым, достар таптым. Күн сайын адамдармен сөйлесіп, өзіңнің қоғамға керек екеніңді сезінуден артық не бар? Аға-жеңгеме қаржылай көмектессем дейтін ойым бар еді. Әрине, олар қайта мені демеуге тырысады. Сонда да тапқанымды бөлісемін. Ешкімге масыл болмай, өз қолың аузыңа жеткенінің өзі – бақыт, – дейді ол.
Kunde – жаңа өмірдің бастауы
Кафенің атқарушы директоры Салтанаттың айтуынша, алғашында Гүлсапарды аспаздың көмекшісі ретінде жұмысқа алғысы келген. Асханада тәжірибеден өткені тағы бар. Бірақ оның бойы кішкентай болған соң, оны даяршы қызметіне ауыстырған.
Кафеде 20 шақты ерекше қызметкеріміз бар. Олар сары түсті футболка киеді. Біз жасыл түстісін киеміз. Содан-ақ сізге кімнің қызмет көрсетіп жатқанын білуге болады. Әркімнің жағдайына қараймыз, сөйлесеміз. Мұнда психолог бар. Шамамыз жеткенде тимбилдинг ұйымдастырамыз. Мысалы, биыл жаңа жылдық кеште Гүлсапардың ән айтатынын біліп, таңғалдық. Оның бойында өнер тұнып тұр. Қолынан бәрі келеді. Өжет, айтқанынан қайтпайтын, батыл қыз, – дейді Салтанат Әбілдаханқызы.
«Йогаға қатысып, арқамды түзесем деймін»
Атқарушы директордың әңгімесін жымия тыңдаған Гүлсапар биді де билеп, ән айтатынын айтты. Бірақ сколиоздың кесірінен арқа сүйегі ашылып кеткен. Сол үшін қолы қалт ете қалса, массаж алып, Паралимпиадалық орталыққа қарай асығады. Ол мұнда да нағашы жеңгесінің айтуымен келген екен.
Өзімді сынап көру үшін Паралимпиадалық орталыққа барамын. Аз-маз тоғызқұмалақ, дойбы, бестемше ойнайтыным бар. Орталықта тоғызқұмалақтан, боччадан өткен жарыста жүлдегер атанғанмын. Мұнда мүмкіндік көп. Ерінбей, қысылмай барып, көру керек. Әлеуметтік желіден өзімдікі сияқты диагнозы бар шетелдік қызды бақылап отырамын. Оның айтуынша, бір жыл бойы үздіксіз йогаға барып, арқасын сәл-пәл қалпына келтіріпті. Мен де осы орталықтағы йога курсына қатысып, денсаулығыма көңіл бөлуге тырысамын, – дейді ол.
Kunde-ге күнде келетін адамдар бар
Көргеніңіздей, кейіпкеріміз сынаққа сынбай, қайта алға нық қадам жасап келе жатыр. Алға қойған мақсаты бар. Даяршы болып қалмай, бариста ретінде кофе қайнатқысы бар. Қолы қалт еткенде кофе атауын жаттап, зерттеп жүр. Реті келсе, аспаздың көмекшісі атанғысы-ақ келеді. Күнделікті тамақты бір кісідей пісіреді. Ал Kunde-ге келген соң шетел тағамдарының дәмін татып көрген.
Күнде неше түрлі адам келеді. Рақметін айтып, жылы шырай танытады. Әсіресе, шетелдіктердің ілтипаты бөлек. Кейде тәтті сыйлап, шайпұл тастап кетеді. Ағылшын тілін үйренсем деймін. Өйткені күн құрғатпай келетін тұрақты клиенттеріміз бар. Мысалы, жапон профессоры күнде рамен жеп, имбир қосылған шай ішеді. Түрік оқытушы том-ямға тапсырыс береді. Тағы бір профессорлар пицца жеп кетеді. Олар бізді осылай демеп жүр. Әйтпесе, осы университеттің ішінде не көп, дәмхана көп емес пе?!, – дейді ол.
«Тұйықталма, өмірден өзіңе керегін ал!»
Гүлсапар бос уақытында бауырларына қарасып, үй ішіне көмектеседі. Ауылдағы ағасына да хабарласып, жаңалығын айтады. Туысқандары Kunde кафесінің әлеуметтік желідегі парақшасын бақылайды. Олардың Гүлсапар түскен бейнеүзікті бөлісіп, мақтанатыны тағы бар. Осы әрекет оны да өмірді сүюге, жетістікке жетуге талпындырады.
Өзім секілді мүгедектерге айтарым, ұялмаңдар! Сұрағанның ұяты жоқ. Білмесең, қысылма, қайта үйренуге тырыс. Тұйықталудың керегі жоқ. Бәріміз бірдей адамбыз. Өзіңді қабылда, жұмыс істе, менің қолымнан келсе, сенің де қолыңнан келеді. Жан-жақты көріп, адамдардың жылы шырай танытатынын көрген соң, осы дүниеге керек екеніңді түсінесің. Өзің де үй-ішіңе көмектесе алатыныңды, табыс таба алатыныңды түйсінген ғанибет. Сондықтан бір орында тоқтамай, әлемнің бар мүмкіндігін пайдалан, – дейді кейіпкеріміз.
Сен де үлесіңді қос!
Иә, бұл кафеде түрлі тағдыр иесі жұмыс істейді. Бір-біріне қамқор, жүзінен күлкі кетпейтін адамдарды көріп, біз де марқайып қалдық. Kunde-нің негізін салған Дамирдың айтуынша, мұнда үш жұп отау құрған. ДЦП диагнозы бар қыз бен ақыл-ой кемістігі бар жігіт үйленіп, дені сау бала дүниеге келген.
Атқарушы директор Салтанаттың айтуынша, кафе 2016 жылы Астанада, 2024 жылы Алматыда ашылған. Оңтүстік астанада үш филиалы бар. Елордадағы бөлімде істейтін ерекше жандардың жалақысын жұмыспен қамту орталығы төлейді. Ал кафеден түскен пайда менталды ерекшеліктері бар адамдардың әлеуметтенуіне жұмсалады. Көбінесе, кафені жүргізуден бөлек, олар кофе-брейкке тапсырыс қабылдайды. Мысалы, олар университетте өткен семинарда 600 адамға қызмет көрсеткен. Ал ең қомақты тапсырыс TedX ұйымдастырушыларынан түскен.
Айта кетерлігі, кафе мамыр-шілде, қаңтар-ақпан айында шығынын жаппай қалады. Өйткені студент аяғы басылса, табыс жоқ. Сондықтан олар елордадан тағы бір филиал ашуды жоспарлап жүр. Әзірге жалдау ақысын қалта көтеретіндей ғимарат таппаған.